Экономика 0 пікір 2902 лайк

Мұраты биiк Мұратбек

Қаңтар 24 / 2019

 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жетісай ауданындағы Атамекен ауылдық округінің тұрғыны, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының төрағасы Мұратбек Жұмабеков Мырзашөл өңірінде лимон өсіруді қолға алды.

Бағбан осыдан 3 жыл бұрын 18 сотық жерге лимон еккен. Тәжірибе алмасу мақсатында көршілес Өзбекстан елінің бағбандарын шақырыпты.

 

– Сарыағаш ауданында лимон өсіріп жүрген бағбан досым болды. Сол маған лимон өсіруге кеңес берді. Алғашында мән бермегеніммен, кейіннен досымның осы сөзі көкейімнен кетпей қойды. Содан шындап ойлана бастадым да, тәуекел етіп лимон өсіруге құлшына кірістім. Бұрын-соңды айналысып көрмегендіктен, бұл мен үшін мүлдем беймәлім сала еді. Өзбекстанға арнайы барып, диқандардан лимон ағашын баптап, өсіру әдістерін өз көзіммен көріп, үйреніп қайттым, – дейді бағбан.

Диқан алғашында 200 түп лимон көшетін Ташкенттен алдырған. Бірақ, оның ішінде 50-60 түптей ағаш тамыр алмай, қурап қалыпты. Содан көшеттерді өздері әзірлеп, жерсіндіріп, қайта еккен. Жұмысы өз нәтижесін беріп, барлығы жақсы шыққан. Қазір Мұратбек Жұмабеков лимон көшеттерін сатумен де айналысады.

– Қандай да бір жеміс ағашы ерекше мәпелеуді, уақтылы күтімді талап етеді. Лимон да солай. Ең бастысы, лимон ағашы егілген жердің топырағы құнарлы болуы маңызды. Себебі, сор жерде лимон ағашы көктемейді. Оны мезгілімен суару керек. Биыл алғаш салған лимон жемісін жинап алдық. Шүкір, әр түптен 10 келіге жуық өнім алдық. Диқандар қарауы жақсы болса, бірнеше жылдан соң бір түптен 100 келіге дейін лимон алуға болатынын айтады. Бұл жеміс түрі 25-40 жылға дейін өнім береді екен. Осы жылы 2 тонна дәруменді өнім жинап, оның 100 келісін Жетісай қаласы мен Мырзакент базарларына саудаға шығардық. Ал, қалған бөлігін Ресейге жөнелттік. Лимонды саудаға шығарған сатушылар біздің лимондарымыздың Қытай, Өзбекстан өнімдеріне қарағанда өтімді екендігін айтты, – дейді өз тәжірибесімен бөліскен шаруа.

Бір айта кетерлік жайт, бүгінде «Нұрсұлтан» шаруа қожалығында 17 гектардың 6 гектарында шабдалының 1200 түп «Супер лола», 1000 түп «Халима» сұрыптары, 2 гектарында құрма, 18 сотығында лимон, сондай-ақ, 80 мың түп шайлы роза көшеттері отырғызылған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ