Тоғызқұмалақ – ұлттық брендiмiз

Қаңтар 28 / 2019

 

Тоғызқұмалақ осыдан 4 мың жыл бұрын пайда болған дейді тарихшылар. Кейбір ғалымдар тоғызқұмалақ одан да ертеректе пайда болған деп жорамалдайды. Тоғызқұмалақ қазақ халқының ең ежелгі ұлттық спорт түрі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, талай ғасырлық тарихы бар осы ұлттық құндылығымыздың насихаты аз болып жатқандығы көңілге кірбің ұялатады.

 

Аңызға сенсек, бұл спортты ең алғаш қой бағып жүрген шопандар ойлап тапқан. Олар ойын тақтасы ретінде жерде қазылған шұңқырларды, тастардың орнына қойдың кепкен құмалағын пайдаланған. Содан болар, бұл спорт «Қойшылар алгебрасы» деп аталады. Бұл спорт қойшылардың ермегі ғана емес, олардың ой-өрісін дамытатын құрал болған.

Тоғызқұмалақ ойыны екі адам арасында өткізіледі. Ойын тақтасында 2 қазан, 18 отау, 162 тас болады. Бірінші болып жүріс жасаған адам бастаушы, қарымта жүрістің иесін қостаушы деп атайды. Жүріс жасау үшін ойыншы өз отауындағы ұяшықтардың бірінен бір тасты қалдырып, өзге тастарды солдан оңға қарай салып шығады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың отауында тұрған тақ санды жұп қылса, онда ол тастарды өзінің қазанына ұпай ретінде салады.

Тоғызқұмалақ – адамның ой-өрісін дамытатын интеллектуалды спорт түрі. Тақтадағы ойын тактикасы адам өміріне де әсер етеді. Тоғызқұмалақшы үшін алдағы өмірді дұрыс бағдарлау, оған сай жоспар құру, уақыттан кешікпеу, барлық нәрсені уақытында орындау секілді дүниелер үйреншікті дағдыға айналады. Мен ойын стратегиясын өзімнің жеке отбасылық өмірімде де пайдаландым. Тоғызқұмалақ ойнау арқылы асығыс шешім қабылдау әдетінен арылдым. Алғаш тоғызқұмалақпен айналыса бастаған сәтте небәрі 9 жаста едім. Ол кезде мен үшін бұл спорт жай ғана балалық ермек болды. Жарыстарға бару, сыйлықтар алу маған қосымша мотивация берді. Мектеп бітірген соң өзімнің армандаған мамандығыма оқуға түстім. Алайда, тоғызқұмалақты тастай алмадым. Тоғызқұмалақ мені тастамады десем артық айтқандық емес. Үлкен жарыстарға шығып, бірнеше спорттық нормативтерді орындадым. Мықты спортшылардың қатарына қосылып, стипендия ала бастадым.

Бастапқыда айналамдағы адамдар біртүрлі қарайтын. «Сендер қойдың құмалағымен ойнайсыңдар ма сонда?» деп келемеждейтін. Ол кезде бұл спорт әлемдік аренаға әлі бас сұқпаған-ды. Кейіннен әлем чемпионаттары өтті. Бүкіл әлем қазақтың осы бір спорт түрін мойындай бастады. Содан кейін барып менің айналамдағы адамдардың ойы өзгере бастады.

Бірақ, әлі де ата- аналар балаларын бұл спорт түріне беруге асықпайды. Себебі, насихат аз. Шетелдіктер де үйрену үшін бізден ақпарат сұрайды. Олардың сұранысын қанағаттандыру үшін жақында екі кітап жазып шықтық. Оның бірінде бір жылғы ең үздік 250 ойын жазылса, екіншісінде шеберлер тоғызқұмалақ спортына талдау жасаған. Осы кітапты жазу барысында шахмат ойыны туралы кітаптарды ақтардым. Сонда ұққаным, екі спорттың даму деңгейі жер мен көктей екен. Шахмат туралы мыңдаған кітап жарық көрген, әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Алайда, екеуінің адамның ой-өрісіне, ақылына тигізер пайдасы бірдей десек қателеспейміз. Егер тоғызқұмалақ туралы кітаптар көптеп басылып, шет тілдерге аударылса, бұл спорт біздің ұлттық брендімізге айналар еді.

Әсел ДАЛИЕВА, ҚР спорт шебері, тоғызқұмалақтан 8 дүркін әлем чемпионы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ