Он сегiз бен он тоғыз өлетұғын жас па едi?..

Ақпан 09 / 2019

 

1986 жылдың шуақты көктемі болатын. Жер-ана тегіс көктеп, талдар бүршік атып, бәйшешек гүлдеп, табиғат бусанып жатқан. Сол табиғат-анамен бірге түрленіп, енді ғана жетіле бастаған біз ойламаған жерден қанатын жалын шарпыған көбелектей күй кешеміз деп ойлаппыз ба?!

 

...Ерте көктемде әскер қатарына шақырылдық. Ауылдан ұзап көрмегендіктен еркелігіміз әлі басыла қоймаған. Азамат болып, әскерге алынатынымызды ойласақ, мақтаныш билеген жұдырықтай жүрегіміз шаттықтан жарыла жаздайды. Дос-жаран, ауыл-аймақ алақанға салады. Сырт көз бізге қызыға қарайтындай. Осылайша ауылдың ақ тілегі қолтығымызға қанат бітіріп аяғымыз жерге тимеген күйі ұзай бердік. Шымкент қаласынан поезға отырып, Қарағандыға жеттік. Осы жерде бізге шетелге баратынымызды ескертті. Бұйрық бойынша біздің топ Ауғанстанға жіберілетін болды.

Алдымен Солтүстік Осетияның Орджоникидзе қаласында үш ай дайындық курсынан өттік. Ол кезде Ауғанстандағы соғыс жайлы сырттай естігеніміз болмаса, бізге бәрі беймәлім еді. Үш айдан соң біз мінген ұшақ Кабул қаласына келіп қонды. Әуежайдың жан-жағы биік тікен сыммен қоршалған. Әр жерде мұздай қаруланған жауынгерлер жүр. Оқта-текте атылған оқтың, жарылған снарядтың даусы естіледі. Бойымызда жастық шаққа тән қызығушылық та бар. Дегенмен, атылған оқтың ащы даусы, жүрегін үрей билеген жауынгерлердің солыңқы жүзі ойландырып тастады.

Осы жерден бізді жан-жаққа бөле бастады. «Білмеген жердің ой-шұқыры көп» дегендей, сондағы жігіттерден ептеп сыр суыртпақтаймыз. Күні-түні тау жоталарынан оқтың даусы жаңғырып жататын бейтаныс жердің қыр-сырын білгіміз келеді. Олар әскери тәртіпке тән мінезбен салқын жауап қатады. Іш тартып сөйлегендерінің өзі «бауырлар, бара көресіңдер» дегеннен арыға аспайды.

Біз алты жігіт болып Гардез провинциясына түстік. Бұл Ауғанстанның Пәкстанмен шекаралас жатқан аумағы екен. Арасын таулы асулар бөліп тұр. Алғашқыда ауа райы да тым ыстық көрінді. Күн сәскеге таяғаннан ми қайнайтын ыстық басталады. Түс қайтқанша таңдайың кеуіп, жаныңды қоярға жер таппайсың. Бірақ, әскери тәртіп бойынша бұйрықты орындауың керек. 1986 жылдың жазынан бастап отты күндер басталды. Бүгінде ойлап отырсам, әрбір басқан қадамымыз адам тағдыры үшін шешуші кезең болып саналатын күндерді бастан өткерген екенбіз. Теледидардан ғана көретін соғыс деген тажалды өз көзімізбен көрдік. Құстың қанат қаққанына дейін білінетін өлі тыныштық орнап тұрады да, бір кезде аяқ астынан жер-көкті снарядпен соққылаған алапат ұрыс басталады да кетеді. Жаңа ғана қасыңда отырған жолдасың табан астында қан-жоса болып, сілейіп, жаныңда жатады. «Ауған жері тасты еді, он сегіз бен он тоғыз өлетұғын жас па еді?» деп күйінесің. Біз мұндай сәттерді, әсіресе, әскери тапсырмамен жолға шыққанда жиі кездестірдік. Тауға жақын маңдағы елді мекендерден моджахедтер келіп, жолдарды басып алып отырады. Ал, ауған елінің үкіметі аудан, қалалармен байланыс жасау үшін жолдарды дұшпандардан тазалауға кіріседі. Оған Ауған армиясы мен Совет армиясы бірігіп, қолдау көрсетіп, соғыс қимылдарын бастайды.

Аз уақыттың ішінде жол бойындағы қыстақтар мен дұшпан жайлаған жерлер қирандыға айналады. Ешкім қалмаған шығар деп ойлайсың. Кенет дұшпандар тау жоталарынан жол үстіндегі армия бөлімдеріне оқ атып, шабуыл жасайтыны бар. Біз ашылған жолдармен ауданнан ауданға көліктермен зат тасымалдаймыз. Дұшпандармен болған мұндай қақтығыстар бір ай, кейде екі-үш айға дейін созылады.

Иә, ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі боп қатталып қалды. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалдық борышын атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Біз көрген соғыстың жүректерге салған жарасы, міне, осындай.

Айтжан ДӘРІБАЕВ, ауған соғысының ардагері. Отырар ауданы, Шәмші Қалдаяқов ауылы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ