Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Сананың ашықтығы дегенiмiз не?

Ақпан 09 / 2019

 

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да өткен форумда студент жастар осы сұраққа жауап алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағытын атап көрсеткен болатын. Соның бірі – сананың ашықтығы.

 

Онда әрбір қазақстандықтың бәсекеге қабілетті болуы үшін әлемдік сананың дамуына ілесіп отыруы керектігі айтылған. Бұл қазіргідей жаһандану дәуірінде бізге ауадай қажет. Осы мақсатта аталмыш оқу орнының студенттері Академиялық ұтқырлық бағдарламасына сәйкес Еуропа мен Азия елдерінде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алуда.

«Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты» делінген Елбасы мақаласында.

Форумда бұл туралы университеттің бірінші проректоры Қайрат Нұрманбетов кеңінен әңгімелеп, осы бағытта білім ошағында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Ал, оқу орнындағы «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектеп деканының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Хайрулла Исмаилов бүгінде ІТ технологияның жастардың жан-жақты білім алуына, шығармашылығын дамытып, іскерлігін арттыруына септігін тигізіп жатқаны жайлы әңгімеледі.

Техника ғылымдарының докторы, профессор Ордабай Сембиев «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында білім ошағында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Мұнан кейін шетелге барып, көкжиектерін кеңейтіп келген жастар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ойға түйгендерін жеткізді.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ