Шолпан апа – 250 баланың кiндiк шешесi

Қаңтар 12 / 2019

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Кез келген адам ерінбей еңбектенсе, алға қойған мақсатына қол жеткізе алады. Яғни діттеген биігіңе көтерілгің келсе, ешқашан орта жолда тоқтап қалмауға тиіссің. Сонда арманыңның өзі алдыңнан шығады. Бұл шағын ауылдың мәдени-рухани деңгейін көтеруге атсалысып жүрген Шолпан Шоңғараеваның өмір жолынан түйген ойымыз.

 

Шолпан Өтегенқызы 1954 жылы Созақ ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Жасынан әке ақылымен сусындап өскен арманшыл қыз алдына дәреметі мол дәрігер болуды мақсат етіп қояды. Әлі ұмыта қойған жоқ, алты жасында әкесі сырқаттанып, ұзақ уақыт төсекке таңылады. Кішкентай Шолпан әкесін жақсы көргені сонша, ойынды ысырып қойып, бар уақытын жанында өткізеді. Әкенің аласұрған халін көрген қыз осыдан кейін-ақ дәрігер болуды армандайды.

1974 жылы Түркістандағы медицина училищесін акушер мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын туған ауылы Қарабұлақтан бастайды. Арада бірер жыл өткенде Кентау ауруханасына ауысып, мұнда да тек жақсы жағынан көріне біледі. Кейін қызметін Созақ аудандық перзентханасында жалғастырды. 1991 жылы отбасы жағдайына байланысты Таукентке қоныс аударып, 2016 жылға дейін шағын ауылдың акушері болды. Санап көрсек, ғұмырының 42 жылын кейіпкеріміз акушерлік жұмысқа арнапты.

– Дәрігер болуды арман ететін жандар көп. Алайда, екінің бірінің дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу жеткіліксіз. Сонымен қатар олардың құлшынысы мен адалдығы, адамдығы да маңызды. Дәрігер болатын жанға ең алдымен үлкен жүрек пен өзіңе деген сенімділік қажет. Ұзақ жылғы жұмыс тәжірибемде әріптестерімнің барлығы дерлік жауапкершіліктері жоғары, өз саласының үздіктері болатын. Әсіресе, Бүркіт Арынбеков, Әбіләкім Азнаев сынды білікті дәрігерлердің маған берген ақыл-кеңесі мен еңбегі өлшеусіз. Соның арқасында қаншама адамның дертінен сауығуына себепші болып, ризашылығына бөлендім, – дейді алғыс арқалаған Шолпан апай.

Иә, өмірге ұрпақ әкеліп, адамнан адамның жаратылуы оңай емес. «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде тұрады» деп қазекем оның ана өміріне қауіптілігін екі ауыз сөзге сыйдырып айтқан ғой. Міне, бұл орайда кез келген әйелдің басынан өтетін шешуші қиын шақта солардан кем қиналмайтын, күн-түн демей, ана мен бала күзетінде сақшыдай қырағы тұрып, екеуінің де өмірін сақтауға бірден бір жауапты акушер-гинеколог маманның еңбегі өлшеусіз.

– 1999 жылдың қаңтар айы болуы керек, аяз барынша қысып тұрған кез-тін, – дейді Шолпан апай өткенге ой жүгіртіп. – Таңғы 8-де шақыру түсіп, едел-жедел ауруханаға баруға тура келді. Сөйтсем, Созақ ауылынан қыдырып келген бір әйелдің толғағы басталыпты. Ол кезде ауылдық жерлердегі босандыру бөлмелері жаппай жабылып, толғақ қысқандарды аудан орталығына жіберетінбіз. Әлгі әйелді де дереу Шолаққорғанға жеткізу керек болды. Ол уақытта ақша тапшы, жалақының орнына ұн, азық-түлік беретін кез еді ғой. Әйтеуір қалтамдағы тиын-тебеннің басын құрап, таксимен жолға шықтық. Бірақ, аудан орталығына жетпей, үлкен жолдың бойында толғақ қысып, ақ қар, көк мұзда әйелді босандырып алуға тура келді. Әйтеуір бәрі сәтті аяқталып, ананы да, баланы да аман-сау Шолаққорғанға жеткіздім. Сондағы қуанғанымды айтсаңшы. Адамға өмір сыйлаудың өзі ештеңемен өлшенбейтін баға жетпес байлық екенін сол арпалыс үстінде түсіндім. 42 жыл медицина саласында қызмет етіп жүріп, 250-дей балаға кіндік шеше болыппын.

1993 жылы Таукент әйелдер кеңесінің төрайымы болған ардақты жан содан бері ауылдағы нәзік жандылардың мұң-мұқтажын шешу жолында аянбай тер төгіп келеді. Ақ жаулықты аналар атынан сөз сөйлеп, оларға әр кез құрмет көрсетуді насихаттайды. 2010 жылы «Асыл әжелер» тобын ұйымдастырып, көп жасаған қарияларға, ардақты аналарға құрмет көрсету, жастарға үлгі болу тұрғысында көптеген іс-шараларға бастамашы болды. Әсіресе, аналардың жүріп өткен жолдарын және бала тәрбиесіндегі тәжірибелерін жас отбасыларға үлгі ету, оларға салт-дәстүр, әдет-ғұрып құндылықтарын үйретудегі еңбегі ерекше. Бұл бір жағынан аяулы жандардың көп жылғы еңбектерін үлгі ету болса, екінші жағынан оларды қоғамдық өмірге қызу араластырып, белсенділігін арттыру.

Бұдан бөлек көптеген мәдени-спорттық іс-шаралар, тағлымы мол кездесулер ұйымдастырып, ауданның қоғамдық өміріне белсенді атсалысып келеді. Осындай жұмыстарды атқара жүріп, түрлі марапаттарға ие болды. 2017 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Қайран ерлер, қаһарман ерлер» атты облыстық фестивальға қатысып, арнайы дипломға ие болса, «Күміс көмей әжелер» байқауында 2-ші орынды еншілеп, ауыл әжелерінің өнерден құралақан еместігін облысқа паш етіп қайтты. Өңіріне облыстық ардагерлер кеңесінің «Ұлағат» төсбелгісін тақты.

Шолпан Өтегенқызы бүгінде төрт ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана, мейірімді әже атанып отыр. Төрт ұлы да ана үмітін ақтап, жоғары білім алды. Үлкені Фархат Павлодар қаласындағы «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясында электрик болса, Мақсаты Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің оқытушысы. Бағдаты «Қазатомпром-Орталық» ЖШС директорының орынбасары қызметінде. Ал, Асхаты «Қазатомпром-SaUran» ЖШС-нің аффинаждау цехының технологы. Қазір осылардан сегіз немере сүйіп отыр. Анасына ерекше құрметпен қараған әкесі Шолпанға үнемі «Анаңды сыйла, ол – біздің өміріміздің мәні» деп отырады екен. Әке өсиетін аяулы ана енді немерелеріне өнеге етіп келеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ