Қағбада да қан төгiлген

Ақпан 09 / 2019

 

Ерболат Айнабеков, «Ońtústik Qazaqstan».

Адам түгілі тірі жәндікті өлтіруге болмайтын мұсылмандардың қасиетті мекені Мекке қаласында осыдан 40 жыл бұрын 255 адам кісі қолынан қаза тапты. Бұл – ресми ақпарат. Ал, бейресми ақпарат көздеріне құлақ ассақ, ажал құшқандардың саны бұдан бірнеше есе көп. Мұсылмандықтың бесінші парызын өтеуге барғандардың басына түскен қандай зауал? Құдайға құлшылық етіп, күнәдан тазару үшін ел асып, бел асып барғандардың «иті жоқ ауылға» аттануына не себеп? Қазір айтамыз.

 

1979 жылдың көктемінде Иран елі мемлекеттің атауын өзгертіп, Иран Ислам Республикасы болып атала бастады. Соғыстан көз ашпай келген ирандықтар осылайша Батыс экспансиясына қарсылығын ашық түрде білдірді. Ал, бұл кезде мұнайдың ақшасына байып, шекесі шылқып тұрған Сауд Арабиясы мамыражай тірлік кешіп отырған-ды. Сол жылы қараша айында бес парызының бірін өтеуге барған мұсылмандар Мекке қаласындағы ең үлкен мешіт Әл-Харамға жиналады. 100 мыңға жуық адам жиылған «Алла үйінің» ішінде белгісіз біреулер киімдерінің ішіне жасырған қаруларын шығарып, аспанға оқ жаудырады. Мешіттің барлық есіктері жабылып, адамдар кепілдікке алынады. Олар мешіттен шығатын иненің көзіндей де тесік қалдырмайды. Кепілге алынғандардың ішінде әйелдер мен балалар да болған. Кейіннен белгілі болғандай, бұлар «Әл-Масджид Әл-Харам» террорлық тобының мүшелері екен. Мешіт ішінде қаруланған адамдардың саны 300-ге жуық болған.

Басынан бақайшығына дейін қаруланған қылмыстық топ кепілге алынған адамдарды тыпыр еткізбей ұстайды. Бұл уақытта Әл-Харам мешітінде «Saudi Binladin Group» компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан еді. Компания өкілдері болған жайтты телефон байланысы тоқтатылғанша басшылығына хабарлап үлгереді. Бұл хабар Сауд Арабиясының королі Халидтің де құлағына сол мезетте жетеді. Сол сәттен бастап корольдіктегі өзге елдерге шығатын барлық байланыс тораптары жұмысын тоқтатады.

Кезінде Сауд Арабиясы корольдігінің ұлттық гвардиясында қызмет еткен Жухайман Әл-Утайби бастаған террорлық топ кепілдікке алынған адамдарды пайдаланып, ел билігіне өз талаптарын қойды. Олардың ең басты талабы Сауд Арабиясын Иран секілді Ислам мемлекеті деп жариялау және шетелге кетіп жатқан қазба байлықтарды өз бақылауларына алу болатын.

Саудия әскерінің мешітті терроршылардан азат етеміз деген алғашқы әрекеттері сәтсіз аяқталды. Көзсіз айқасқа шығып бірнеше әскерін жоғалтқан олар Жухайман Әл-Утайбидің толық күшінен бейхабар еді. Терроршылар қарудан бөлек мешіт ішіне бірнеше күнге жететін азық-түлік алып кірген. Сондай-ақ, жарақат алғандарға көмек көрсететін медициналық топ та олармен бірге еді. Үлкен дайындықпен келген терроршылардан мешітті тартып алу корольдік әскеріне оңай тиген жоқ. Саудия билігіне жалғыз амал қалған. Мешітті алу үшін олар пәкстандық немесе иордандық әскерге жүгінуі керек-тін. Себебі, қасиетті Қағбаның жанына баруға өзге діндегі адамдарға тыйым салынған. Сол уақытта мұсылман әлемінде әскери қуатты мемлекет Пәкстан мен Иордания еді. Қиын жағдайда қалған арабтардың маңдайынан ешкім сипай қоймайтыны түсінікті болатын. Әскери көмек берген кез келген мемлекет араб билігіне өзінің талаптарын орындатып алуға тырысатын.

Дәрменсіз күй кешкен Сауд Арабиясы билігі күтпеген шешім қабылдады. Олар бұл сәтте Франция билігіне жүгінді. Өзге діндегі адамдардың Меккедегі әскери операцияға қатысатындығы мұсылман елдерінде айтыстар мен тартыстар тасқынына алып келген. Бірақ кейін белгілі болғандай, француз офицерлері операцияны алыстан басқарып отырған. Кейбір ақпарат көздері ол офицерлерді Мекке қаласына кіргізу үшін Ислам дініне өткізген дегенді айтады. Француз офицерлерінен нұсқау алған әскерилер тек үшінші күні ғана кепілге алынған адамдарды босатып, терроршыларды жертөлеге жасырынуға мәжбүр етеді. Екі аптаға созылған ұрыс кезінде 500-ден астам адам жарақат алады. 68 терроршы қолға түседі. Олардың бәрі өлім жазасына кесіледі.

Бұл оқиға Сауд Арабиясы билігіне үлкен сабақ болды. Содан кейін қасиетті Қағбаның айналасында қауіпсіздік күшейтілді. Алайда, бірнеше жүздеген адамның өмірін жалмаған қанды оқиғаны ешкім тарих бетінен сызып тастай алмайды. Тірі жанға зиян тигізуге болмайтын Меккеде осыншама адамның қанын төккен терактінің орын алуы мүмкін емес, бірақ, ол шындық еді...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ