Руханият 0 пікір 3036 лайк

Сахна төрiнде – студенттер

Ақпан 07 / 2019

 

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Театралдық және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының студенттері Жастар жылын жаңа жобамен бастады. Олар дайындаған Баянғали Әлімжановтың «Алтын ноқта» ертегісі Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрында үш күн қатарынан аншлагпен өтіп, көрермендерді қуанышқа кенелтті.

 

Қойылым фабуласы мен сюжеті Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындаған. Ұлы даланың айрықша қырының бірі – жылқыны қолға үйрету. «Қазақ – жылқы мінезді» деген де тәмсіл бар. Әлімсақтан бері жылқы – халқымыздың жан серігі. Тіпті, «Батырлар жырында» батырдың тұлпары иесімен сөйлеседі, қысылған қиын шақта ақылын айтып, демеу болады. «Ат – ер қанаты» демекші, Елтаңбамызда да қанатты тұлпар бейнеленген.

«Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Жастар жылы» тұрпатты ұлы оқиғалардың ізін суытпай үн қатып, қолдап, жедел де сәтті сахналанған бұл қойылым университет жастарының уақыт талабына іспен жауап беруге әр кез дайын екендігін көрсетті.

Ал, енді, «Алтын ноқта» қойылымына келейік. Басты бейне – жылқыны 4-курс студенті Бексұлтан Салыбек сәтті сомдады деп айта аламыз. Өйткені, «Алтын ноқта» – оның дипломдық жұмысы (курс жетекшісі Айна Емқұлова). Балақайды 2-курс студенті Нұрболат Құдайберген, итті 3-курс студенті Елхан Бақзатхан, бұзауды Айбек Бекділдә (2-курс), ботаны Нұрхан Аманжол (2-курс) бейнеледі. Ертегіде бұдан басқа лақ, қозы, түлкі, қасқыр, шибөрі, мысық секілді персонаждар да бар.

Қойылымды режиссер Алмас Шымалиев сахналады. Ол – Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ерғали Оразымбетовтің шәкірті. Алмас өнерсүйер қауымға Мұхамедқали Хасеновтің «Махаббат неге оянбады?», Болат Бекжановтың «Торға түскен түлкі» қойылымдары арқылы танымал. Ал, суретшісі – Батырбек Қабылбеков. Режиссер айтпақ ойын образдар арқылы, олардың әрқилы құбылыстары, қимыл-қозғалыстары мен іс-әрекеттері арқылы жеткізуге тырысқан. Мұнда феериялық сәттер, этюдтер, пантомималар, акробатикалық нөмірлер, роликтік конькилер, пластика, тағы да басқа көрермен көңілін аулап, өзіне қызықтыратын дүниелер бар.

«Қанат ұшса қатаяды». Жастардың шығар биігі әлі алда. Тек талмай ізденіп, еңбектеніп, шығармашылық табыстарға жете берсе дейміз.

Мәжит ІЛИЯСҚАР, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ