Рухани жаңғыру 0 пікір 3049 лайк

Ойға ой қосар он кiтап оқырмандарына жол тартты

Ақпан 07 / 2019

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қ.А.Ясауи атындағы халық- аралық қазақ-түрік университетінің кітапханасында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен шығарылған жергілікті ақын-жазушылардың он кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл кітаптар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басылған екен. Сондықтан жинақтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында айтылған талаптарға сай келетін, туған жерді түлетуге өзіндік үн қосатын көркем туындылар, көркемсөздер мен көсемсөздер топтастырылыпты.

 

Он кітаптың тұсаукесер рәсімін белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылған кітаптардың өскелең ұрпаққа берер тәрбиесінің, ұлағатының мол екенін айтса, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, ғалым, әдебиет сыншысы, профессор Құлбек Ергөбек, танымал ақын Қасымхан Бегманов рухты оятатын бірден-бір құдіретті күш әдебиет екеніне әдемі тоқталып, авторларға жемісті еңбек тіледі.

Мұнан соң аталмыш он кітаптың таныстырылымы болды. Атап айтқанда, Мархабат Байғұттың «Аршакие», Ханбибі Есенқарақызының «Жібек», Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Захардин Қыстаубайұлының «Жүрек сөзі», Есқара Тоқтасынұлының «Беласқан», Нұрғали Қадырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі», Иса Омардың «Адамдық қағидасы», Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң», Сәрсенбек Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал» кітаптары мен «Түркістан түлектері» атты ұжымдық жинақ көпшілікке таныстырылды. Осы жерде оқырмандардан сүйінші сұрай кетелік, ұжымдық жинаққа «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкері, жас ақын Мақпал Төребектің топтама өлеңдері еніпті.

Кітаптардың таныстырылымы өткен соң жиналғандар облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша «САҚ» киностудиясы түсірген «Ордабасы – бірлік туы» атты анимациялық фильмнің тұсаукесеріне қатысты. Фильм ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» Жарлығының шыққанына 25 жыл толуына орайластырылыпты. Шығарылымның оқиға желісінде Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің қасиетті Ордабасы тауында бас қосып, ел бірлігі, ынтымағы, болашағы туралы кеңесіп, сыртқы жаулармен шешуші шайқасқа бүкіл қазақ даласының ер-азаматтарын жұмылдырғаны, осылайша ұлан-байтақ киелі жерімізді сақтап қалғаны көрініс тапқан. ҚР Президенті Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады» деп атап көрсеткеніндей, аталмыш анимациялық фильмнің жастар бойына патриоттық сезім қалыптастыратыны көрермендер талқысында кеңінен айтылды.

Айта кетейік, анимациялық фильмнің идея авторы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. «САҚ» киностудиясының қызметкерлері таяу арада «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы тарихи телехикаяның тұсауы кесілетінін сүйіншілеп жеткізді. Түркістан төріндегі тебіреністі сәттер көпшілікке үлкен ой салды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ