Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Түбiнде озатын ауыл

Ақпан 09 / 2019

 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жетісай ауданының әкімі Ж.Бейсенбаев Қызылқұм ауыл округінде өткен есеп беру жиынында былтыр атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Мұнан соң ағын су мәселесін шешу жолдарын ауыл тұрғындарымен бірге талқылады.

 

– Қазір К-30 каналы бетондалып, жөнделіп жатыр. Бірақ, ол созылып кетті. Соның салдарынан су ернеуінен асып, баршамызды әлекке салды, – деді еңбек ардагері С.Шәмшиев.

Ол сонымен бірге кәсіпкерлігін дамыту үшін жер телімін сұраған екен, аудандық жер комитеті әуре-сарсаңға салғанын жасырмады. Жобалаушылардың жауапсыздығынан медпункт ауылдың шетіне орналасқанын айтты.

Аудан әкімі жобаға түзету еңгізу үшін тиісті мамандарға тапсырма берді. Жер алу заңға сәйкес жүргізілетінін айтып, тексеріп, шара көру үшін құжаттарын қабылдап алды. Еңбек ардагері О.Серікбаев та осы мәселені қозғады. Ауыл тұрғыны Ш.Ескендіров Социалистік Еңбек Ері атанған мақташы Әжіхан Есқараевтың есімі ескерусіз қалғанын жеткізді.

Аудан әкімі мұны да заң аясында шешуге көмектесетінін айтып, көпшілікті қуантып тастады. Бұл жиын бұрынғы жиындарға қарағанда өзгешелеу өтті. Себебі, ауыл азаматтары жиында шаруашылықтың проблемаларымен қатар, елдік, адамгершілік мәселелерін де қозғады.

Ақсақалдары елдік мәселе көтерсе, ол ауыл түбінде озады.

Жетісай ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ