Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Мемлекет пайдасына – 879 миллион теңге!

Ақпан 09 / 2019

 

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан облыстық прокуратурасында былтырғы жылдың жұмыс қорытындысы мен алдағы кезеңнің міндеттеріне арналған алқа мәжілісі өтті.

Өткен жылы қадағалау органына құқығы бұзылған 12 мыңнан астам азамат пен заңды тұлғалар өтініш білдірсе, өтініштерді қарау нәтижесінде мыңнан астам арыз қанағаттандырылған. Жалпы, өтініштерді қарау барысында прокурорлардың пәрменімен 980 қадағалау актісі енгізіліп, соның негізінде 67 қызметкер жауапқа тартылған. Прокурорлардың араласуымен мемлекет пайдасына 879 миллион теңге өндіріліп, 1,1 миллиард теңгенің мүлкі қайтарылған.

 

Облыстық прокуратура таратқан мәліметке сүйенсек, былтыр жер заңнамасына қайшы келетін 33 мың гектардан асатын 500-ден астам жер учаскесі мемлекетке қайтарылған. Аталған жер учаскелерінің кадастрлық құны 1,3 миллиард теңгеден асып отыр. Бұдан өзге прокурорлардың қадағалауымен әлеуметтік-экономикалық сала бойынша 2 мыңға жуық заңбұзушылықтар анықталып, заңсыз толтырылған 224 актінің күші жойылған. Осыған жол берген 1,5 мыңға жуық адам жауапкершілікке тартылған. Бір өкінішті жағдай, өздері құқық қорғау органдарының өкілдері бола тұра заңды белден басып, аяғын шалыс басқан қылмыстық қудалау органдарының 300-ге жуық лауазымды тұлғасына тәртіптік шара көрілген.

Сонымен, алқа мәжілісінің қорытындысында облыстық прокуратура қызметкерлеріне прокурорлық қадағалаудың тиімділігін одан әрі арттыру, Мемлекет басшысы мен бас прокурордың тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктелді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ