Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Біз қандай дәрігер даярлап жүрміз?

Қаңтар 10 / 2019

 

Мемлекеттің байлығы жер астындағы темір мен көмір, мұнай мен газ, тағы басқа кен байлықтармен ғана өлшенбейді. Оның басты байлығы – халықтың денсаулығы. Оған дәлел – Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев халықтың денсаулығы туралы мәселені әр жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында басты бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

 

Елбасы Жолдауларындағы тапсырмаларды орындау, халық денсаулығын сақтау, оны заман талабын қанағаттандыратын деңгейде ұстау, емдеу ісінде заманауи құралдарды қолдану – дәрігерлердің алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

Нарықтық қарым-қатынастағы бәсекелестікке төтеп беретіндей дәрігерлер даярлау медициналық жоғары оқу орындары мен университеттердің медицина факультеттерінің алдында тұрған мемлекеттік, әлеуметтік маңызы бар міндеттердің бастысы деп қарау керек.

Жалпы, жоғары білім беру жүйесі ғылыми педагогикалық тұрғыдан құрылған, жүйелі түрде бір-бірімен тығыз байланысқан, бір мақсатқа негізделген процестерден тұрады. Осындай процестер арқылы фундаменталды, базалық және клиникалық ғылыми біліммен қаруланған, мамандығы бойынша теориялық және кәсіби дағдыларды толық меңгерген, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бейім мамандар даярлауға болады.

Енді осы бағытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қандай іс-шараларды жүзеге асыруда деген сұраққа жауап іздейік. Министрлік 2017 жылғы 17 шілдедегі №530 бұйрығымен «Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын» бекітті. Осы құжатқа сәйкес

ҚР медициналық жоғары оқу орындары жаңа тұрпаттағы оқу жоспары мен оқу бағдарламаларын алды. Әрине, жаңа жоспар ғылымның, оның ішінде медицинаның даму ерекшеліктерін, шетелдердегі білім беру жүйесінің педагогикалық жетістіктерін ескере отырып жасалған, бұған ешқандай дау айта алмаймыз.

Бірақ, осы жаңа жоспарда әттеген-ай дегізерлік жайттар да жоқ емес. Мәселен, бұрын жоғары медициналық оқу орындарында физика, биофизика, математика деген пәндер жеке-жеке оқытылып келген болатын, кейін бұл пәндер біріктіріліп, медициналық биофизика деп аталынды. 2017 жылғы жаңадан қабылданған жоспарға сәйкес ендігі жерде бұл пән міндетті түрде оқытылатын пәндер қатарынан алынып тасталды. Осыған сәйкес еліміздің көптеген медициналық университеттері аталған пәнді өз оқу жоспарларына қоспай отыр, яғни оны оқып меңгерудің қажеті жоқ, оған бөлінген уақытты клиникалық қажетті пәндерге жұмсаған дұрыс деп шешті. Осы жерде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің осы шешімі қаншалықты дұрыс, мұндай шешім қандай мәселелерге негізделіп қабылданды, шетелдердің жоғары медициналық оқу орындарында бұл пән оқытыла ма деген сұрақтар туындайды.

Алдымен, медициналық биофизика пәні болашақ дәрігерлерге қаншалықты қажет, ол қандай теориялық мәліметтер береді, қандай дағдыларға үйретеді, осыған тоқталайық.

Жалпы, адам денесінде болып жататын көптеген құбылыстарды шартты түрде анатомиялық, физиологиялық, химиялық және физикалық деп бөлу қалыптасқан дүние. Соның ішінде жүректің қан айдауын, көру, есту, сезіну, бұлшық еттің жиырылу және тағы басқа физиологиялық құбылыстардың негізі таза физикалық процестерге келіп тіреледі және аталған құбылыстарды физиканың заңдылықтары арқылы ғана түсіндіре аласыз. Мысалы, жүректің жиырылуы, көру мен есту және тағы басқа құбылыстардың соңғы сатысы жүрек құлақшасындағы синус түйініндегі, көз таяқшаларындағы, құлақтың Корти мүшесіндегі биопотенциалдың пайда болуын және соның негізінде пайда болған токтың нерв бойымен тарауын биофизика қарастырады. Ал, бұл құбылыстардың басы аталған мүшелердің жасушасындағы биопотенциалдың пайда болуына тікелей байланысты. Ал, оның механизмін ашу – биофизиканың басты міндеттерінің бірі. Осындай құбылыстардың механизмін толық түсіндіру тек биофизика пәнінің міндетіне кіреді, өйткені, жасуша потенциалының пайда болуы, токтың таралуы, ұлпа кедергісі мен электрлік сыйымдылығы және тағы басқа көптеген құбылыстарды физиологтар немесе анатомдар түсіндіріп бере алмайды. Бұл – таза физикалық құбылыстар. Мен осы мәселе клиникалық оқулықтарда қалай ашылған деген оймен біраз оқулықтарды қарап шықтым. Ол кейбірінде мүлде қате түсіндірілген, кейбірі механизмін ашып көрсете алмаған. Жүректің жиырылуы, оның өзгерісін өлшеу мен тіркеуді, яғни ЭКГ-ның негізі физикадағы потенциал туралы құбылысқа тікелей байланысты. Кан тамырлар жүйесінің күйін анықтау, яғни қан тамырларының қанға толуын зерттеу электрореография әдісі де физиканың Ом заңы негізінде жүргізіледі. Мұның да негізінде физикалық құбылыс жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Қазіргі кезеңде ядролық медицина үлкен қарқынмен дамуда, оған мысалдар жеткілікті. Аталған әдіс арқылы обыр ауруының пайда болуын жасуша деңгейінде анықтауға қол жеткізілуде. Олардың қатарындағы инновациялық радиотерапевтік құрал «MR Linac», МРТ, ПЭТ және диагностикалық әдістердің негізі атомдық физикада жатыр.

Жалпы медициналық биофизика пәні жоғарыда аталған мысалдармен шектеліп қалмайды. Оның міндетіне болашақ дәрігерлерді медицинада қолданылатын заманауи диагностикалық және терапиялық құралдармен таныстыру, олардың жұмыс істеу принциптерін талдау да жатады. Яғни болашақ дәрігерлерге медициналық техника туралы алғашқы білімнің негізін қалау осы медициналық биофизика пәніне жүктелген.

Қазіргі кезеңде түрлі дәрі-дәрмектермен қатар, сан алуан физикалық факторлар арқылы емдеу де кең тараған. Оған мысал ретінде электрофорезді, Дарсонвалды, ультра жоғары жиілікті (УВЧ) атасақ та жеткілікті. Медициналық биофизика пәні осы аталған терапиялық емдеудің физикалық механизмін ашып, түсіндіреді, яғни электр өрісі арқылы зарядталған иондардың адам денесі арқылы таралуын қарастырады. Бұл жерде де электр өрісі, Кулон заңы, айнымалы және тұрақты ток, элетромагниттік өріс әсерлерінен адам денесіндегі иондардың өзгерісін қарастырады.

Мен бұл жерде өзімнің алдыма биофизиканың барлық мүмкіндігін ашып көрсетуді мақсат етіп қойып отырған жоқпын, тек осы кішігірім мысалдар арқылы медициналық биофизика пәнінің болашақ дәрігерді заман талабын қанағаттандыратын білікті деңгейдегі маман етіп дайындауға қажетті пән екендігін айтқанды дұрыс санадым.

Көптеген елдерде, оның ішінде Ресейдің барлық медициналық жоғары оқу орындарында, Түркия Республикасындағы Гази, Ходжатепе, Чехияның Карлов университеттеріндегі медицина факультеттерінде биофизика пәні оқытылады, кейбір университетте бұл пән 3 жыл бойы оқытылады!

Менің медициналық жоғары оқу орнында қызмет атқарып келе жатқаныма 40 жылға таяды. Соңғы жылдары медициналық факультетке қабылданғандар арасында физика пәнін меңгерген немесе оны аз да болса білетін студенттер жоқтың қасы... Жыл сайын қыркүйек айының басында медицина факультетінің 1-курсына қабылданған студенттерден биофизикаға қажетті физикалық заңдар мен түсініктер туралы мәлімет жинаймын. Сонда байқағаным, ұсынған 40 сұраққа толық жауап бермек түгілі, оның 5-10 сұрағына дұрыс жауап берген студент әлі кездескен жоқ. Оның себебін сұрасам, барлығы бір ауыздан «ағай, сіздің физикаңызды соңғы 2-3 жылда оқымақ түгілі, физика оқулығының бетін ашқан жоқпыз, өйткені, ол пәннен ҰБТ тапсырмаймыз, оған кеткен уақытты биология, химия, т.б. пәндерге арнадық» деп жауап береді. Бұл өте қауіпті тенденция! Болашақ дәрігерге медициналық құралдарды оқып үйрету мен меңгеруіне қажетті теориялық мәліметтер физика пәні арқылы қалыптасады емес пе?! Олай болса, физика пәнінің болашақ дәрігерлерге өте қажеттігін ескеріп, ҚР Білім және ғылым министрлігі медициналық мамандыққа түсетін талапкерлерден физика пәні бойынша ҰБТ тапсыруын жолға қоюы қажет! Жоғарыдағы тенденция жалғаса берсе, біраз уақыттан соң білімсіз, медициналық техникадан «қорқатын» дәрігерлерге көрінетін боламыз. Онсыз да қазіргі кезеңде ауруханалар мен емханаларда көптеген медициналық техникаларды шаң басып жатыр, онымен жұмыс істей алатын білікті дәрігер жоқ.

Қазіргі заманғы медицинаны кеселдің симптомдары мен себебін анықтау және оны жою сияқты көп сатыдан тұратын диагностикалық және терапиялық процесс деп қарастырады. Мұндай процесс клиникалық мәліметтерді жинау, оларды талдау, шешім қабылдау және емдеу сияқты негізгі сатылардан тұрады. Көп жағдайларда аурудың себептерін анықтауда және оны емдеуде дәрігер өз білімі мен тәжірибесімен қатар, қазіргі заманғы диагностикалық және терапевтік медициналық құралдар мәліметі мен физикалық емдеу факторларына сүйенеді. Демек, қазіргі заманғы дәрігерді түрлі медициналық құралдарынсыз өзін жеке алып қарастыру мүмкін емес.

Шетел ғалымдарының зерттеулерiне сәйкес, дәрiгер өзінің бiлiмi мен бiлiктiлiк деңгейіне қарамастан диагностикалау мен емдеу iсiнің 25 45%-ы жағдайында медициналық құрал-жабдықтар мәліметіне сүйенеді. Ресей ғалымдарының зерттеулері бойынша стационарда жатқан аурулардың 80%-ы, амбулаторлық емделуде жүрген аурулардың 60%-ы санаториядағы ем қабылдаушылардың барлығы медициналық техника көмегімен жүргізілетін физиотерапевтік емге зәру. Олай болса, дәрігердің диагностикалық және емдеу іс-әрекеті медициналық құралдардан алынған мәліметтерге және олардың көмегіне тікелей байланысты. Бұдан шығатын қорытынды, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұрын қабылдаған оқу жоспарын қайта қарап, оған медициналық биофизика пәнін міндетті пәндер қатарына қосуы тиіс. Бұл – заман талабы!

Ал, ол пәнді «Медициналық биофизика және медициналық құралдар негізі (немесе техникалар негізі)», ал, орыс тілінде «Медицинская биофизика и основы медицинской техники» деп атаған дұрыс болар еді.

Үсен БАЙЗАҚ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы грантының иегері. Түркістан қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ