Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Қазынаға қол салған, қол салғанда мол салған...

Қаңтар 28 / 2019

 

Батырлар туралы жырларда «Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салды...» деп жырланушы еді, бүгін кейбір есепшілер туралы сөз бола қалса, «Қазынаға қол салды, қол салғанда мол салды...» дейтін болдық. Бұлай деуімізге Сарыағаш ауданындағы С.Ысмайылов атындағы №5 жалпы орта мектебіне жүргізілген аудиторлық тексеру қорытындысы себеп болды. Тексеру барысында мекеме есепшісінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысқа барып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтіргені анықталды. Атап айтар болсақ, ол 2014-2017 жылдары түрлі қаржылық қитұрқылық әрекеттері арқылы мемлекеттің 34 миллионнан астам теңгесін желге ұшырған. Енді мұны рет-ретімен баяндасақ.

 

ҚР Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы №393 санды «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп алуды жүргізу қағидалары» бұйрығының 187-тармағында көрсетілген талаптарын басшылыққа алмай, мекеме қызметкерлері мен жұмысшыларына атқармаған қызметі үшін үш жыл бойы еңбекақы ретінде қаржы аударып келген. Ал, олардың жалақысынан ұстамау үшін аудандық салық басқармасы мен зейнетақы төлеу орталығына жалған құжат әзірлеп, оны бухгалтерлік есебіне тіркеп отырған. Арада біраз уақыт өткен соң құжатты есептен шығарып, «іс бітті, қу кеттіге» салуды әдетке айналдырған. Осылайша, штаттық кесте бойынша жұмыс істемейтін қызметкерлер мен жұмысшыларға еңбекақы ретінде 23 миллионнан астам теңгенің заңсыз аударылғаны белгілі болды.

Есірген есепшінің құлқыны мұнымен бітелмейді. Енді ол әлеуметтік жағдайы төмен және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға бөлінетін қаражатқа да көз тігеді. Оларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту үшін ешқандай құжат талап етпей-ақ қаржы аударады. Ал, мәселенің заңдылық жағына келсек, ондай отбасының орташа күнкөріс деңгейінің төмен екендігін растайтын құжаты, ай сайынғы табысы, отбасы мүшелерінің саны мен жұмыссыз екендігін дәлелдейтін анықтамасы болуы қажет. Қаржы сол тапсырылған құжаттың негізінде бөлінуі тиіс. Осындай тәсілмен ол 2014-2016 жылдары жалпы 2 миллион теңгеден астам сома көлеміндегі заңбұзушылыққа жол берген. Бұдан өзге мұғалімдердің дәптер тексеруі, сынып жетекшілігі, ақылы кабинет жүргізуі және зияткерлік қосымша ақысын қосып есептеп, штаттық кесте бойынша жұмыс істемейтін адамдарды кезекті еңбек демалысына шығарған. Нәтижесінде үш жыл бойы 5 миллионға жуық теңгенің негізсіз аударылғаны анықталды. Іссапар шығындарына да 714 мың теңгенің артық аударылғаны әшкере болды.

«Мың асқанға бір тосқан» демекші, Сарыағаш аудандық соты Қылмыстық кодекстің 241-бабында көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін есепшіні кінәлі деп тапты. Қазіргі таңда оның 25 миллион теңгесі бюджетке қайтарылды. Қалай десек те, қазына қаржысын қалтаға басып, жалған құжаттар толтырып, оңай олжаға құныққандар түптің түбінде жазадан құтылмасы анық.

Айман ТЕМІРХАНОВА, Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің №2 сәйкестік аудиті бөлімінің бас маман-мемлекеттік аудиторы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ