«Ордабасыны» қандай өзгерiстер күтiп тұр?

Қаңтар 24 / 2019

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Күні кеше ғана «Ордабасы» клубының белді футболшысы Еркебұлан Тұңғышбаев «Қайраттың» сапына ауысты. Маусымаралық үзіліс шымкенттік футбол жанкүйерлері үшін осындай тосын жаңалықпен басталды. Әрине, жергілікті футбол мектебінен шыққан өреннің биік белестерді бағындыруына тілектеспіз. Алайда, көшбасшы ойыншының басқа клубқа ауысуы командаға әсер етері даусыз. Өткен маусымда ел чемпионатында төртінші орын алып, еурокубоктік бәсекеге жолдама алған «Ордабасыны» биыл қандай өзгерістер күтіп тұр? Бүгін осы сұраққа жауап іздеп көреміз.

 

Команданың бас бапкері грузин маманы Кахабер Цхададзе өз орнын сақтап қалды. Былтыр маусым ортасында келген бапкер шымкенттік клубтың ойынына қан жүгірткен. Еуропа лигасының жолдамасы көзден бұл-бұл ұшып бара жатқанда да жігері мұқалған жоқ. Сол маусым Цхададзе бапкердің командаға керек коуч екенін дәлелдеп берген.

Тағы бір басты жаңалық, командадағы президент кеңесшісі ретінде «Астана» клубының бұрынғы президенті Саян Хамитжановтың келуі болып отыр. «Астана» клубын Еуропаның үздік 50 клубының қатарына қосқан білікті маман шымкенттік клубқа да пайдасын тигізеді деп сенеміз.

Команда әзірге легионерлермен толыққан жоқ. Есесіне үш қазақстандық ойыншыны қатарына қосып үлгерді. «Астана» сапында 4 дүркін чемпион болған Алексей Щеткин енді шымкенттік клубтың намысын қорғайды. Алексей ұлттық құрама сапында 19 ойын өткізген. Тағы бір астаналық ойыншы Дмитрий Непогодов та жаңа маусымда «Ордабасы» қақпасын қорғайды.

«Тобыл» сапында ойнаған Ресей футболының түлегі Марат Быстров та шымкенттік клубтың жейдесін киді.

Әзірге бұл футболшылар команда көшбасшыларына айналады дегенге сену қиын. Себебі, олардың бұрынғы командаларында көрсеткен көрсеткіштері ала-құла. Есесіне команда бұрынғы мықты ойыншыларын сақтап қалды. Пабло Фонтанелло, Абдуллай Диакате, Кирилл Ковальчук, Тимур Досмағамбетов пен Мардан Төлебек алдағы маусымда да шымкенттік клубтың намысы үшін тер төкпек. Былтыр «Тараз» сапында ойнап, бірінші лиганың үздік ойыншысы атанған шымкенттік өрен Сағадат Тұрсынбай да туған жерге оралды. Команданың тағы бір лидері Никита Бочаровтың «Ордабасыда» қалу-қалмауы әзірге белгісіз. Жақында ғана қостанайлық әріптестеріміз «Тобыл» клубының жаттығуынан әлеуметтік желіге фотосуреттер жүктеген болатын. Жаттығу жасап жүрген футболшылардың арасында Никита Бочаровты аңғару қиын емес... Кейіннен ол фотосурет барлық желілерден өшірілген еді.

Келер жылы Еуропа лигасында өнер көрсететін «Ордабасы» айтарлықтай күшейген жоқ. Қысқы «трансферлік терезенің» ашылғанына да көп бола қоймады. Дегенмен, жанкүйерлер «Ордабасының» сапын сапалы легионерлер толықтырады дегенге сенеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ