«Әлем елдерi жаңа жаһандық апатты болдырмауы тиiс»

Ақпан 07 / 2019

 

«Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермеу үшін жұмыс істеуі қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар шетел елшілерінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Халықаралық қатынастар саласында әлемдік жүйенің түбегейлі өзгеріске ұшырағаны баршаңызға мәлім. Жетекші ядролық мемлекеттер арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткен жөн. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермеу үшін, алдын алу үшін жұмыс істеуі қажет. Бұл біздің бүкіл адамзат алдындағы тарихи жауапкершілігіміз болып саналады» деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілердің назарын Қазақстанның әлемдік татулық пен бірлікті сақтауға әрдайым қолдау көрсететіндігіне, оған еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарған қызметі айқын дәлел болатындығына аударды.

«Жаһан жұртшылығы Қазақстанды ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындап отыр. Биыл 29 тамызда Семей полигонында алғашқы ядролық сынақтың өткізілгеніне 70 жыл толады. Біз бұл атаулы датаға ерекше мән береміз. Біз бастаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін кең таныту ядролық қауіп-қатерге қарсы тұрудың маңызды міндеті болып отыр. Оның стратегиялық мақсаты – 2045 жылы, яғни БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай ядролық қарусыз әлем құру» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Елбасы Қазақстан антиядролық іс-қимылдармен қатар өңірлік деңгейдегі қақтығыстарды реттеуге де белсенді атсалысып келе жатқанын айтты.

«Оған Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесі, Ауғанстанға көрсетілген көмек және басқа игі істеріміз дәлел болмақ. Мемлекетіміз алдағы уақытта да әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қоса беретін болады» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ