Тастан аға жайлы толғаныс

Қаңтар 12 / 2019

 

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» демекші, тумысынан тұлғасы бөлек Тастан Тоқсейітов ешқашан атақ-марапаттың соңынан қуған емес.

Ол 1939 жылы 16 қаңтарда Сарыағаш ауданындағы Мәдениет ауылында дүниеге келген. «Әке көрген оқ жонар...» дегендей, Тастан ағаның азамат болып өсіп-жетілуіне әкесі Тоқсейіттің жанкешті өмір жолы кереметтей үлгі болса керек.

 

Әкесі Тоқсейіт ата-анадан жастай айрылып, жетімдік тауқыметін көріп өседі. Өгем тауының бөктеріндегі Жігерген ауылында 1900 жылдың көктемінде Белгібай мен Мысқалдың шаңырағында кіндік қаны тамған екен. Шаңырақтағы екінші ұл Тоқсейіт 9 жасында әкеден, 13 жасында анадан айрылды. Тіпті, бұғанасы қатпаған бала он бес жастағы ағасын ұрып өлтіріп қойған байларға жалданып, жалшы да болады. Бел жазбай жұмыс істеп, үйде жәутеңдеп күтіп отырған бауырларына нәпақа тауып апарады. Әпкесі Айнықша, інісі Жұматай мен қарындасы Құндыздың жалғыз арқасүйер тіреніші өзі еді. Қиындық қамыты мойнына ерте ілінген бозбала шаруақорлығымен ел көзіне ілігеді. Кеңес өкіметінің жауапты басшылары кейін кеудесінде намысы, көзінде оты бар жас жігіттің белсенділігін байқап, қоғамдық жұмыстарға тартады. 1928 жылы Келес аудандық партия комитетінің ұйғарымымен №21 ауылдық Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Арнайы білім алмаса да «дала дипломының иегері» Тоқсейіт Белгібаев 35 жылда бірнеше ұжымшарды басқарған. Ол барғаннан тұралап жатқан ұжымшар еңсесін тіктей бастайды екен. Ауылдан алғаш рет екі жылдық мектеп ашқан. Ташкенттен арнайы ұста алдырып, қыш күйдіретін пеш жасатып, мектеп пен тұрғын үйлер салдыртқан. Бүгінде Сары-ағаш ауданы, Бірлік ауылындағы мектеп Тоқсейіт Белгібаевтың атында. Сондай-ақ, мұражай ашылған және көше атауы берілген. Тоқсейіт атаның өмір тарихы бір кітапқа жүк болардай салмақты да өнегелі.

Міне, осындай атадан тәлім алған Тастан ағамыздың анасы Несібелі он үш құрсақ көтергенімен, перзенттері шетінеп кете берген. Аяулы ана еңбек ете жүріп, ері мен бала-шағасының ас-ауқатын жасап, кір-қоңын жуып, Тоқсейіт ақсақалды күні-түні іздеп келетін қонақтарды да дастарқан жайып, ізетпен қарсы алады екен. Сондықтан болар, ағайын-туыстан бастап, ауылға келген қонақтар дастарқаны жиылмайтын Несібелі апаның үйіне үйірсек болыпты.

Тастан Тоқсейітов 1956 жылы Сары-ағаштағы Сталин атындағы орта мектепті бітірген соң, Алматыда мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру факультетіне түседі. Оны 1962 жылы тәмамдап, Шығыс Қазақстан облысы, Таврия ауданы, «Красно-Алтайский» кеңшарында бөлімше механигі, бас инженер болып қызмет атқарады. Тұла бойы тұңғышы Бақтияр осында дүниеге келеді. Осы жерде өзінің еңбек жолындағы ұстазы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Д.Митяевті ерекше еске алып отырады. Кейіннен Алматы облысының Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарында бас инженер қызметінде болып, іскерлігімен көзге түседі. 1969 жылы Іле ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы, аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Әрине, өз ісін жақсы білетін жас маман бұл өңірде де көзге ілікпей қалған жоқ. Әсіресе, сол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Қазтай Ұлтарақов оның іскерлік қабілетін танып, ел басқаруға баулиды. 1973 жылы Тастан Тоқсейітұлын облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырып алып, «Тастан, әжептәуір мектептен өттің, тәжірибеңнің нағыз толысқан шағы. Жері, суы өзіңе таныс Еңбекшіқазақ аудандық атқару комитетінің төрағасы боласың» деп кесіп айтады. Кейіпкеріміз кездесіп, дәм-тұздас, пікірлес, дос болған жандардың арасында К.Аухадиев, К.Медеубеков, Ж.Сатыбалдиев, М.Молдахмет,

С.Белғожаев, З.Мыңбаев, Т.Есполов сияқты мемлекеттік қызмет көшінің биігінде тұрған азаматтар бар. Ал, Әнуар Ысмайылов сияқты досымен бала күннен жұбы жазылмаған.

Тастан аға Д.Қонаевпен алғаш облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенде кездесті. Ал, кейінгі кездесуінде ол кісіні туған күнімен құттықтай барып, «Димеке, сізге мінгізетін атымыз бар еді...» дегенде үлкен кісі «Рахмет, айналайын! Осы үлкен облыстың бес ауданында жақсы қызмет істедің. Мен оны жақсы білемін. Сол бес ауданның бірінде тұратын, тұрмысы төмен, мұқтаж жан болса сол атты апарып берсең және кейінірек кімге бергеніңді білсем, жақсы болар еді» дейді. Бұл сөзді құп алып, бір жапырақ етіне тиіспей, тұрмысы төмен бір қарияның отбасына апарып берген екен. Д.Қонаевтың қарапайымдылығына тәнті болған оған бұл жайт өмірлік сабақ болыпты.

Тастан Тоқсейітұлы қай өңірге басшылық қызметке барса да әуелі сол жердегі елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алатын. Нарынқол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланғанда аз ғана уақытта 300-ден аса шопанға үй-жай, мал қора салуды ауданның өз күшімен жүзеге асыруына ықпал етіп, халық тұрмысының жақсаруына үлес қосады. Облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің басшысы, одан кейін облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Бұдан бөлек, облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары болды.

Рас, осы уақыттарда үлкен өмір-өзенде Тастан ағаның тағдыр кемесі жарға соғылып, теңселіп барып түзелген кездері де болды. Дегенмен, айналасын таспен емес, адал доспен қоршаған азаматтың рухы түсіп, қайраты қайтқан жоқ. Мәселен, 1986 жылы жазықсыз жаламен жұмыстан шеттетілді. Бірақ, кейін облыс басшылары Т.Тоқсейітовті облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп қайта тағайындады. Тәуелсіздік жылдарында Алматы қаласындағы түрлі кәсіпкерлік құрылымдарда жұмыс істеген ол 2003 жылдан бастап «Алматы агроөнеркәсіп кешені кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ, Іле, Райымбек аудандарының құрметті азаматы. АҚШ, Жапония, Италия, Түркия, Венгрия, Австрия, Голландия, Испания, Канада мемлекеттеріне барып, іс-тәжірибе алмасқан.

Тастан Тоқсейітұлы бес ағайынды болған екен. Бүгінде інісі мен екі қарындасы бар. Зайыбы Шолпан екеуі ұл-қызы Бақтияр мен Эльмирадан немере сүйіп отыр. Бір мақалаға ол кісі жүріп өткен 75 жылды сыйғызу мүмкін емес. Әйтсе де, Түркістан өңірінің тумасы, еңбегін ел таныған тарланның тағдырынан бір үзік сыр ағыттық, ағайын.

Исламбек ОМАРОВ, Алматы қаласының «Руханият» кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ