Руханият 0 пікір 2994 лайк

Тұсаусалар кез жеттi

Ақпан 05 / 2019

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Біздің бала күнімізде көкелеріміз жеңгелерімізді атқа мінгізіп немесе трактордың тар кабинасына отырғызып алып қашып әкеле беруші еді. Үйге бір әкеліп енгізген соң көкеміздің ештеңемен шаруасы жоқ, бірнәрсені тындырып тастағандай шіреніп «мен әкелуін әкелдім, ендігісі сіздердің міндеттеріңіз» дегендей, маңғаз қалып танытып, екі қолын қалтасына салып шікірейіп, шіреніп тұратын. Мұнан соң ауыл-аймақтағы кемпір-сампырларға кәдімгідей жұмыс табылып қалады. Жаңа ғана босаға аттаған келінге орамал жабудан басталатын түрлі жоралғыларды жасауға кіріседі.

 

Қыз әуелгіде орамал салдырмай әлекке салады, содан кемпірлерді өлімші күйге түсіріп барып «амалсыз» көнеді. Осыны көріп өскен біз «е, үйлену деген осындай екен ғой» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, бұл екі жастың отау құруға амалсыздан барған әрекеті екен-ау. «Қалың мал» төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан әуелі бірін-бірі ұнатқан соң қыз келісіп, соңынан екі жақ кездесіп, осындай амалға барады екен ғой.

Бірақ, бұл бара-бара қызды зорлықпен, еркінен тыс алып қашатын жалпы бұқаралық сипатқа ие болды. Өзі қаламайтын жігітке барған қыз «басқа салды, біз көндік» деп барған жерінде сыңсуын айтып қала беретін. Тағы бірі босағада көлденең жатып алған кемпір-көпірден аттап өте алмай, амалсыз қалып қоятын. Алайда, осы «ата дәстүрден» аттап кете алмау көп келіннің басына сор болып та жабысты. Жұбайлық өмірде бір-бірімен тіл табыса алмай, талай ошақтың ойраны шықты.

«Қыз алып қашу» бүгін де бар. Осы жерде дәстүрге байланысты тағы бір жәйт еске түседі. Бұрын қыздарымыз тұрмысқа шыққанға дейін басына қызыл орамал салып жүруші еді. Қазір осы дәстүр ұмытылды. Тіпті, мұны біреулер ескірген, көнерген дәстүрлер санатына қосып жүр. Соның салдарынан «қыз» деп алып қашып келгені «келіншек» болып шыққан талай оқиғаны да естідік. Егер келіншек басына ақ жаулық салып, ұзын етек көйлек кисе, «ұрылар» оны сырт айналып жүрмес пе еді? Әйтпесе, бүгінде қызы қайсы, келіншегі қайсы, ажыратып болмайды.

Иә, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ал, осы озық пен тозықты ақсақалдар, әжелер, ата-аналар кеңестері жұртшылыққа қаншалықты деңгейде түсіндіріп жүр? Бізде атауларынан жаңылысатын көптеген ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты семинарлар, сырласу сағаттары өтіп тұрады. Солардың ішінен біз қозғаған мәселеге байланысты қандай шара өтті екен? Тиісті қоғамдық ұйымдар осындай тақырыптарға семинарлар, кездесулер өткізіп, олары оң нәтиже беріп жатса, қандай ғанибет?! Ендеше, тозығы жеткен әдеп-ғұрыптарға тұсау салатын кез де жетті емес пе?

Түркістан қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ