Экономика 0 пікір 3044 лайк

Әкеден ұл туса игi!..

Ақпан 09 / 2019

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Отырар ауданындағы Көксарай ауыл округінде Анарбай Сәлменов есімді шаруа малдың барлық түрін өсіреді десек те болады. Ол бүгінде қорасында 25 жылқы бордақылап отыр. Бір кездері жылқыларының саны қырыққа дейін жеткен. А.Сәлменов мал бағуды бала кезінен кәсіп етіп келеді. Бордақыланатын жылқыны Түркістанның базарынан сатып әкеледі немесе өзінің малын қояды. Базар нарқында қазір байлауға жарайтын жылқы 200-350 мың теңге аралығында сатылуда екен. Егер мал арық болып келсе 60-70 күн, сәл қоңдылау болса 30-40 күн жем беріп бағады. Шаруаның сөзіне қарағанда, Түркістан базарына мал жан-жағындағы ауылдардан әкелінеді. Бәрі де жергілікті мал. Сондықтан еті де дәмді және соғым сатып алушыларда еттің қайдан келгендігіне ешқандай күдік болмайды. А.Сәлменов малды сатып әкелген соң ішек-құрт ауруына қарсы дәрі егеді. Біраз уақыт өткен соң сол дәріні қайта салады. Жылқы семіртудің аса құпиясы жоқ дейді шаруа. Бидай, жүгері, кебекті араластырып, сулап күніне үш мезгіл береді. Екі мезгіл туралған жоңышқа жегізеді. Төрт рет суарады. Себебі, су ішкен сайын жылқының тәбеті ашыла түседі екен.

 

Шаруа жалғыз жылқы емес, ірі қара да бордақылайды. Шөпті өзінің жерінен орып әкеледі. Бірақ, былтыр еккен жоңышқасы шықпай қалыпты. Оған су тапшылығы себеп болған. Енді биыл 60 гектарға тағы да жоңышқа егіп көрмекші. Сойылған жылқы етін ауыл алады, қаладан келіп әкететіндер де бар. Соғымның әр келісін 1300 теңгеден сатып келген. Қазір бағасын 1350 теңгеге көтеріпті. Өйткені, кебек қымбаттаған. Жиырма келілік бір қап кебекті дәл қазір 1200 теңгеден сатып алуда. Биыл жүгері екпекші, егер малдың жемі өзінен шықса еттің де бағасын түсірем деп отыр шаруа.

– Еңбек еткен адам аш болмайды. Осы малды жинау үшін көп тірлік жасадым. Әскери борышымды өтеп келген соң ауылда ұжымшардың 100 сиырын бақтым. Ұжымшар тарап кетті. Егістік жер алып, диқаншылықпен айналыстым. Алғашқы жылы еккенім мол өнім беріп, жақсы табыс таптым. Түскен ақшаға шетінен мал алып, басын көбейте бердім. Табысты болуыма мал терісін жинауым да көп көмегін тигізді. Велосипедпен күн сайын ұжымшардың бөлімшелерін аралап, 15-20 шақырым жол жүріп, тері жинадым. Тоқсаныншы жылдары қиын кезең болды ғой. Ауылда жұмыс жоқ. Адамдар 3 қой беріп, 1 қап ұн сатып алатын. Бір отбасыға 1 қап ұн деген не ол?! Халықтың бағып отырған малы тамағынан артылмайтын. Көп адам содан қалаға көшіп кетті. Қазір, Құдайға шүкір, ауылда жағдай жақсы ғой. Кезінде көшіп кеткендер керісінше ауылға оралып жатыр. Ауылдан жанар-жағармай бекетінің құрылысын бастадым. Табыстан табысқа жетуімнің бір себебі – осы малымның арқасы. Әр сойғанда кемінде 50-100 мың теңге таза пайда көремін, – деп ағынан жарылды ол.

«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» демекші, шаруаның үлкен ұлы Мұхаммеддәуіт Қосаев та жеке кәсіпкер. Шаруашылықтың құжаттарын өзі жүргізеді. Кәсіпкерлер отбасы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасына қатысады. Осыдан 4 жыл бұрын Түлкібас ауданынан асыл тұқымды Әулиеата бұқаларын сатып әкелген. Екі жыл өткен соң қайтадан жаңа бұқалар сатып алды. Бұрынғыларын табыннан аластатты. Табындағы мал асылдану үшін әр екі жылда бұқалар ауысып тұруы тиіс екен. Өйткені, аталық мал алынған төлдің туысы боп саналады. Туыс пен туыс қайта шағылысса қан бұзылып, тұқым майдаланады. Сол үшін әр екі жыл сайын бұқалар жаңартылып отырады. Құдайдың құдыреті, жылқы малы ешқашан өзінің ұрпағына шаппайды екен.

Шаруашылық асыл тұқымды бұқалардың әрқайсысына мемлекеттен бір реттік субсидия алды. Бұдан бөлек, қожалықтың 120 бас ірі қарасына осымен үшінші жыл қатарынан миллион теңгеден астам субсидия төленуде. «Осы жеңілдіктің арқасында мал басын көбейтіп отырмыз. Әйтпесе, мұншама малды ұстау да, асырау да қиын. Өз шығынын өзі жаппауы да мүмкін» дейді М.Қосаев.

«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 900 қойға да субсидия алып жатқандарына 2 жыл болыпты. Бұл субсидияның да шаруашылыққа берілетін сомасы жылына бір миллион теңгеден асады. Отардағы қойларды асылдандыру, санын көбейту мақсатында Түлкібас ауданынан сатып әкелген 30 асыл тұқымды қошқар құнының жартысын мемлекет субсидия есебінен өтеп берген. Ережеге сәйкес бұрын 30 аналық басқа 1 қошқар алыну керек болса, жаңа талапқа сай аналық бастың саны 50-ге көбейтіліпті. Мұнда да қошқарлар әр екі жыл сайын ауысып отырылуы тиіс. Осындай мемлекеттік бағдарламалар барын, сол бойынша субсидия алуға болатынын шаруалар әкімшілік қызметкерлері арқылы білсе, кәсіпкерлер палатасы да бизнестегі мемлекет ұсынатын жеңілдіктерді түсіндіруде көп еңбек сіңіруде. М.Қосаев бизнесті неден бастап, қалай жүргізу керектігін осы кәсіпкерлер палатасында арнайы курста оқып-білген. Бір айлық сабақта палата мамандары кәсіпкерлерге, шаруаларға көп нәрсе үйретеді екен. Мәселен, мың жай мал асырағаннан асыл тұқымды 200 мал асыраған тиімдірек. Мал тұқымына көңіл бөлінбеудің салдарынан қазір ауылдағы төрт түліктің тұқымы азып барады.

М.Қосаевтың жасы – жиырма бесте. Өткенде Елбасының Жастар жылына байланысты айтқан жалынды сөздері оның қиялына қанат бітірді, жігеріне жігер қосты. Жастарға бизнес саласында қандай жеңілдіктер барын кәсіпкерлер палатасына барып сұрап білмекші. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге берілетін көмектің қай түрінен болса да шет қалғысы жоқ.

– «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 4 млн. теңге несие алдым. Өзімнің және әкемнің үйін жылжымайтын мүлік есебінде кепілдікке қойдым. Қаржы ұйымының бағалаушылары келіп үйлерімізді бағалап, құнын шығарып беріп кетті. «Ырыстың» ұнаған жері ауылдағы қам кесекпен салынған үйлер мен қоражайларды да кепілдікке ала береді. Құжаттарды толтыруға, ресімдеуге бір ай уақыт жұмсадық. Сүт пен ет шаруашылығын дамыту мақсатында бізге 3 жыл мерзімге 14 пайызбен несие берілді. Құжат бойынша 14 пайыз деп көрсетілгенімен оның 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Несиені алып болғаннан кейін алғашқы төлемді алты ай өткен соң барып төлей бастадым. Ай сайын 40-50 мың теңгеден төлеп, 3 жылда қарызымнан құтылып болдым. Қарап отырсам, пайызы төмен, шарттары жеңіл несие шаруаларға үлкен көмек екен. «Ырыстан» тағы да несие ресімдегім келіп отыр.

80 гектар суармалы жерім бар еді, сол жерге жоңышқа, жүгері ексем бе деймін. Мал азығындық дақылдарды өзіміз өндірмесек, сатып алған қымбатқа түсіп жатыр. Мысалы, бір пресс жоңышқаны 500-600 теңгеден амалымыздың жоқтығынан сатып аламыз, – деді ол.

Жас кәсіпкердің алдына қойған мақсаты көп. 15 гектар жерге қарқынды бау технологиясымен алма, жүзім өсіргісі келеді. Бірақ, ол үшін қарқынды бау шаруашылығының қыр-сырына тереңірек үңіліп, сол саланың мамандарынан арнайы тәлім алып, диқаншылық ілімін кеңейткенін қалайды. Сонымен бірге, ол шаруашылығындағы техникалар қатарын орамды пішен тайлағыш-жинағыш техникасымен толықтыруды көздеп отыр. Бұл жоспарын іске асыру үшін «Ырыстың» көмегіне жүгінбек. Қаржы ұйымында арнайы бағдарлама бойынша 7-5 жылға лизингке төмен пайызбен ауыл шаруашылығы техникаларын беру қарастырылған.

Отырар ауданында ет өндірісі жаппай қолға алына бастады. Мәселен, былтыр алғаш рет етті экспорттауға қатысты жүйелі жоспар қабылданды. Ал, ресми дерек бойынша өткен жылы ауданнан Иран мемлекетіне 272 тонна ет экспортталған. «Сыбаға» бағдарламасына 192 отырарлық шаруа қатысуда. 13 153 аналық ірі қараға 371 асыл тұқымды бұқа сатып алынып, селекциялық жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Сонымен бірге, «Алтын асық» бағдарламасына қатысушы 126 шаруашылық тарапынан 29108 қойдың тұқымы 3594 асыл тұқымды қошқарлармен түрлендіріліп жатыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ