Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Сот шешiмi орындалуымен құнды

Қаңтар 24 / 2019

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында қылмыстық және азаматтық істерге қатысты іздеу жариялаудың өзекті мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Басқосуға аудандық сот төрағасы Е.Рахманберді, Қаратау ауданының прокуроры К.Хандиллаев, аудандық полиция бөлімінің, пробация, адвокаттар алқасының, әділет департаментінің өкілдері мен жеке сот орындаушылар қатысты.

 

Аудандық сот төрағасының айтуынша, былтыр қылмыстық істер бойынша 29 сотталушыға іздеу жарияланып, прокуратураға кері қайтарылса, 27 іс сотқа қайта жолданған.

– ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 335-бабы 1-бөлігінің негізінде сотталушы сотқа келмеген жағдайда іс кейінге қалдырылуы тиіс. Сондықтан сот дәлелді себептерсіз келмеген сотталушыны күштеп әкелуге, сол сияқты оған қатысты бұлтартпау шараларын қолдануға немесе өзгертуге құқылы. Ал, жасырынып жүрген сотталушыны іздестіру сот қаулысымен жарияланады. Алайда, бізде іздеу жарияланбаса, сотталушыны күштеп әкелу жөніндегі соттың қаулысы өз деңгейінде орындалмайды. Содан кейін сот амалсыздан іздеу жариялайды, – деді Ермахан Рахманберді.

Жалпы, сот актісін орындау, сотталушыны сотқа жеткізу учаскелік инспектордың тікелей міндеті десек, көп жағдайда олар осы міндетіне атүсті қарап жатады. Көпшілігінде олар сотталушының тұрғылықты мекенжайын түпкілікті зерделемей, сотқа баянхат түсірумен ғана шектеледі. Ал, заңдылығында баянхат тиісті құжаттардың негізінде жазылуы тиіс. Онда туыстарының, көршілерінің түсініктемесі мен жергілікті органнан анықтама, тиісті акті болуы қажет. Былайша айтқанда, сот актісінің орындалмауына полиция және пробация қызметкерлерінің өнімсіз жұмысы мен прокуратура тарапынан бақылаудың жоқтығы себеп болып жатады.

Басқосуда азаматтық істер бойынша аудандық соттың судьясы Ләззат Әуелбекова баяндама жасап, борышкерлерді іздеуге байланысты түйткілді мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, алимент өндіру ісіне байланысты мәселенің күрделі екенін алға тартты. Жиынға қатысушылар осы мәселелер төңірегінде пікір алмасып, оны бір ізге түсірудің оңтайлы жолдарын іздестірді.

Қалай десек те, соттың беделі оның шешімдерінің мүлтіксіз орындалуымен құнды. Ал, сот беделінің арғы жағында мемлекет беделі тұрғанын естен шығармайық.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ