Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Биыл 100 мыңнан астам тұрғын үй салынады

Қаңтар 10 / 2019

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында қазақстандықтардың жеке тұрғын үй құрылысына қызығушылығы артқан. Бұл бағдарламаға жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтар да қатыса алады» деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

 

2017 жылы облыс орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысын жалғыз сәулеттік стильде салу үшін пилоттық жоба іске қосылған болатын. Бұл жоба бір құрылыс салушы арқылы жергілікті құрылыс материалдары мен үй құрылысы комбинатының технологиясын қолдануды көздейді. Осының нәтижесінде аталмыш тәсіл 1 шаршы метр тұрғын үй құрылысының құнын 120 мың теңгеден асырмауға мүмкіндік береді.

Сондықтан да жергілікті әкімдіктерде жер теліміне кезекте тұрғандар осы пилоттық жобаға қатысуға және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген дайын үйді учаскесімен қоса сатып алуға, сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жеңілдетілген несие алуға құқылы.

Осындай әдіс бойынша кезекте тұрғандар үшін ай сайынғы төлем алғашқы 5 жылда – 70 мың теңге, кейінгі 10 жылда 56 мың теңге көлемінде болмақ. Мұндай шаралар жыл сайын шамамен 40 мың үй (4 млн. м²) салуға жағдай туғызады. Мәселен, 2017 жылы 184 үй пайдалануға берілген.

2018 жылы бірыңғай сәулеттік стильде жеке тұрғын үй құрылысының пилоттық жобалары жалғасын тапты. Республикалық бюджет есебінен су және электр қуатының желілері тартылып жатыр. Деректерге сүйенсек, былтыр 160 үйдің кілті тапсырылған. Бұдан өзге 179 үйдің құрылысы жүріп жатыр, жиырмасының жобалық-қаржылық құжаттары дайындалды. 5,08 мың шаршы метрді құрайтын 54 жеке тұрғын үй құрылысының сараптама қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстарына байқау жарияланды.

Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында былтыр 40 мыңға жуық жер телімі инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етілді.

ҚР Президенті Н.Назарбаев қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешуге әрдайым баса назар аударады. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты былтырғы Жолдауында тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздің кез келген аймағында жайлы да қауіпсіз үйде өмір сүруге барынша мүмкіндіктер қарастыру жайлы баса айтылған болатын.

Жалпы, тұрғын үй құрылысы және қаражаттың игерілуі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрақты бақылауында. Тұрғын үй құрылысы белсенді дамып келеді, бұл өз кезегінде азаматтардың өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартуға, құрылыс қарқынын өсіруге, сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға ықпал етері сөзсіз.

2019 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен 13 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, бұл – елімізде 100 мыңнан астам тұрғын үй салынады деген сөз!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ