Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2843 лайк

«SARavto» ЖШС жарады!

Қаңтар 12 / 2019

 

Гүлдана Айходжаева, «Оңтүстік Қазақстан».

Сарыағаш ауданы мен қала ішінде автобустар көптеп қатынай бастады. Мұның өзі тұрғындардың ризашылығын туғызып отыр. Мәселен, қазір Сарыағаш ауданынан 23 бағытта қоғамдық көлік жүруде. Осыдан кейін көпшілік бұрынғыдай бағасы ұшып тұрған таксидің қызметіне көп жүгіне бермейтін болды.

 

«SARavto» ЖШС-нің Сарыағаш ауданында жолаушылар тасымалдау саласында қызмет атқарып келе жатқанына бір жылға жуықтады. Серіктестік директоры Дәулет Сүлейменов – жаңашылдыққа жаны құмар басшы. Қазіргі таңда қалаішілік және ауданішілік бағыттарда жүрген көліктердің 70 пайызына GPS-құрылғылары орнатылған. Диспетчерлер аталған құрылғылар арқылы көліктердің жүріс-тұрысын бақылап, нәтижесінде жүргізушілер өз бағыттарында уақытты сақтап жүруге дағдыланды. Міне, осылайша Сарыағашта заманауи технологияларды ендірудің арқасында халыққа қызмет көрсету сапасы біршама жақсарып қалды.

Компания басшылығы болашақта жолаушылар үшін мобильді бағдарламаны іске қосуды жоспарлауда. Оның көмегімен жолаушылар үйінде отырып-ақ өздерінің смартфондарынан қай маршрут қай тұста келе жатқанын көре алады. Жолаушылар сондай-ақ енді кептеліске түсіп қалған автобусты ұзақ күтіп тұрып қалмайды. Оның бәрін мобильді қосымшадан көре отырып, уақыттарын тиімді пайдалана алады.

«SARavto» ЖШС осы тектес технологияларды ескірген автобустарға да орнатып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Серіктестіктің алдағы мақсаты — тозығы жеткен көліктерді жаңарту. Бірақ, жаңа көліктердің шығынын қазіргі таңда халықтың қалтасы көтермейді. Алайда, мемлекет бұл ретте де «SARavto» ЖШС секілді тасымалдаушыларға қол ұшын бермекші.

– Былтыр 10 шілдеде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бекіткен «Автобустық тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешендік жол картасы» бағдарламасы аясында тасымалдаушылардың шығындарын толығымен субсидиялау

жүйесі қалыптастырылуда. Сонымен қатар, «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы тасымалдаушыларға 7% жеңілдікпен 7 жылға лизинг арқылы жаңа көліктер алуға мүмкіндік берілмек. Осы ретте біз де аталған бағдарламадан шет қалмай, көліктерге тапсырыс беріп қойдық. Алла бұйыртса, осы жылдың ішінде

Сарыағаш қаласының тұрғындарына 21 жаңа автобус қызмет көрсетеді, – дейді Дәулет Сүлейменов.

Жалпы, 2019 жыл ұжым үшін жаман басталған жоқ. Бірінші күннен бастап-ақ Сарыағаш ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Бижанов «SARavto» серіктестігінің бес жүргізушісіне Алғыс хат табыстады. Олар: Бәкен Айтқұлов, Қайрат Дадабаев, Сәкен Арынов, Ермұхамет Исаханов, Манапбай Пармашев сынды өз ісінің нағыз шеберлері.

Былтыр Көлік қызметкерлері күніне орай компания қызметкерлері ҚР Инвестициялар және даму министрінің, сол министрлікке қарасты Көлік комитеті төрағасының, Түркістан облыстық мәслихатының және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Убайдулла Мирзатиллаев пен Әлиайдар Әлмұханов секілді көп құрметіне бөленген жандар бар. Ал, Тәуелсіздік күніне орай компанияның үздік жүргізушілерінің бірі Нұрайдар Есенов ҚР Инвестициялар және даму министрінің қолынан Алғыс хат алды.

Міне, Сарыағаш жақта жолаушылар тасымалдау қызметі «SARavto» секілді компания қызметкерлерінің іскерлігі арқасында біршама жақсарып келеді. Халыққа сапалы қызмет ұсынып отырған ұжымның бағындырар биігі әлі алда деп сенеміз.

Сарыағаш ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ