Жарыс жолында – марафоншылар

Қаңтар 28 / 2019

 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жастар арасында «Қыс – 2019» марафоны өткізілді. 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілер мен мектеп жасындағы жасөспірімдер қатысқан марафон Абай атындағы мәдениет үйінің алдынан бастау алды. Қала мен ауылдық округтерден келген 500-ге тарта жас Абай, Төлеби көшелері арқылы жүгіріп өтіп, орталық стадионда мәре сызығын қиды.

 

Спорттық шара соңында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған міндеттер мен Жастар жылы аясында жүзеге асатын жоспарларды атап өтті. Мұнан соң марафонға белсене қатысып, жүзден жүйрік шыққан желаяқтарды марапаттады.

Жасөспірімдер арасында мәре сызығын бірінші болып Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Ғани Маман кесіп өтсе, «Жаушықұм» мектеп-лицейінің оқушысы Мұқтархан Қарымсақ ІІ орынды, М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Сергей Чельтенов ІІІ орынды иеленді. Қыздар арасында М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Динара Мәмбетназарова І орынды, осы мектептің тағы бір оқушысы Диана Шаммасова ІІ орынды, Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Әсел Құдайберген ІІІ орынды иеленді. Мемлекеттік қызметкерлер арасында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Жұмасұлтан Бердешов І орынды, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Нұрқанат Кеңесов ІІ орынды, аудан әкімі аппаратының ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Ермек Бердібеков ІІІ орынды иеленді.

Шардара ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ