Аз қозғалыс ауруға шалдықтырады

Ақпан 09 / 2019

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ғылым мен технология қарыштап дамыған сайын қолмен атқарылатын жұмыстар азая түсуде. Компьютерлендіру, автоматтандыру мен ақылды технология адамзаттың уақытын үнемдегенмен, қимылын азайтып тастады.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықтың дене белсенділігі бойынша 168 мемлекетте жүргізген жаңа зерттеулері қазақстандықтардың бұл тізімде ең аз қозғалатындар қатарына енгенін жариялап отыр. Даңқы дардай мекеменің мәліметіне жүгінсек, елімізде 18 жастан асқан ерлер мен әйелдердің 27,5 пайызы спортпен шұғылданбайды екен.

Мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Мектептен қайтқан немерелер телефонға немесе компьютерге бірнеше сағат бойы телміріп, далаға шығудан қалды. Асық ойнап, доп тебетін балалар ауылда да азайып барады. Ересектер жағы да енжар қимылдайды. Үйдегі шаруаның бәрін автоматтандырылған техникалар атқарады. Жатыпішер жалқаулар көбейді. Ілгеріде теледидардың каналын ауыстыру үшін орнымыздан тұрып, тұтқасын оқта-текте ары-бері аударыстырып тұратын едік. Бүгінде ол да қалды. Пульттің түймесін басып, диванда жатқаның жатқан. Қазір тіпті ерін қимылдатуға ерінетін боп жүрміз. Тек ас ішіп, аяқ босата берген адам қажыр-қайратын қайда жұмсайды? Маңдайы терлеп, мандытып жұмыс істемесе құнарлы тамақтың қуаты тек қарынға бармағанда қайтеді? Артық салмақ, семіздікке шалдығу осылай басталады. Оның соңы жүрек қан-тамырлары, қан қысымы, жүрек талмасы сияқты аты жаман ауруларға әкеледі. Бұл – ХХІ ғасырдың бізге тартқан проблемасы.

Ал, өркениетті елдерде бұл мәселе қалай шешімін тапқан? Мәселен, автоматтандырылған техникалардың түр-түрін шығарып жатқан жапон халқында семіздік деген проблема жоқ. Ауыр салмақтылар өте аз. Олардың асқа тәбеті біздің тәбеттен асып түспесе, кем емес. Бір ерекшелігі, олар май өнімдерін аз тұтынады. Екіншіден, қала тұрғындарының арасында көлікпен жүретіндер некен-саяқ. Олар велосипедпен немесе жаяу жүргенді ұнатады. Құнарлы тағам жегендер осылайша көп күш жұмсап, артық энергиясын шығарып тастап отырады. Тұзды да кем тұтынатындықтан, оларда жүрек қан-тамыр аурулары азайып келеді. Ал, біздің еліміздегі жағдай бұған мүлдем керісінше. Бұл еліміздің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшыларын ғана емес, әлем ғалымдарын да алаңдатып отыр. Не істемек керек?

Басты байлық – денсаулық. Салауатты әрі ұзақ өмір сүрудің негізгі шарты – дене белсенділігі. Мәселен, кеңестік кезеңде бұл мәселе ой еңбегі мен дене еңбегін ұштастыру арқылы шешілді. Біздің аға буын өкілдерін тіпті мектеп қабырғасынан еңбекке (бау-бақша өнімдерін жинау, мақта терімі сияқты басқа да науқандық жұмыстарға қатыстырып) баулыды. Одан ешкім жаман болған жоқ (Қазір бұл балалар еңбегін қанау болып табылады).

Қозғалыс – тіршілік қуаты. Ендеше, аузы қимылдағанның қол-аяғы да қимылдап тұрғаны ләзім. Ертелі-кеш жамбастап жата бермей, таза ауада қыдырыстауды дағдыға айналдырсақ, ол – өзімізге пайда. Тыныс алу жеңілдейді. Тамақ сіңеді. Қан айналымы жақсарады. Жерге еңкейіп жұмыс істесеңіз, жүдә жақсы. Ал, спортты серік етсеңіз құба-құп. Терлеп, ағзадағы зат алмасу жақсарады. Артық салмақтан арыласыз. Тән мен жанның сұлулығы өзімізге байланысты екенін ұмытпайықшы!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ