Маман. Демеушi. Кәсiпкер

Ақпан 09 / 2019

 

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының дамуындағы негізгі тетіктердің бірі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында сала еңбеккерлерінің алдына үлкен міндеттер қойды. Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

 

Міне, осы қамқорлықты пайдаланып, шаруашылығын дөңгелетіп отырғандар көп. Солардың бірі – «Жоламан» шаруа қожалығының төрағасы Әбдіжәліл Пазылов. Ол ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы алған 16,5 миллион теңгеге 90 сиыр, 3 «Әулиекөл» асыл тұқымды бұқасын сатып алды. Қазір шаруашылықта бес адам тұрақты жұмыс істейді. Олар сиыр сауып, ауыл тұрғындарын сүтпен қамтамасыз етіп келеді.

Әбдіжәліл – Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлегі. Еңбек жолын 1981 жылы «Қызыл таң» ұжымшарында зоотехник-селекционер болып бастаған. 1982 жылы Мыңбаев атындағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан «селекционер-бонитер» мамандығын алып шыққан.

1983-1984 жылдары Подольск қаласындағы жоғары селекция-генетика мектебінде оқып, кәсіби біліктілігін арттырады.

«Қызыл таң» ұжымшары тарағанға дейін бас зоотехник қызметін атқарды. Асыл тұқымды қазақы биязы жүнді қойын өсірумен айналысатын шаруашылық уақтысында ауданда үнемі жүлделі орындарды иеленіп келді.

Қысқасы, Әбдіжәліл Пазылұлы-ның мал шаруашылығын өркендетуде жинақтаған тәжірибесі мол. Жақсы жетістіктерге қол жеткізгені үшін аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен және Қазығұрт ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

– Аз қамтылған отбасыларына шамамның келгенінше қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрмін. Кім де болсын еліме, тәуелсіздігіме қандай үлес қостым деп ойланғаны дұрыс. Елбасы Жолдауында айтылғандай, ел ішіндегі ырысты арттырып, адал еңбек етсек, атакәсіп қашанда табысқа жеткізеді. Оған сенім мол, – дейді Әбдіжәліл Пазылов.

Қазығұрт ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ