Руханият 0 пікір 2823 лайк

«Перiштенiң қанатындай әппақ қыз»

Қаңтар 12 / 2019

 

Нұркен Нұрғазы 1997 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданында өмірге келген. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың түлегі. Нұркен поэзиясы қазақ әдебиетінің айдынына келіп құйған мөп-мөлдір бұлақ іспетті. Ендеше, құрметті жырсүйер қауым, «Оңтүстік Қазақстан» газеті тұсауын кескелі отырған тағы бір таланттың шығармашылығымен жақынырақ танысыңыздар. Себебі, Нұркен келешекте ақын ретінде қалыптасуы, өсуі өздеріңіздің бүгінгі берген бағаларыңызға байланысты болады!

 

ҚЫЗ АРЫ

Тана көзін сүзді… …бірақ, сол түні,

Қыздың демін жұтпадым мен.

Салқыны

тимесін деп тағдырының, бəрінің,

Терезесін қағып тұрдым арының.

Қағып тұрдым терезесін арының:

Жарығыңды сөндірмеші, жарығым...

 

Балаң сезім қалса екен деп тартпада,

Сабырымды күн көзіне қақтағам.

Жігіт ары – жалпақ дүние үстінде,

Қыздың ары қыл үстінде сақталар...

 

Үзілмегін, ар атындай бақ-бақ қыз,

Періштенің қанатындай əппақ қыз,

Сол бір түні дер кезінде тоқтап біз,

Түнеугүні шаңырақтың сен түскен

Түтінінің түзулігін сақтаппыз.

 

Қатын – жолда...

Қарағым, жол есебі

Сұлу қыздың шашынан сор еседі.

мен шеткері тұрушы ем би кештерде,

билей алмау – себебім емес еді.

 

Сезім – үміт болғанда, сертім – сенім,

Дауаламай көруге толқын соңын.

Жарық сөнсе, аш қолдар... ащы жасқа

тойынатын болды-ау деп қорқушы едім.

 

Бала едім ғой... сол бір би ұнамады,

Сана ішінде жаңғырып тұрады əлі:

«Алақаннан ыстықты сезінбестер

Белге көшеді екен» деп жылағаным.

 

ЖАСЫРЫНБАҚ

Мұңның бəрін көңілді əнмен сүздім,

Күйін кешіп қайтеміз дəрменсіздің...

Жасырынбақ ойнайық!

Жасырынып

Сіз менің жүрегіме,

ал мен – сіздің…

Көзіңізді жұмыңыз,

Нұр көріңіз,

Жұма алсаңыз

өмірді сүргеніңіз.

Жүзге дейін санаңыз,

Санап жатып

Мен жайында түс көріп үлгеріңіз.

Көздерімді жұмайын...

Жасырыну -

Ойын емес балаға, асыл ұғым.

Перзентіміз балдырған екеуміз де

Жасырынбақ жайлаған ғасырының...

 

...Еһ,

Аспан-ай!

Өзіне болған ие!

Періштелер жұлдызды қолдан үйер!

Жүзге келіп кідіріп қалмаңызшы,

Мəңгі санай берейік,

Bon, la lumiиre?

 

Түнгі аспанға қаралық ауық-ауық,

Шоқ жүрегі түннің де ауырады...

Тауып алып жүрмесін

Еш-кім біз-ді!

Тауып алып жүрмесін...

тауып алып...

 

 

РОМАНС

Үзіп алып сізден күлкі, менен бақ,

Тағдыр жүр ғой екеумізді тең алдап.

Маңдайымнан сүймеңізші, жазмышым

Ерніңізге жұғып қалса не болмақ?

 

...Ал тамыздың құшағына құмар күз,

Құмар күзге сіз едіңіз сыңар қыз.

Бір жапырақ бақыт үшін енді біз

Ну орманды тінтімейтін шығармыз.

 

Күлкіңізді күтіп едім сол маңда,

Қайда, қалай тозаң келіп қонды арға?

Болашаққа ап кетер ем арайлы,

Өткеніңіз өкінішсіз болғанда.

 

Сөйлемеңіз жүрегіме кеш келіп,

Себебі бар – сетінесе кесте үміт...

Өмірімде естелік көп. Еееһ, мені

Кешіріңіз, ескерусіз естелік!

 

ҚАЛАЖҰТҚАН

Үмітім-ай, жіліктей мүшеленген...

Жүрегіме жіп емес, кісен өрген.

Сәуір жақтан келеді көктің иісі,

Енді сен де есіме түсе берме!

 

Көктің иісі сіңеді тас түбіне...

Тас түбінен көремін жасты кілең.

Бойым менің аласа болып қалды

Иығымның шамалы пәстігінен.

 

Мезі болып мезгілді маңайлаудан,

Сан ойлардан арылдым арайланған.

Қиялымда қиратқан сол қаланың

Көшесінде елесің қалай қалған?!

 

Түндер келмес аңыз қып айтатын ел,

Бөлмесіне құрбыңның қайта түнер.

Есімде әлі «Кетпеші, қалшы...» деумен,

Жанардағы жасыңды байқатып ең.

 

О, мен сонда алданғам, шырмап тастар

Жылауыңның өзі де қылжақбастау.

Қош! Қиранды қаладан кетем енді,

Елесіңнің көз жасын құрғатпастан.

 

ДӘРУMAN

Өзің де...

Өзгелер де

«Өзім!» - дейді.

Тек сәби мейірімі көз ілмейді.

Өлгендер тірілмейді,

Есесіне

Тірілер өлім жайлы әзілдейді.

 

Есігін балалықтың ашсаң шылап:

Күлесің елден ерек,

Достан жырақ.

«Бұл өмір – қаныпезер!»

«Өмір – ғажап!»

Қысқасы, екеуі де бос сандырақ!

 

Сұлумен танысарсың тойға барып,

Жүзім жеп... шәйдан алып, ойдан алып...

Келерсің жарым түнде...

Келмеймісің?

Келесің, ораласың, әй, қарағым...

 

Сосын кеп хат жазасың, мұң шағасың,

Шишаға шылымыңнан күл саласың.

Күл емес күллі өмірің шығар мүмкін,

Өмір мен күлсалғыштың білші арасын!

 

Атағың алыстағы елге жетсе,

Өткенді ұмытарсың термен өткен.

Бір досың сенен гөрі ақымақтау,

Бір досың сенен гөрі елгезектеу.

Қорықпа,

Бәрі оңалар,

Бәрі оңалар!

Тәуіп шал тасбиығын санамалар.

Намазға жығыларсың жайнамаздың

Үстінде жүрегіңнен жара қалар.

 

Құдай да қарамайды кей кездері,

Аспанның бұлттанғасын ой-көздері.

Бір сәуле кезікпейді жер бетінен,

Болмаса қара аспанды ай кезгені.

 

«Күллі өмір – бір сәттік түс»

деген рас па?

Бар ма екен басқа түсте әлем басқа?

Түсіңе қара мысық кірмеу үшін,

Ұйықтамау керек еді әуел баста...

 

ƏЗІМХАНҒА

...Сен де сүйіп едің ғой...

Мен де сүйгем...

Мен де сүйгем сүйісті төрге сүйреп.

Қалыңмал апармасаң сүйгеніңе,

Өзі түгіл шықпайды жеңгесі үйден...

Көліктерін əрлеген Маңмаңгерше,

Бебеулеткен əппақ қыз алдан келсе

жігіттерді түсінем... күлем сонсоң,

Бақ ішінде сүйіскен жандар көрсем...

Семіре ме адамдар əсел жалап?

көп жаласаң əселді кесел болар...

«махаббат...» деп жүргені

бойдақтардың

үйленгенге дейінгі əсер ғана...

Кешір мені, осыны ерте ұғыппын,

қолымда екен бір ұшы келте үміттің...

ес кіргелі сезімге тас атсам да,

тастай алмай келемін еркелікті...

Мен түбінде есіме батып өлем,

еркелікті қалады бақылап ел...

...сен əлі де сұлудан үміттісің,

ей, бауырым, не деген ақымақ ең...

…сен де сүйіп едің ғой...

мен де... бірақ,

елден екен қонатын ерге жұмақ.

Ақылыңды ала жүр қайда барсаң,

Ақ жүрегің қалмасын желге құлап.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ