Қанағаттан қанаттанған қайраткер

Қаңтар 12 / 2019

 

Ғұмырында көлденең жолдан бір сабақ жіп алмаған, қанағатпен қанаттанып, қарапайымдылықтың ерен үлгісін көрсетіп кеткен қазақтың қайсар да адал ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаев туралы шындық әлі де түгел айтылып біткен жоқ. Өз заманының заңғар тұлғасы қалай дегенде де біздің санамызда адалдықтың алдаспаны, тазалықтың таразышысы, қарапайымдылықтың қағидасы болып қала береді. Ол Қазақстанды басқарып тұрғанда 40-тан астам қала салдырды. 1967 жылы Қонаевтың бастамасымен жедел түрде Кіші Алматы өзенінің жоғары жағына бөгет салынды. Ал, 1973 жылы Медеуде мықты плотина – алып бөгет салынып, Алматы тұрғындары селден болатын үлкен қауіп-қатерден құтылды. Біз, сондай-ақ, Павлодардың атауын Хрущевоград деп өзгертуге талаптанғандарға Қонаевтың қарсылық білдіргенін де ұмыттық. Хрущев Маңғыстау түбегін Түркіменстанға қоспақ болғанда да Қонаевтың табанды қарсылық танытқанын еске ала бермейміз.

 

Міне, осындай асыл азаматты жыл сайын туған күнінде ғана емес, әр кез еске алып отырсақ жарасады. Ол – ұмытылмайтын тұлға. Мен осындай айтулы тұлғамен бір күн ғана дәмдес-тұздас болған едім. Бүгін соның мән-жайын баяндап берудің сәті түсіп отыр.

Төбе би – Төле би бабамыздың есімі Ленгір ауданына берілді де соның құрметіне үлкен ас ұйымдастырылатын болды. Осы тұста бабаның 330 жылдығы да бірге аталып өтілетін болып шешілді. Осы ұлан-асыр жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлын шақырып келу аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жұмабек Қыстауов пен колхоз төрағасы Кенже Жолымбеков және маған тапсырылды. Сол күні жолға шығып кеттік. Пойыздан түсіп, үсті-басымызды реттеп, тамақтанып алған соң аға пәтерінің қоңырауын қақтық. Есікті бір орыс келіншегі ашты. Біз оған ауылдан үлкен кісіге арнайы сәлем бергелі келіп отырғанымызды жеткіздік. Әлгі орыс келіншек пәтерге кіріп кетті де іле қайта шығып:

– Дінмұхамед Ахметұлы сіздерді 10 минуттан соң қабылдайды, – деп хабарлады.

«Демек, ол кісі бос емес екен ғой» деп ойладық. Біз асыл ағаға Төле би баба туралы шыққан кітапты ала келген едік. Сол кітап біз тоқтаған қонақүйде қалып кетіпті. «Қайтып келгенше қолы босап та қалар» деген оймен кері қайттық. Сол екі аралықта бір жарты сағаттай уақыт өтті-ау шамасы. Біз қайтып келіп, қоңырауды басқанда жаңағы таныс келіншек есікті ашып, «сіздерді Дінмұхамед Ахметұлы күтіп отыр» деді.

Үшеуміз иық тірестіріп үлкен бөлмеге кірдік. Аға бұл бөлмеде жоқ екен. Біздің көзімізге бірден кітап сөресі түсті. Үлкен қабырға тұтастай сірескен кітапқа толы. Жол бастаушымыз бізді түкпіргі бөлмеге бастады. Дінмұхамед Ахметұлы жазу үстелінде отыр екен. Бізді көріп орнынан тұрып, ежелгі таныстарын көргендей жылы жүзбен қарсы алды. Амандасып болып, басқа бөлмеге өттік.

– Сіздерді 10 минуттан соң кірсін деп едім. Кешіктіңіздер. Сосын «бұлар шалды не қылсын?!» деген оймен жазуыма қайта отырған едім, – деп күлді.

Біз ыңғайсызданып қалдық. Тегі, өзімізден де бар. Асып-сасып жүріп кітапты ұмытып кеткен жаңғалақтығымызға ұялдық. Бізді ұялтпайын деді-ау шамасы, аға күлімсіреп:

– Иә, жол болсын! Қайдан келдіңіздер? Ауылдағы ел-жұрт аман ба? – деп жөн сұрады.

– Дінмұхамед Ахметұлы, Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа аудан ашылды. Ол Төле би бабамыздың атымен аталады. Осыған орай үлкен бір шара өткізгелі отырмыз. Сол тойға өзіңізді арнайы шақыра келіп отырмыз, – деп біз келген шаруамызды баяндай бастадық.

– Өте жақсы. Оң шешім болған екен. Қуаныштымын. Мүмкіндік болса баруға тырысамын. Мен мемлекет басшысы болып тұрғанда да бағынатын бір адамым бар еді. Сол кісі не дейді? – деп бізге қарады.

Біз ол кісінің кім екенін қайдан білейік. Зухра Шәріпқызы жеңешеміз бұл кезде қайтыс болып кеткен еді. Жұмбақ кісінің кім екенін ағаның өзі айтты. «Ол – менің жеке дәрігерім» деді. Сосын тың бір әңгіме бастады.

– Ана бір жылдары «Қапал–Арасан» шипажайында ем алып жаттым. Қайтар жолда жеке дәрігерім бір сыр айтты. Менің осында ем алып әрі демалып жатқанымды есітіп, талай адам сорпа-суын алып келген ғой. Сонда жеке дәрігерім «ол кісіге кіруге болмайды» деп сәлем бере келгендерді үнемі кері қайтарып отырыпты. Мұны естіген соң мен аздап ашуланайын дедім. «Дұрыс болмаған. Олар көп болса менің 2-3 минут уақытымды алар еді. Енді солардың бәрі Қонаев бізді қабылдамады деп ренжіп кетті ғой. Қап, әттеген-ай!» деп дәрігерге кейідім. Дегенмен, оған бағынбасқа болмайды. Егер жеке дәрігерімнің жүрегі жібіп «бара қойыңыз» десе, неге бармасқа?! – дегенде бәріміз қуандық.

Мұнан соң Дінмұхамед Ахметұлы нарық заманындағы ауыл тұрмысын түгін қалдырмай сұрады. Облыстағы белгілі тұлғаларды да сұрастырды.

– Мен еңбек демалысындағы адаммын. Мемлекет басқарып тұрғанда ағалап тұратын інілерім, үзеңгілес достарым көп еді. Қазір солардың бірі де ат ізін салмайды. Оңашада отырып ойланамын. Кімге қиянат жасап едім? Күнәм қайсы? Қызметтен кеткеннен кейін есігімді тек Олжас Сүлейменов ашып тұрды. Шетелдердегі қандастар жағдайымды сұрастырып отырды. Дегенмен, бәріне де ризамын. Жеке көлігім, автокөлік жүргізушім бар. Үкіметке рахмет! – деп бір тоқтады.

Ол кісімен күнде кездесе бермейміз. Үлкен кісі әңгімесін үзбесе екен деп отырмыз. Біраз үнсіздіктен кейін ол кісі әңгімесін сабақтады.

– Қызметтен кеткеннен соң мені мәскеуліктер көп әуреледі. Мына Желтоқсан көтерілісі олардың жанына қатты батса керек. Мені қайткенде де қылмысты етіп шығару үшін Мәскеуден КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушісі Калиниченко деген тісқаққан біреуі келіп, ай бойы тергеді. Ол мені торға түсіру үшін Асанбай Асқаров пен Дүйсетай Бекежановты пайдаланып көрмек болды. Бірақ, онысынан түк те шыққан жоқ. Қайбір жылы 75 жасқа толғанда маған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшелері жапон теледидарын сыйлаған. Ол кезде екінің бірінің үйінде мұндай теледидар болмайтын. «Бюро мүшелері жапон теледидарын Қонаевқа пара ретінде берді» деген нақақ жаламен Калиниченко менің үстімнен қылмыстық іс қозғамақ болыпты. Теледидардың бағасы сол кездегі бағамен 2 мың сом екен. Оны Үкімет есебінен 22 мың сомға алды дегіздіріп Финанс министрлігіне жалған құжат та дайындатып үлгеріпті. Бюро мүшелерінің бірнешеуі қол да қойып берген ғой. «Димаш Ахметұлы, қақпанға түскен жеріңіз осы» деп өзі күлмең қағады. «Сол теледидар қайда? Әлде туыстарыңыздың біріне сыйлыққа бердіңіз бе?» деп қадалып сұрайды. Мен «машина шақыртыңыз, теледидар тұрған жерді көрсетейін» дедім. Сонымен, жүріп кеттік. Орталық Комитет ғимаратының алдына тоқтаттым да, бұрын өзім, кейін Колбин отырған бөлмеге бастадым. Колбин орнында жоқ екен. Хатшы қызға есікті ашқызып, ішке кірдік. Қабырғадағы шкафтың ішінде жапон теледидары пайдаланбаған күйі тұр еді. Калиниченко кешірім сұрады. Ол менің пара алғанымды осылай дәлелдей алмады. Бірақ, араға аз ғана уақыт салып, мені тағы шақыртты. Бұл жолы шетелдерге шыққанда маған ұсынылған сыйлықтарды желеу етті. Ол өзіне жақсы таныс Мирошкин дегенге сыйлықтардың бағасын шығартыпты. Ол сыйлықтарды 107 мың сомға бағалапты. Осыны алға тартып, мені кінәламақ. Мен тергеушіні Орталық мұражайға алып бардым. Мұнда «Қонаевқа сыйға тартылған заттар» бөлімінде маған тарту етілген толып жатқан сый-сияпаттар рәсімделініп қойылған екен. Тергеуші тағы да тұтықты. Содан кейін әлгі Калиниченко прокуратураға тағы да шақыртты. «Димаш Ахметович, Сіз 20 жылдан бері ай сайын Қазақ КСР Ғылым Академиясынан 750 сомнан ақша алып келіпсіз. Мұны жоққа шығара аласыз ба?» деп күлімсіреді. «Рас, Ғылым Академиясының академигі ретінде мұндай ақша маған тиесілі» дедім мен. «Жоқ» деп Калиниченко столды қойып қалды. «Мен заңгерлерден сұрадым, Сіз КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі ретінде басқа жерден ақша алмауға тиіссіз. 20 жылда қанша ақша алғаныңызды санап көріңіз. Бұл қаржыны қайда жұмсадыңыз?» деп қадалды тағы да тергеуші. «Айтайын» дедім мен. Бұл жолы сол тергеуші екеуміз Алматыдағы №3 балалар үйіне жол тарттық. Балалар үйінің есепшісі 20 жыл бойғы келіп түскен қаржының есебін, түбіртегін ұсынғанда Калиниченко есеңгіреп қалды. Алайда, мені алда тағы бір қақпан тосып тұр екен. Бұл арада 50 жыл отасқан жұбайым Зухра Шәріпқызының пайдасы тиді. Ол жылдар бойы үйге алған ыдыс- аяқтың, теледидар, тоңазытқыштың, тағы басқаларының қай дүкеннен қай уақытта, қандай бағаға алынғанына дейін түбіртектерін жинап жүр екен. Осыдан соң тергеуші менің алдымда тізерлеп отырып кешірім сұрады. Мен оның басынан сыйпап, «Сен кінәлі емессің. Сені жұмсаған адамдар бар. Сені түсінемін» дедім. «Қанша жыл тергеу саласында жүріп сіздей адал адамды бірінші рет кездестіруім» деп тергеуші қайта-қайта кешірім сұрап, Мәскеуіне ұшып кетті. Міне, жігіттер, сондай-сондай бастан өткен жағдайларды жинақтап мемлекеттің қаламсабымен «Өтті дәурен осылай» деген кітап жазып жатыр едім, – деп Дінмұхамед Ахметұлы демін алды.

Осыдан соң Димаш аға бізден «Жеті аталарыңды білесіңдер ме?» деп сұрады. «Білеміз, білеміз» деп оқушылардай шу ете қалдық.

– Дұрыс жігіттер, жеті атасын білмеген жігіт өзге жұртқа жүйелі сөз айта алмайды. Біздің ата-бабаларымыз Бәйдібектің үшінші әйелі Зерептен туған Жалмәмбеттің Ысты деген бел баласынан тарайды. Бәйдібектің әкесі – Қараша би. Одан әрі Ақсақал, оны Абақ деп те атаған. Түбіміз –Үйсін. Ал, өзіме дейінгі жеті атамды қуаласам былай тізіледі. Жолым, Нұрманбет, Азынабай, Қонай, Жұмабай, Меңліахмет, Дінмұхамед. Ал, енді елге дұғай-дұғай сәлем айта барыңдар. «Ата, сізге бара жатыр едік» деп ертерек хабар айтқандарыңда дайындалып отыратын едім. Зухра Шәріпқызы да бақилық болып кетті. Қазақта «қуыс үйден құр шықпа» деген сөз бар. Мені ыңғайсыз жағдайға қалдырдыңдар-ау. Сендерге не сыйласам екен? – дегенде көзімізге лықсып жас тұнды.

Димаш аға қоштасарда еңкейіп барлығымыздың маңдайымыздан сүйді. Біз де оны сүйейін деп едік, бойы ұзын екен. «Алла алдарыңнан жарылқасын!» деп есік алдында күлімсіреп шығарып салып тұрған асыл атаның нұр бейнесі көз алдымнан әлі де кетпейді.

Ең өкініштісі де сол, Димаш ата тойға келе алмады. Өкініш өзекті өртейді. Бірақ, тағдырдың жазуынан адам қашып құтыла алмақ емес.

1993 жылдың 22 тамызы күні бүкіл Қазақстан жұрты қара жамылды. Мен жыл сайын атамыздың туған және өмірден өткен күндері 200-300 адамға дастарқан жайып, Құран оқытып жүрдім.

2012 жылы Д.Қонаевтың туған жері Бақанаста атамыздың 100 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен адамдар көп жиналды. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиктер, профессорлар, жазушылар көп еді. Ғылыми конференция алдында аудан орталығын аралап көрдік. Абыз атаға деген құрмет шығар, Бақанас жайнап, жасарып кетіпті. Қайда қарасаңыз да мұнтаздай таза дүние көресіз.

Ғылыми конференцияны Д.Қонаев атындағы қордың төрағасы Кеңес Аухадиев ашты. Атақты академиктер, қарымды қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қайталанбас тұлға туралы қымбат сөздерін, қимас сезімдерін нөсерлетіп жатты. Солардың ішінде айтылған бірер сөз әлі де жадымда. Бір азамат мінберге шықты.

– Батыс Қазақстан облысының тұрғынымын. Кіші жүзбін. Мәскеуде жоғары оқу орнын бітірдім. Мені Ресейдің бір түкпіріне қызметке жіберді. Арада біршама уақыт өткенде соңымнан әке-шешем іздеп келді. «Балам, ауылға қайт» деді екеуі де. «Қалай?». «Димаш Ахметұлына хат жаз». Ойланып-толғанып әрі әке-шешемнің сөздерін қимай, Қонаевқа хат жаздым. Қонаев мені Алматыға алдырып, Жоспарлау комитетінен қызмет бергіздірді. Соңымнан тағы да әке-шешем келді. «Енді сен пәтер сұра» деді екеуі. «Ұят болады. Алматыға алдырды, қызмет берді» дедім мен. Әке-шешем «үйсіз-күйсіз жүруге болмайды» деп күнде құлағыма құя берген соң Қонаевқа хат жаздым. Бұл жолы маған 3 бөлмелі пәтер тиді. Бір жылдан кейін «Қонаев шақырып жатыр» деген хабар келді. «Балам-ау, өзіңде ұят деген бар ма? Бір жыл бойы тым-тырыс жатып алдың. Тым құрығанда кіріп, алғысыңды айтып шықпайсың ба?» деп айта ма деп қысылып, ұяттан өліп барамын. Қысыла-қысыла кабинетіне кірдім. Димаш Ахметұлы орнынан тұрып, қарсы жүрді. Кабинеттің қақ ортасында кездестік. Ол мені орындыққа жайғастырып болып: «Мәскеуде оқыдың. Ресейді, орыс тілін жақсы білесің. Енді менімен жұмыс істеуге қалайсың? Орталық Комитеттің Мәскеудегі өкілі боласың» деді. Өз құлағыма сенер-сенбесімді білмедім. Содан не керек, асыл ағамен 16 жыл бірге қызметтес болдым. Терең саясаткер, ғұлама ғалым Дінмұхамед Ахметұлы туған ағамдай болып кетті. Мен ол кісінің әруағы алдында басымды иемін, – деді сол азамат.

Міне, осы мысалдан-ақ, Димаш Ахметұлының даналығын, даралығын анық көреміз. Ғылыми конференцияда шетелдерден келген қонақтар да сөйлеп жатты. Облыс әкімі де жақсы сөйледі.

Д.Қонаев музейінің қасбетіне екі плакат ілініпті. Соның біріне Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Неру «Қазақ халқы – өте бақытты халық. Неге десең, Қонаевтай перзенті бар» деген сөзі жазылған. Ал, екіншісінде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – баршамызға ұстаз бола білген ұлы тұлға. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев халқымен бірге мәңгі жасайды!» деген ұлағатты сөзі жазылған.

Ал, бұл сөздерге менің алып-қосарым жоқ.

Дәуренбек САНДЫБАЕВ, Асанбай Асқаров атындағы облыстық қоғамдық қордың төрағасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ