Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Жалған ақпар жарға жығады

Қаңтар 29 / 2019

 

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Кеше кешкісін әлеуметтік желілерде «Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында орын алған бұзақылық сипаттағы күш қолдану оқиғасы» жайлы ақпар тарады. Бұл хабар іле ауыздан-ауызға көшіп, татулыққа сына қаққысы келгендер мұны ұлтаралық қақтығыс ретінде топшылап жатты. Алайда, жұртшылықты дүрліктірген хабар «еріккеннің ермегі» болып шықты. Мұны Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады. Олардың мәлімдеуінше, оқиға Сайрам ауданында емес, Өзбекстан Республикасында болғаны анықталған. Бұл туралы көрші елдің Бас Прокуратурасы арнайы мәлімдеме жасап, орын алған оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарының басталғанын хабарлаған.

 

«Ойыннан от шығады» демекші, жалған ақпарат таратқан кез келген адам ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабына сәйкес арнайы жауапкершілікке тартылатындығын көпшіліктің есіне салғымыз келеді. Онда қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандар бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын көрсеткен. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе коммуникация желілерін пайдалану арқылы жалған ақпарат таратқандар үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ