Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

«Бiз рухани байлықтың үстiнде отырмыз»

Ақпан 09 / 2019

 

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан қалалық Мәдениет үйінде қала әкімі Әліпбек Өсербаев 2018 жылдың қорытындысы бойынша шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берді. Аталған басқосуға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысты.

 

Жалпы, Түркістанның 2018 жылғы жалпы өңірлік өнімі 74 млрд. 803 млн. теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқанын сөз еткен қала әкімі еліміздің 6 өңірінің тауарларға деген сұранысын қамтамасыз етіп отырған көне шаһардың сауда-логистикасын дамытуға толық мүмкіндігі барын баяндады.

Тарихи шаһардың экономикалық дамуының тағы бір көрсеткіші туризм саласы екені белгілі. Мұнда келетін зияратшылар саны жыл сайын артуда. Мәселен, 2017 жылы 1 144 мың турист келген болса, өткен жылы олардың саны 1 495 мыңды құраған.

Қала басшысының есепті баяндамасынан кейін жарыссөзге қала тұрғындары мен зейнеткерлер шығып, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдірді. Рамазан Баймендиев қаладағы мал базар мен базар сөрелеріндегі еттерді тексерудің кезек күттірмейтін мәселе екенін айтса, Динара Батырова екінші шағынаудандағы бірқатар үйлерді жөндеуден өткізіп берсеңіздер деген тілегін жеткізді. Ал, зейнеткер ұстаз Пернехан Сәруаров «Жеңіс» саябағын таза ұстауда кемшіліктердің бар екенін және ардагерлердің ауық-ауық бастарын қосып тұратын жер қажеттігін алға тартты. Жиында сөз алғандар аз болған жоқ. Барлық ұсыныс-тілектерді ыждағаттылықпен тыңдаған қала әкімі Ә.Өсербаев бұл мәселелердің ешқайсысына да бей-жай қарамайтындығын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ж.Түймебаев өткен жылдың тарихи оқиғамен есте қалғанын айта келе, облыс орталығының тұрғыны болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін тілге тиек етті. «Қасиетті Түркістан Абылай хан бастаған 21 ханның, билер мен сұлтандардың және өзге де игі жақсылардың мәңгілік мекен тапқан жері. Сонымен қатар бұл бұрынғы Түркістан емес. Тұрғындар жаңа деңгейде өмір сүруі керек. Біз рухани байлықтың үстінде отырмыз. Түркістанды түлетіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруіміз қажет» деген өңір басшысы шаһарды дамытуға байланысты бірқатар ұсыныстарын да қаперге салды.

Түркістан қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ