Экономика 0 пікір 2929 лайк

Жанар-жағармай бағасы таяу уақытта өспейдi

Қаңтар 28 / 2019

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақстанда бүгінгі таңда жанар-жағармай қоры жеткілікті. Оған еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудан өткізудің нәтижесінде қол жеткізілді. Сондықтан да нарықта бензин немесе дизель отыны тапшылығы орын алуы дәл қазіргі уақытта мүмкін емес.

 

Облыстық жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қ.Қамбаровтың айтуынша, бүгінгі кезде сұйық отынға қажеттілік өңір мен Шымкент қаласы бойынша айына 35-40 мың тоннаны құрайды. Өз кезегінде Шымкент мұнай өңдеу зауыты жергілікті нарыққа облыс үшін 48 мың тонна, мегаполиске 14 мың тонна жанар-жағармай өндіріп отыр. Яғни қазіргі таңда облыс пен қалада мұнай өнімдерінің 20 мың тоннаға артық қоры бар. Қ.Қамбаровтың пікірінше, мұндай көрсеткіш тарихта бұрын-соңды болмаған. Соның есебінен болса керек, бензин бағасы аздап болсын арзандаған. Бүгінгі таңда АИ-92 маркалы бензин жергілікті жанар-жағармай бекеттерінде 150-155 теңгеден босатылуда. Сол себепті қауымдастық төрағасы алдағы күнде жанар-жағармай бағасының қымбаттауына ешқандай негіз жоқ деп есептейді. Алайда, Қ.Қамбаров сұйық отынның экспортқа шығарылуына ресми рұқсат берілгенін тілге тиек етіп, мұның соңы бағаның өсуіне әкелуі мүмкін деген болжамын да айтқан. Оның осы сөзінен кейін іле-шала Үкіметте жанар-жағармайға қатысты ресми мәлімдеме жасалды. Бұл туралы ақпарат республикалық телеарна жаңалықтарынан да көрсетілді. Онда ҚР Энергетика вице-министрі Б.Ақшолақов Қазақстанда бүгінгі жағдайда тұтынудан бөлек 1 млн. тонна сұйық отын артылып қалып жатқанын мәлімдеді. Ресми билік өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта министрліктің бұйрық жобасы әзірленіп жатыр. Егер оған жауапты өзге ведомстволар келісімін берсе, алдағы 3 айда Ресейден жанар-жағармай тасу уақытша тоқталады. Үкімет мұндай қадамға отандық мұнай өңдеу зауыттарын қолдау мақсатында барып отыр. Б.Ақшолақов, сондай-ақ, өз сөзінде Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасы 150-155 теңге аралығында саудаланып жатқанын, бұл өз кезегінде көрші мемлекеттермен салыстырғанда ең төменгі баға екенін атап өтті.

Ал, Ресейде керісінше, қаңтардың алғашқы күндерінде сұйық отын бағасы 2 пайызға қымбаттады. Көктемге қарай оның құны тағы да өседі деген болжам бар. Әлемде мұнай бағасы түсіп жатқанда Ресейде неге жанар-жағармай құны көтерілуде? Сарапшылар мұның себебін қосымша құн салығы ставкасының және отын акциздерінің 1,5 есеге қымбаттауына байланысты деп түсіндіреді. Өткен жылдың қазан айында Ресей үкіметі елдегі 10 ірі мұнай өндіруші компаниялармен бензин бағасын өсірмеу жөнінде өзара уағдаласқан еді. Алайда, соған қарамастан жанар-жағармай құнын бір қалыпта ұстап отыру мүмкін болмай тұр. Ресейде бензин бағасы бөлшек сауда секторындағы жағдайға байланысты қалыптасады. Бұған «инфляция минус» үдерісінің де тигізетін әсері мол. Сондықтан сарапшылар жанар-жағармай қымбатшылығынан құтылудың жолын екі мәселеден іздеуге кеңес береді. Оның біріншісі, баға қалыптастыруды көтерме сауда секторына ауыстыру қажет болса, екіншісі, отын акцизінен бас тарту керек. Осы ұсыныстар іске аспағанша Ресейде бензин бағасы арзандамайды. Өйткені, бөлшек саудадағы бағаның қалыптасу механизмі осындай.

Қытай үкіметі болса осымен бесінші мәрте бөлшек сауда секторындағы бензин мен дизель отынының бағасын арзандатты. Сондай-ақ, АҚШ-пен арада жүріп жатқан сауда-саттық соғысының кесірінен ұлттық экономикасының өсімі баяулап қалғанына қарамастан жанар-жағармайдың құнын төмендетіп, әр екі апта сайын нарықтағы бағаның жағдайын бақылап отыр. Қытай сарапшыларының айтуынша, аспан асты елі мұнай өнімдерін жалғыз ғана тұтынып қоймайды, сонымен бірге, өндірумен де айналысады. Сондықтан баға тұрақсыздығының салдарынан Қытай нарығына деген сенімділік жоғалмау үшін әрі миллиондаған тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында үкімет осындай қадамдарға баруда.

Экономист С.Жобаев жанар-жағармай бағасын елімізде осыдан екі жыл бұрын мемлекеттің өзі реттеп келгенін айтады. Нарықтық экономика заңдылығына сай бензин мен дизель отынының бағаларын содан кейін барып еркін айналымға жіберді. Дегенмен, сарапшының пікірінше, мемлекет нарықта жанар-жағармай құны шарықтап кетпеу үшін экономикалық белгілі бір тәсілдерді қолданып, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырады екен. Соның бірі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, яғни мемлекеттік меншіктегі жанар-жағармай құю бекеттері арқылы нарық сұранысына сай белгілі бір бағаны бекітіп қояды. Өзге жекеменшік жанар-жағармай құю бекеттері бәсекелестікке төтеп беру үшін амал жоқ олар да бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Бензин құнын тым арзандатпаса да бәсекелесінің, яғни «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі жанар-жағармай құю бекеттері белгілеген бағаға сәл де болса жақындатып қояды. Оның үстіне, Ресейде бензин қымбат. Оның өнімі Қазақстанның ішкі нарығына импортталған жағдайда елімізде жанар-жағармай құнының өсуіне сөзсіз ықпал етеді. Ресейлік мұнай өндірушілер өздерінде баға жоғары болса да экспорттан ұтылып қаламыз деп қорықпайды. Өйткені, оларға Ресей үкіметі тарапынан қолдау көп көрсетіледі. Айталық, «Газпромнефть» секілді ірі мұнай компаниясына жеңілдік ретінде сыртқа экспортталатын мұнай өнімдері үшін алынатын кедендік төлемдерін азайтып береді. Экономист маманның мәліметі бойынша көрші елде бүгінгі таңда АИ-92 маркалы бензин бағасы 220-240 теңгеден саудалануда.

Қорыта айтқанда, алдағы уақытта елімізде бензин мен дизель отынының бағасы өспейді. Бұған үкіметтің өзі кепілдік беріп отыр. Демек, бұл жаңалыққа алдымен шаруалар қуанса болады. Өйткені, көктем мен күзде нағыз маусымдық жұмыс қызатын шақта жанар-жағармай бағасы қымбаттап, фермерлердің қаражаттан тарығып, қиналып жататыны әбден үйреншікті жәйтқа айналып кеткен. Сөз соңында қосарымыз, жанар-жағармай жетіспеушілігі деген мәселе мұнайлы елімізде түбегейлі шешімін тауып, шаруалардың жанармай проблемасынан шаршаған күндері енді қайтып оралмайтынына бек сенейік.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ