Рухани жаңғыру 0 пікір 3025 лайк

Дуальдi жүйе – бәсекеге қабiлеттi маман даярлаудың кепiлi

Ақпан 05 / 2019

 

Қазақстанда жастарға техникалық мамандықтар бойынша білім беруге қазіргі уақытта айрықша мән беріліп отыр. Бұл саладағы мамандардың заман талабына сай әрі бәсекеге қабілетті болуы – еліміздің әлемдегі дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылуының кепілі. Сол себепті Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім саласына ерекше басымдық берді.

 

Заман талабы мен еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес техникалық сала мамандарын даярлап жүрген оқу орындарының бірі – Шымкент қаласындағы жол-көлік колледжі. Бұл оқу орны техникалық сала мамандарын әзірлеуде дуальдi оқыту технологияларын енгізуімен ерекшеленеді.

Дуальдi жүйе – маман даярлауда өндіріс, білім алушының және мемлекеттің мүдделерін біріктіруге бағытталған кәсіптік білім берудің түрі. Бұл өндіріс орны үшін экономикалық жағынан тиімді. Маманды қайта даярлауға, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетпейді. Білім алушы жастар үшін өмірдегі өз орнын ерте табуға мүмкіндік туады, жұмысқа ерте араласып, бейімделеді.

Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальдi жүйесі – кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол, кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда технологиялық, диплом алдындағы тәжірибелерден өтеді.

Бүгінде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша 3-курс оқушылары «Бипэк Авто» мекемесінде, ал, «Автоматика, телемеханика және теміржол көлігінде қозғалысты басқару» мамандығы бойынша 1-курс оқушылары «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ының «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі», «Шымкент сигнализация және байланыс дистанциясы» мекемелерінде дуалді жүйе бойынша оқиды. Бұл жөнінде тиісті мекемелермен төрт жақты келісімшарт жасалған.

Кез келген шаруашылықты, кез келген өндірісті өздері таңдаған мамандықтарын кәсіби тұрғыдан жан-жақты игеріп, озық технология мен заманауи техника тілін меңгерген нағыз майталман мамандар ғана дамыта алады. Сондықтан еліміздегі өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру міндетін әлеуметтік серіктестік, теория мен тәжірибенің үйлесімділігі атқарады. Бұл үйлесімділік дуальді білім беру жүйесінде жан-жақты өрістей алады. Колледжімізде жаңа оқыту жүйесін енгізу барысында осыған анық көзіміз жетті.

Елдос ӘБДІРАЙЫМОВ, Эльмира ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, Жол-көлік колледжінің арнайы пән оқытушылары.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ