Рухани жаңғыру 0 пікір 2850 лайк

Болашақ кәсiпкерлер қолында

Қаңтар 12 / 2019

 

Біздің елдің стратегиялық мақсаты – 2050 жылға қарай әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылу. Ал, бұл мақсатқа адам басына шаққандағы жалпыұлттық өнімнің өсуі, тұрмыс сапасы, экологиялық жағдайдың «жасыл стандарттарына» сай болуы, халық денсаулығының, көңіл-күйінің, әлеуметтік жағдайының жақсы болуы нәтижесінде жетуге болады.

 

Міне, осы көсеткіштердің сапалы түрде орындалуын қамтамасыз ету үшін Елбасының 2018 жылы 5 қазан күні жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келелі міндеттер қойылды.

Біріншіден, жалпыұлттық өнім дегеніміз – өз елімізде шығарылған өнімдер. Ал, оны кімдер шығарады? Әрине, кәсіпкерлер. Яғни біздің болашақтағы өркендеуіміз сол кәсіпкерлердің қолында. Мемлекеттің одан әрі дамуы үшін кәсіпкерлерді барынша қолдап, бизнестері аяққа тұрып кететіндей жағдай жасау қажет. Сондықтан Елбасы осы Жолдауында бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастыруға баса назар аударды. Себебі, бизнес арқылы жалпыұлттық өнім көлемі өседі, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осылайша қазақстандықтардың басым бөлігі еңбекпен, табыспен қамтамасыз етіледі. Осы сөздің аясында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартып, бұл үшін тағы да 30 миллиард теңге бөлу керектігін айтты. Біздің ойымызша, бұл бастама айтарлықтай мультипликативті нәтижеге қол жеткізеді. Себебі, бұл кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.

Екіншіден, адамның тұрмыс сапасы қай кезде жоғары болады? Әрине, оның табысы жоғары болған кезде. Еліміздің Тұңғыш Президенті Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді міндет етіп қойды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтитын болады. Бұл жағдай төмен жалақы алатын халықтың жалақысының өсуі тек абсолютті түрде емес, сонымен қатар, жалақының жеке салық салынбайтын бөлігінің өсуі әсерінен болатыны мәлім. Оған қоса, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы 35 пайызға өспекші. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керектігін айтты.

Үшінші айта кететін жайт, ел Президенті бизнесті заңсыз қысымнан қорғау керектігін ерекше атап кетті. Бұл жағдай бизнестің өркендеуіне әсер етпек. Елбасымыз 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуді тапсырып отыр.

Төртіншіден, Түркістан облысы – агроөнеркәсіптік бағытта дамитын өңір. Бұл салада еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту керектігін және бұл орайда мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттігін, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы беделді «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалану керектігін айтты.

Бесіншіден, 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет деген тапсырмасы – үлкен тарихи маңызы бар шешім. Себебі, бәрімізге белгілі, Оңтүстік Корея, Жапония және тағы басқа дамыған елдер тығырықтан шығу үшін білім мен ғылымға ЖІӨ-нің 30 пайыз үлесін бағыттаған болатын. Оның нәтижесін бүкіл әлем көріп отыр.

Сонымен қатар, Елбасы осы Жолдауында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес, Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы формализм мен бюрократизм, сондай-ақ, қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін жүргізілетін реформалардың механизмдері туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Мұның барлығының орындалуы Қазақстанды 30 өркениетті елдің қатарына жеткізудің алғышарты және тиімді жолы болады деп есептеймін.

Алтын ЕСІРКЕПОВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Басқару және бизнес» жоғары мектебі экономика кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ