Мәжiлiс депутаттарымен кездестi

Ақпан 07 / 2019

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Іссапармен келген мәжілісмендердің қатарында Қуаныш Сұлтанов, Жамбыл Ахметбеков, Құдайберген Ержан және Кеңес Абсатиров бар. Кездесу барысында Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды. Өңір басшысы аймақта атқарылып жатқан шаруаларды таныстыра келе, қолға алынған құрылыс жұмыстарына тоқталды.

 

«Түркістан қаласының келешектегі бас жоспарына сәйкес, қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізіледі. «Тарихи аймақ» – 88,7 гектар, «Рухани-мәдени орталық» аймағы – 98 гектар, «Әкімшілік-іскерлік орталық» аймағы 700 гектарды құрайды. Осыған орай, құрылыс нысандарына қажетті жерлерді қайтару жұмыстары заң негізінде жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталықта бірнеше нысанның құрылысы қатар жүреді. Яғни онда облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер және конгресс-орталық тұрғызылады» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Түркістан бүкіл түркі әлемінің жүрегіне жақын екендігін айтқан халық қалаулылары, Елбасы тапсырмасы бойынша киелі шаһардағы қарқынды құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі. Астанадан арнайы іссапармен келген Мәжіліс депутаттары өңірдегі сайлаушыларымен де кездесіп, көпшіліктің көкейіндегі пікірлерін де тыңдамақ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ