Экономика 0 пікір 0 лайк

Субсидия кiмдерге төленедi?

Ақпан 07 / 2019

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйвері ретінде атап өткен-ді. Яғни агроөнеркәсіптік кешен экономиканың қозғаушы күші болмақ. Осы бағытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, онда ең бірінші кезекте субсидия бөлу қағидалары қайта қаралды. Нәтижесінде тиімсіз саналған субсидияның 11 түрі алынып тасталып, 40 түрінің өлшемдеріне өзгерістер енді, ал, қалған 14-і сол күйі қалды. Алынып тасталған субсидиядан үнемделген қаржы тауар өндірушілерге беріледі.

Облысымызда өткен жылы 27528 шаруаға 25 млрд. теңге көлемінде субсидия төленген. Оның 19858-і, яғни 72 пайызы электрондық жүйемен субсидияға қол жеткізсе, 7000 адам жеңілдікті мемлекеттік корпорация арқылы алды. Ал, 661 азаматтан өтінім жазбаша түскен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл субсидия беру тәртібіне ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Алайда, өткен жылы бірқатар жаңалықтардың болғанын атап өту керек.

«Мәселен, егіннің гектарына төленіп жүрген қаржылар біртіндеп тиімді салаларға бағытталып отыр. Яғни инвестициялық субсидияға көңіл бөлінді. Бұрын шаруа егінін ексе болды, оның жоғары не төмен өнім алғанына қарамастан қолдау қаржы төлене беретін. Енді шаруа өзінің шаруашылығын дамыту үшін құйған инвестициясының 25 пайызын субсидия есебінен мемлекеттен алады. Міне, былтыр осындай инвестициялық субсидия бағдарламасы әзірленді. Бұған мал бордақылау алаңдарын салу, техниканың барлық түрін алу, қосымша жылыжай салу, тамшылатып суару әдістерін енгізу, еріген қар суларын жинау үшін жасанды су айдындарын құру, жүн дайындау пунктіне арналған жабдық сатып алу сынды жалпы 40 жоба паспорты әзірленген. Паспорттағы аталған шаралар қамтылған кезде соған кеткен шығынның 25 пайызы өтеледі. Оның ішінде бір ғана бағыт бойынша, яғни мал шаруашылығын дамыту мақсатында құдық қазғаны үшін кеткен шығынның 80 пайызы мемлекеттен қайтарылады. Былтыр инвестициялық субсидияларға 7 894,7 млн. теңге төленді. Олардың басым бөлігі жайылымдарды суландыру мақсатында қазылған құдықтарға, одан соң ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінді. Нәтижесінде аталған жобалардың есебінен ауыл шаруашылығы саласына 22 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 865 адам жұмыспен қамтылды» дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, бұрын қандай болса да етті бағыттағы бұқалардың барлығына субсидия берілген болса, 2018 жылдың соңғы айларынан бері малды асылдандыру бағытына көбірек көңіл бөлініп отыр. Мәселен, асыл тұқымды бұқадан қашқан сиырдан туған бұзау жетілген соң өнеркәсіптік мал бордақылау алаңына өткізілгенде соның тірі салмағына 200 теңгеден беріледі. Сонымен қатар, сатып алған адам оны ары қарай семіртіп, бордақыласа қосылған салмағына тағы да 200 теңгеден төленеді. Өткен жылы дәл осындай жолмен 179 агроқұрылым 14 мың өгізшені мал бордақылау алаңына өткізіп, субсидия алған. Бүгінде өгізшелер одан әрі семіртіліп жатыр. Демек, шаруа өгізшенің қосылған салмағына тағы да төлемақы алады.

Асыл тұқымды мал сатып алу кезіндегі субсидиялауға келер болсақ, құны 225 мың теңгеге дейін баратын аналық малдың бағасы өтеледі. Яғни 500 мың теңгеге алынса да соның 225 мың теңгесі мемлекеттен субсидия ретінде қайтарылады. Ал, асыл тұқымды бұқалар қанша теңгеге сатып алынса да оған 150 мың теңге субсидия төленеді. Қорадағы жай шаруа малдарға асыл тұқымды бұқа қойған жағдайда әр аналыққа 10 мың теңгеден, ал, асыл тұқымды аналық әкелінсе, оларға 20 мың теңгеден жәрдемақы беріледі.

Нұрбек Бақтыбайұлының мәлімдеуінше, тоқты етіне де субсидия қарастырылып отыр. Әр басқа – 3000 теңгеден. Біртіндеп жетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдаулардың қатарында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау да бар. Бұрындары шаруалар шаруашылығын дамыту үшін алған несиесіне көмек ала алмай келсе, енді едәуір жеңілдікке қол жеткізбек. Яғни екінші деңгейлі банктер ұсынып отырған 14 пайыздық сыйақы мөлшерлеменің 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Демек, шаруаға қалатыны 4 пайыз.

«Балық шаруашылығына да субсидия беріле бастады. Балыққа жұмсалған жемнің 30 пайызы мемлекет тарапынан қайтарылуда. Одан бөлек сатып алынған минералдық тыңайтқыштың 50 пайызы субсидияланады. Ал, мақтаның тоннасына 12 мың теңге, күріштің тоннасына 4 мың теңгеден төленіп отыр» дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, енді субсидияға өтінім беру «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электронды түрде қабылданады. Өтінімдерді қабылдау инвестициялық жобаны іске асыру аясында 1 ақпаннан басталды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ