Елдiң сөзiн сөйлеген

Ақпан 09 / 2019

 

Елімізде алғашқы балабақшалардың негізі Ұлы Отан соғысы жылдарында қалана бастаған. Ерлер соғысқа аттанып, еңкейген қарияға дейін жұмысқа жарамдының бәрі тылда. Ал, еңбектеген сәбилер үйде қараусыз немесе егіс даласында өскені талай кітапта жазылды. Ұжымшарлар балалар бақшасын ұйымдастыруды осы кезде қолға ала бастаған. Бірақ, «жау жағадан алып, бөрі етектен тартқан» заманда балабақшаның тек аты ғана болғаны белгілі.

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде соғыс жылдарында, нақтырақ айтқанда, 1941 жылдың 15 наурызындағы №62 санында «Балалар яслиін бұлай ұйымдастыруға болмайды» деген мақала жарық көріпті. Мақаланы оқып отырып кешегі зұлмат кезеңдегі сүреңсіз тіршілік сұлбасы көз алдыңызға келеді.

Балабақша проблемасы әсіресе әр дәуірдің қайта құру кезеңдерінде елдің алдынан шығып отыратын сияқты. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында да мектепке дейінгі мекемелер тапшы болды. Соңғы жеті-сегіз жыл көлемінде ғана бұл мәселе елімізде «Балапан» бағдарламасы арқылы шешіле бастады. Сонау соғыс жылдарында балалардың жай-күйіне алаңдаған қара шаңырақ басылым бұдан кейін де осы тақырыпқа сан қырынан келді. Осы газетте әр жылдары жарияланған «Ана – ақшасыз, бала – бақшасыз», тағы басқа көптеген мақалалар осының айғағы.

Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңнің өзінде «Оңтүстік Қазақстанның» партия нұсқауларын орындаушы, жариялаушы ғана емес, елдің сөзін сөйлеген газет болғанына мұрағат тарихы куә күннен сыр шертеді. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған төмендегі мақала осы сөзіміздің айғағы.

 

«Балалар яслиін бұлай ұйымдастыруға болмайды

Сайрамда көктем егісінің басталуына байланысты Киров атындағы колхоз 1-2 және 3-бригадалардың ортасынан балалар яслиін ұйымдастырды. Бұл өте орынды іс, колхоздардың мұндай инициативасын үнемі қолдап отыру керек.

Бірақ, балалар яслиін ұйымдастыру, олардың жұмыстарын жолға қою жауапты жұмыс екенін ұмытуға болмайды. Алайда, келешектің жас ұрпақтарын тәрбиелеу қамқорлықтың шын мәнісінде болуын керек ететінін түсінбейтіндер бар, сондықтан да олар ясли ашқан атағына мәз болып, оған қайтып оралмады.

Киров атындағы колхоз балалар яслиін ұйымдастырғанымен оған арнаулы таза үйлер дайарлаған жоқ. Колхоздың ремонтталмаған, лас үйлеріне әкеп орналастырды да, ішіне ескі бір киізді төсеп, сонымен іс біттіге салынды. Балалар яслиінде 4 қана кроват бар. Балалар бұған кезек ауысып ұйықтайды. Кейбір балаларға дем алуына кроват жетіспей, күн ұзақ бойы жүрумен үйіне қайтады.

Мұнда денсаулық сақтау шараларына қарсы настық істер де жоқ емес. Барлық балаларға бір аяқпен ас береді. Оның үстіне ұйықтағанда бірнеше бала бір көрпеге оранып жатады. Балалар яслиінде орын аз болғандықтан, кейбір балалы әйелдер баласын жұмысына қойып, істеп жүр. Осындай өрескел қылықтар бола тұра колхоз председателіне де, парторгқа да шара қолданған жоқ.

Бұл сорақылықты тез жойып, балалар яслиінің жұмысын жақсарту керек.

М.Омаров. №62 (2761), 15 март, 1941 жыл».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ