Спорт жаңалықтары

Қаңтар 31 / 2019

 

7-10 ақпан аралығында Шардарада ауыр атлетикадан облыс біріншілігі өтеді. Дүбірлі додаға 2003-2004 жылдары туған жасөспірімдер қатысады. Былтыр наурыз айында өткен облыстың ашық біріншілігінде жергілікті спортшылардан бөлек Алматы, Қызылорда облысының спортшылары да бақ сынаған еді. Биыл Шардарада жалауы желбірейтін додаға өңіріміздегі барлық аудан, қалалар команда әкелмек.

 

***

«Ордабасы» футбол клубы бас бапкер Кахабер Цхададземен арадағы келісімшарт мерзімін ұзартты. Грузиялық маман шымкенттік клубтың тізгінін өткен маусымның орта шенінде алған еді. Ол командаға ел чемпионатында төртінші орын алуға көмектесіп, Еуропа лигасының жолдамасын әперген. Бірнеше жыл алматылық «Қайратты» баптаған коуч енді тағы бір жыл Шымкентте жұмыс істейді. Клуб президенті Нұржан

Қалтаев грузин маманынан жоғары нәтижелер күтетінін айтты. Клуб басшылығы бас бапкерге ел чемпионатында жүлдеге іліну, еурокубоктік ойындарда сәтті өнер көрсету міндетін қойды.

***

Алматы қаласында Д.Қонаевты еске алуға орай еркін күрестен өткен республикалық турнирде облысымыздың өрені топ жарды.

2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер қатысқан додада О.Жауынбаев І орын иеленді. Кентау қаласындағы Б.Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде білікті жаттықтырушы М.Аққошқаровтан тәлім алып жүрген балуан осылайша облыс мерейін асқақтатты. Осы мектептің спортшылары Талдықорған қаласында дзюдодан өткен жасөспірімдер біріншілігінен де олжалы оралды. Ұлдар арасында 42 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерасыл Ахметбеков қарсылас шақ келтірмеді. Облыс қоржынына тағы бір алтын медальді 63 келі салмақ дәрежесінде күрескен Ақбота Қыдырәлі салды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ