Экономика 0 пікір 2830 лайк

Күнжiт егудiң пайдасы қандай?

Қаңтар 12 / 2019

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Редакциямызға Аманғали Жамбылов есімді шаруа арнайы бас сұғып, әкімдер жерден, қаражаттан көмектессе, биыл көктемде күнжіт егіп, өзге диқандарға оның артықшылығын көрсетсем деген ниетін жеткізді.

 

Ұзақ жыл Өзбекстан Республикасының Жызақ облысында тұрып, сонда ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ағамыз күнжіт дақылын қалай өсіруді сол жақта үйренген. Жай егіп қоймай, өзінің ойлап тапқан агротехнологиясы бойынша мол өнім алған, сонымен бірге, елге көшіп келген соң майлы дақылды өңдейтін құрылғы ойлап тауып, сол инноваторлық идеясы үшін грант та ұтып алған. Шаруаның ендігі мақсаты – күнжіттің пайдалы әрі оңай өсірілетін дақыл екендігіне диқандардың көзін жеткізіп, жан-жақты насихаттау. Сол үшін жергілікті билік суармалы егістік, жұмсалатын шығын жағынан қол ұшын созар деген үмітпен редакциямызға келіп отыр екен.

– 2014 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы жергілікті өнім өндірушілердің көрмесін өткізген. Сонда мен өзімнің тауарымды ұсындым. Күнжіттің сорайған бір құшақ сабағы мен дәні жұрттың назарын өзіне аударғанымен әкімдердің ішінен тек Мақтаарал ауданының сол кездегі басшысы Серік Тұрбеков қана оның қандай дақыл екенін танып қойды. Бүгінде Шардара, ол кезде Қазығұрт ауданының әкімі Болатбек Қыстауов қызығушылық танытып, менен күнжіт жайлы біраз нәрсе сұрап білді. Мен оған Қазығұртта «Айко» дейтін кондитерлік цехы менен 300-400 келі күнжіт өнімін алып тұратынын айттым. Бірақ, ол кезде мен күнжітті өндірістік көлемде екпегендіктен әкімнің ұсыныс-тілегі аяқсыз қалып еді. Бұл майлы дақыл облыстың Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарында ғана азырақ егіледі. Егістігінің көлемі осы аудандарда әрі кетсе 1-1,5 гектарды ғана құрайды. Қазіргі уақытта өңірімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді әртараптандыруға талпыныстар жасалуда. Яғни жылда бір дақылды бір жерге еге бермей, оның орнын басқа дақылдармен ауыстырып отыруға көңіл бөлінуде. Мәселен, Жетісайда зәйтүн ағашын отырғызу қолға алынуда. Бірақ, бұл мәселеде үмітпен қатар күдік те жоқ емес. Өйткені, бұл аймаққа не ексе де шығады, алайда, бірнеше жылдан соң тамыры сорға жеткенде зәйтүннің қурап қалу қаупі туындайды. Әсіресе, мұнда мәуелі ағаштардың тамыр байлап, өніп кетуі өте қиын. Көп жағдайда 7-8 жылдан соң қурап қалады. Оның себебі біреу ғана—топырақтың тұздануы мұнда өте жоғары. Дегенмен, тәжірибеде тұрған ештеңе жоқ. Кім білсін, мүмкін зәйтүн ағашы да жерсініп кетер, — дейді А.Жамбылов.

Бір кездері шаруаның ұсынысына қолдау білдірген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сол кездегі басшысы Қанатбек Оспанбеков өңірімізде 5 мың гектарға күнжіт егу мәселесін қолға алатындығы жөнінде уәде берген көрінеді.

Бүгінгі таңда диқандарды қинап тұрған жазда болатын су тапшылығы екендігі белгілі. Әсіресе, суды көп талап ететін мақта секілді дақылдар өсірумен айналысатын аймақтарда тіршілік нәрінің жетіспеушілігі көбірек сезіліп жатады. Сондықтан шаруаның пікірінше, көп су жұмсалмайтын ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарай көшуіміз керек. Ал, күнжіт осындай дақылдардың бірі саналады. Оның үстіне, Тәжікстан елі су электр стансасын салып, Сырдың суын бөгейін деп тұр. Су электр стансасының 6 энергоблогын шетінен іске қосқан сайын бізде су тапшылығы жылдан-жылға айқын біліне бастайды.

Диқаншылықта ең оңай егіс түріне ақ егіс жатқызылады. Яғни арпа мен бидай. Бірақ күнжітті егу одан да оңай екен. Әрі кететін шығыны да арпа мен бидайға қарағанда ондаған есе төмен. А.Жамбыловтың айтуынша, 1 гектар суармалы жерге 250 келі тұқымдық бидай жұмсалады. Ақшамен есептегенде ол шамамен 37 мың теңгедей болады. Ал, күнжітте әрі кетсе 2 мың теңгедей-ақ шығын шығады. Мұнымен қоса, 1 тонна бидай 4 гектар жерге ғана себілуге жетсе, 1 тонна күнжіт дәнін 200-250 гектар жерге ойланбай егіп шығуға болады. Әрі күнжіттің паясы малға азық. Майлы дақыл болғандықтан оны жеген төрт түлік тез семіреді.

Қазіргі нарықта күнжітке деген сұраныс өте көп. Себебі, бұл өнім көптеген салаларда, әсіресе, тамақ өнеркәсібінде, медицинада көп қолданылады. Сол үшін де күнжіт еккен диқан оны ертең өткізе алмай қалмаймын ба деген қорқынышты ойдан аулақ болғаны жөн. Ең бастысы, ауыл шаруашылығында жаңа бастамаға бет бұрған азаматтарға бар тәжірибесін үйретуге дайын тұрған А.Жамбыловтай білікті маман бар. Тек ол кісіге керегі – жер мен қаражат. Осы мәселенің шешілуіне көмегін көрсете алатын жандар болса, шаруа да диқандарды күнжіт егудің бүкіл қыр-сырына қанықтыруға әзір.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ