Аспан асты, жер үсті 0 пікір 3050 лайк

Ұрпақ тәрбиесi – ұлт болашағы

Ақпан 09 / 2019

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен және өңір ардагерлерімен бас қосып, соңғы кездері қоғамда орын алған келеңсіз оқиғалардың алдын алуға бір кісідей атсалысуға шақырды. Жиында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, жазушы Мархабат Байғұт сынды ел ағалары бастаған игі жақсылар өз ойларын ортаға салды.

 

Өңір басшысы, ең алдымен, Түркістан облысында өткен жылы атқарылған оңды істерге тоқталып өтті. Түркістанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қатысты әрбір саладағы жетістіктерді жіктеген әкім соңғы уақытта БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде шу тудырған жастар арасындағы әлімжеттік, бала тәрбиесіне қатысты оқиғаларға алаңдаушылық білдірді.

«Қаймағы бұзылмаған ұлттық салт-дәстүрімен өзгелерге үлгі болған облысымызда соңғы уақыттарда зорлық-зомбылық пен қылмыстың жасарып бара жатқаны біздің өңіріміз үшін үлкен сын болып отыр. Осындайда ұлы жазушы М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі еріксіз еске түседі. Бала тәрбиесі болашақтың негізін қалау екені белгілі. Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Міне, менің бүгін Сіздерді жинаған себебім де осы. Осындай жағдайларды барлығымыз жұмыла қолға алып, дер кезінде ауыздықтау – баршамыздың ортақ азаматтық борышымыз. Сіздер өз ауылдарыңызда осындай жағдайларды болдырмау мақсатында бірігіп, жастарға ақыл айтып, тоқтау салып отырсаңыздар» деді Ж.Түймебаев.

Жиында сөз алған облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ө.Мелдеханов балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне ата-аналар қауымы тікелей атсалысып, олардың бос уақытында немен айналысатынын жіті бақылау керектігін айтты. Сонымен бірге, ол БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерінің жаманшылықты шақырып, қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді жарыса жазбай, керісінше, өңіріміздің жеткен жетістіктерін молынан насихаттау арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге болатынын жеткізді. Ал, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенұлы жағымсыз жайттардың алдын алу мақсатында ата-аналарға өз жауапкершіліктерін түсіндіріп жүргендерін хабарлады. Ақсақалдар алқасының жетекшісі Түркістанды тәртіпті әрі таза қалаға айналдыруда бұл жұмыстарды одан әрі қолға алатынына уәде етсе, жазушы М.Байғұт өңіріміздің әрбір тұрғыны «Мен Түркістан үшін не беремін, қандай үлес қосамын?» деген ниетпен еңбек етіп, бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қоюы тиіс деген ойын білдірді.

Аға буын өкілдеріне алғысын білдірген Жансейіт Қансейітұлы бұл ретте, тек ақсақалдар жағы ғана емес, Түркістан облысындағы барлық қоғамдық ұйымдар, алқалар бір-бір бастама көтеріп, елді ұйыстыруда біріге жұмыс істеуі қажеттігін айтты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ