Руханият 0 пікір 0 лайк

АТАҚ және АР-ҰЯТ...

Ақпан 07 / 2019

 

Шимай-шатпақтарын өзі шедевр санайтын бір жазушы көз жасын көлдетіп бүй депті: «Бар жоғы 7-8 кітап жазған Шыңғыс Айтматовты бүкіл әлем таниды, ал, 15 кітап жазған мені ешкім білмейді». Аузының дуасы жоқ байғұсты аяғаннан басқа қолдан не келеді?! Айтматов қайда, сен қайда?! Алайда, талантсыз адамға «талант қуаты» деген ұғым болатынын түсіндіре аласыз ба? Бір таң қаларлығы, талант қуаты кем қалам иелерінің көпшілігінің нәпсісі асау аттай арындайды. Дегенмен, айтайын дегеніміз бұл емес еді...

 

Адамзат қашан да ақылды адамдарға мұқтаж. Соны біліп, теңдесі жоқ ғылыми жаңалықтар ашып, әлемдік өркениеттің өрісін кеңейтуге үлес қосқан ұлы ғалымдарға өз атынан сыйлық тағайындап, марапаттауды мақсат тұтқан Альфред Нобель жарықтық жомарт-ақ екен. Жомарттығы да, артында қалған қисапсыз мол байлықтың бір мысқалын жыл сайын әлемнің ең үздік деген ұлы ғалымдары мен жазушыларына, қоғам қайраткерлеріне үлестіріп беруді өсиет етіп кетіпті. Бұл сыйлықты 1900 жылдан бері жыл сайын саусақпен санарлықтай соқталы саңлақтар иеленіп, тиесілі ақшасын арқалап кетеді. Нобель сыйлығы – адамзат баласы ойлап тапқан сыйлық атаулының атасы десе де болады. Сол себепті, көп ел Нобель сыйлығын қолға қондырсам деп қиялдап жүреді. Алайда, сыйлық атаулыға сырт қарайтын таланттар да кездесіп қалып жатады. Ұлы жазушы Л.Толстой өзіне Нобель сыйлығын береміз дегендерге үзілді-кесілді қарсылық білдіріпті. Үнді халқының қайраткері Р.Тагор 1915 жылы ағылшын ақсүйектері ұсынған барондық титулдан бас тартыпты.

Адамзат ақыл-ойының алыптары Толстой мен Тагор сыйлықтан қашса, бүгінгі біздің қоғамда сыйлық үлестіру мен марапаттау сиқырлы таяқшаға айналып кеткендей әсер қалдырады. Қолына конверт ұстатып, төсіне темір тақпаса, «ауырып» қалатын ағайындар да пайда болды. Нобель сыйлығын 1957 жылы алған француз жазушысы Альбер Камю: «Ұлылық дегеніміз – ұлы болсам деп жанталасу. Басқа түк те емес» депті. Атақ үшін айқас, сыйлық үшін жанталас жүріп жатыр, жүре береді де. Корольдік швед академиясы ақсақалдарының ұйғарымымен берілетін Нобель сыйлығы туған халқыңның махаббаты мен сүйіспеншілігінен, құрметі мен аялы алақанынан артық емес. Жалпы, адам баласы Нобельдік сыйлық алу үшін ғана ақын-жазушы немесе ғалым бола ма екен?!

Қазір жер-жерлерде «Құрметті азамат» атағын үлестіру «Біздің ауылда сыраға су қосып сатады, сіздің ауылда суға сыра қосып сатады» (К.Әмірбек) дегендей дәрежеге жетті. Рас, «құрметті азамат» атанғандардың арасында ол атаққа нағыз лайықтылар да аз емес. Дегенмен... Дегенмен, қазір «ұлы» болсам дегендердің ұмтылысы орасан, жанталасы жойқын. Оны аз десеңіз, түрлі қоғамдық қорлар өз беттерінше шығарып алған төсбелгілерді тарқатуды тақтайдай тегіс жолға түсіріп, топан судай қаптатып жіберді. Табыс көзі – төсбелгі бизнесі шарықтап барады. Елеулі еңбегі мен бас бармақпен көрсететін беделі болса бір сәрі, қалтаңыздан қаражат шығарсаңыз, төсбелгінің екеуін аламын десеңіз де еркіңіз біледі. Марапатталушы да мәз, төсбелгі таратушы да табысқа кенеліп жатады. «Майданға түспей бәйге алма» деген ұлы Абайдың ұлағаты ұмытылып барады. Айтпақшы, Нобель сыйлығын екі рет иеленген әйгілі француз физигі Мария Склодовская-Кюри сыйлық алайын, ұлы болайын, даңқты болайын деп жанталаспаған көрінеді. Сол бейнетқор ғалым, қайсар жан, жанкешті әйелдің тұрмыс-жағдайы да аса мәз болмапты. Бар қаражатын ғылыми тәжірибелер жүргізуге, баспана мен ғимарат жалдауға, балаларын бағып-қағуға жұмсап, әрең жан баққан әйелді әлем ақыры мойындады.

Біздің айтайын дегеніміз, «майданға» түсіп марапатталып, марқайғанға не жетсін, бірақ, бәрін өлшеп-пішіп тұратын ар-ұят таразысынан аттап, арзан атақ қуып жүргендерге не дерсің?!

«Құдай бізден «қанша жасадың?» деп сұрамайды, «не жасадың?» деп сұрайды» дейді ақын Олжас Сүлейменов. Олай болса, ар-ұяттан айналып өтіп алған атақтарымыз бен сүлікше жабысып сұрап алған сыйлықтарымыз ертең «не жасадың?» деген сұрапыл сұраққа жауап бере ала ма екен?..

Махамбет САПАРМҰРАТОВ, Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Жетісай ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ