Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2851 лайк

Сарыағашта 13 нысан пайдалануға берiлдi

Қаңтар 12 / 2019

 

Гүлдана Айходжаева, «Оңтүстік Қазақстан».

2019 жыл Сарыағаш ауданында жаңа нысандардың пайдалануға берілуімен басталды. Атап айтқанда, осы аптада ауданда 5 балабақша, 2 мектеп, 4 медпункт, барлығы 13 нысан пайдалануға берілді. Оған қоса Жамбыл ауыл округіне қарасты Бекбота, Майдабозай, Қалғансыр, Көпқұдық, Байғабыл елді мекендерінде электр желілерінің біткен нысандары іске қосылды.

 

Сонымен, «Балапан» бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында бір күнде 5 балабақша ашылды. Соның бірі – Жібек жолы ауыл округіне қарасты Жаңақұрылыс елді мекенінде орналасқан 125 орынды «Айша апа» бөбекжайы. Аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев пен облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов нысанның салтанатты ашылу рәсімінде ауыл тұрғындарын жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, бүлдіршіндерге сыйлық сыйлады. Кәсіпкер бұл ғимаратты салу үшін 160 млн. теңге жұмсаған. Қазір 23 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл күні тағы «Нұрәлем», «Әлітай», «Жанайым», «Саянтай» атты балабақшалар бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.

Мұнан соң аудан басшысы Сары-ағаш қаласындағы Қапланбек оқу-шаруашылығындағы «Ер есімі – ел есінде» обелискісіне гүл шоқтарын қойды. Аталған ескерткіш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтірілген.

Осыдан тура 8 жыл бұрын мектеп апатты жағдайда тұрған еді. Соның салдарынан оқушыларды басқа мектепте оқытып, әуре-сарсаңға түсіп жүрген мұғалімдердің кеше төбесі көкке жеткендей болды. Сарыағаш қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп жаңадан 900 орынды болып қайта ашылды. 2017 жылы құрылысы басталған ғимарат толығымен аяқталып, оған жалпы сомасы 1 млрд. 300 млн. теңге жұмсалды.

Дәл сол күні Тегісшіл ауылына қарасты Мәдениет елді мекенінде 300 орынды М.Жұмабаев атындағы №49 мектебі ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бүгінгі заман талабына сай қолға алынып отырған модульді құрамалы медициналық пункт Таскескен, Мәдениет, Құрсай, Әлімтау елді мекендерінде ашылды.

Сарыағаш ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ