Арнайы беттер 0 пікір 0 лайк

Түркiстан: iргелi мақсат, iлгерi қадам

Қаңтар 10 / 2019

 

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»

Н.Ә.Назарбаев.

Түркі әлемінің рухани орталығы саналып келген Түркістанның тарихында алтын әріптермен жазылған 2018 жылдың алатын орны ерекше. Сол ең елеулі оқиғалардың бастысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бұл шаһарға жаңа құрылған Түркістан облысының орталығы мәртебесі берілгені. Осыдан соң көп ұзамай Шымкент мегаполисінен шыққан көш жаңа облыс орталығын бетке алды.

 

Міне, қазір Түркістан облыс орталығы ретінде дамудың жаңа бір сатысына көтерілу қамына кірісті. Қазақстанның, соның ішінде Түркістанның жаңа даму жолдарын Елбасы «ақылды қала, ақылды ұлт үшін» деген бір ауыз пікірмен нақтылап беріп отыр. Түркістанды дамытуға арналған барлық жобаларда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы бар. Мемлекет басшысы 2018 жылдың 29 қыркүйегінде өңірге жасаған жұмыс сапарында облыс активімен кездесіп, Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізген болатын. Жиын барысында: «Бүгін еліміздің тарихындағы ең бір елеулі уақытта кездесіп отырмыз. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Түркістанның дамуы, болашағы қалай болады деген сұрақ бойынша әңгімелесеміз. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеді» деген Елбасы сол комиссия төрағасының есебін тыңдады. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Елбасыға Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарды баяндап, Бас жоспарға лайық үздік жоба анықталғанын мәлімдеді. Айта кетерлігі, Түркістан қаласының Бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылып, нәтижесінде 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Алқалы жиынның айтулы түйіні сол, Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды.

Бұл шешімдер Ұлы дала елінің рухани құндылығының нышаны іспеттес Түркістан қаласында Нұрсұлтан Әбішұлының авторлық жобалары мен мемлекеттік бағдарламалар аясында көлемді істердің бастау алып, мұхит айдынына аттанар алып кемедей жасақталуына жол ашты.

Осылайша көне қаланың болашақ келбетіне ажар беретін іргелі индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруда Түркістан өз орнын айқындау жолына түсті. Президент сенімі мен тапсырмасын аса жоғары жауапкершілікпен қабылдаған Жансейіт Түймебаев өзінің қызметтегі мол тәжірибесін іскерлігімен ұштастыра отырып бүгінде ауқымды-ауқымды жұмыстар атқаруда.

Бірінші, Түркістан қаласының дамуы бойынша 2018-2021 жылдарға арналған даму концепциясы жасалды. Осыған сәйкес Түркістан қаласын 3 аймақ бойынша дамыту жұмыстары әзірленуде. Атап айтқанда, тарихи киелі аймақ – 89 гектар; құрылыс салуды реттеу аймағы – 98 гектар; әкімшілік-іскерлік орталығы 700 гектар аумақта орналасқан.

Екінші, Түркістанда «ақылды үйлер» салынбақ. Француздық Logelis GROUPE құрылыс компаниясы инновациялық технологиялармен жасалған коттедж үйлерді салу жобасын ұсынып отыр.

Үшінші, «ЫРЫС - ӨРКЕНДЕУ» жаңа бағдарламасы. Бағдарламаның ерекшелігі және артықшылығы – ауыл шаруашылығына арналған жаңа техникаларды 9 пайызбен 84 айға, яғни 7 жылға 10 млн. теңгеге дейін кепіл мүлкінсіз лизингке алуға мүмкіндіктің болуы. Осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті жабдықтарды сатып ала алады. Мұнда алдын-ала төлем ретінде 25 пайыз инвестициялық субсидия төленеді.

Төртінші, халықаралық логистикалық орталық. Мақтаарал ауданында оған 9 гектар жер телімі қарастырылып, жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген.

Бесінші, Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өңірлік бағдарламасы. Түркістан облысында 2025 жылға қарай 58 156 тонна етті қайта өңдеп экспорттау көзделуде. 2017 жылы бұл көрсеткіш 29 323 тоннаны құрады. Сондай-ақ, бүгінге дейін өңірімізде 43 375,2 тонна сүт қайта өңделіп келсе, келешекте ол 92 875 тоннаға арттырылмақ. Ал, 7 195 тонна көкөністен дайын өнім алынса, алдағы уақытта 49 195 тонна тауар қайта өңделмек. 2018 жылы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес, қосымша 0,94 мың гектар қарқынды бау, 0,57 мың гектар жүзім, 0,207 мың гектар жаңғақ егілді. Жалпы, облыс бойынша қарқынды баудың көлемі 3,7 мың гектарға жетті. 2019 жылы дизель отынын электронды тарату, 2020 жылы көкөніс-жеміс, бақша, мақта және мал шаруашылығы өнімдерін сатуда электронды сауда-саттықты жүзеге асыру жоспарлануда.

Алтыншы, шетел инвесторларын тарту. Жалпы, 12 қыркүйекте Анкара қаласында қазақстандық-түркиялық бизнес форумда Түркия компаниялары Түркістан облысына 625 млн. долларды құрайтын инвестиция салуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Атап айтсақ, «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысынан 200 га жерге жылыжай салуға, оған 500 млн. доллар инвестиция құюға ниет білдірсе, «Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» компаниясы биыл Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі 5 млн. долларды құрайды. Жоба жүзеге асса, 130-дан астам жұмыс орны пайда болады. «Çalık Enerji» және «Zorlu Holding – Zorlu Enerji» атты ірі компаниялар 50 МВт қуаты бар күн электр стансаларын салуға дайын екендіктерін білдірді. Жобаның жалпы құны – 120 млн. долллар. Сондай-ақ, Үндістан нарығының 90 пайызға жуығын құс етімен қамтамасыз етіп отырған алпауыт «VENKY'S» компаниясы Түркістан облысына инвестиция салуға ниетті болса, кореялық «Хайвилл Қазақстан» компаниясының бас директоры Джон Дэ Канг Түркістан қаласында түрлі әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер салуға ниетті екенін жеткізді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Аудан, қалалардағы индустриалды аймақтардың жалпы жер аумағы 533 гектарды құрайды. Бүгінгі күні Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 80 млрд. теңгені құрайтын 61 жоба іске қосылуда. Нәтижесінде 3 000 жұмыс орны ашылмақ. Аталған 61 жобаның ішінде бүгінгі күні іске қосылған жобалар саны – 22 кәсіпорын.

Жетінші, Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірді.

Сегізінші, қолжетімді баспана. Облыста «7-20-25» бағдарламасын іске асыру мақсатында, Түркістан қаласында жеке салушы және «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы 6 көпқабатты тұрғын үйдің (288 пәтер, 15,6 мың ш.м.) құрылысы басталып, пәтерлерді 2019 жылы пайдалануға тапсыру жоспарланған және барлық үйлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы тарату көзделуде.

Тоғызыншы, «Цифрлы Қазақстан». Мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған бастаманың мақсаты – халыққа сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін іс жүзінде қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында фронт-офис ашылды.

Оныншы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау. Түркістан облысында 2018 жылдың 1 қазаны бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 140 992, оның жұмыс істеп тұрғаны – 129 424. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2010 жылдан қазіргі таңға дейін 43 млрд. теңгеге 1500 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, 2018 жылы аталған бағдарлама аясында 4,4 млрд. теңгеге 400 жобаға қолдау көрсетілген. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке 63 млрд. теңгенің салығы түскен. ПЭТ қалдықтарын және шпательді талшықтар өндіретін «Green technology industries» зауыты, Түркістан қаласындағы түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» кәсіпорны, тауарлы- сүт фермасы базасында ешкі сүтін қайта өңдейтін «Ордабасы ешкі сүт өнімдері» ЖШС, сондай-ақ, Қазығұрт ауданындағы алкогольсіз сусындар өндіретін «Көрік» шаруа қожалығы бар. Бұдан өзге Түркістан облысында 2015-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы инвестиция көлемі 426 млрд. теңгені құрайтын 87 жоба енгізіліп, жаңадан 11 мың жұмыс орны ашылады.

Он бірінші, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы. Түркістан облысында осы бағдарлама аясында 2018 жылы 65 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланса, өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша нақты 54 мың адам жұмысқа орналасқан. Аталған бағдарлама 3 бағыт бойынша жүзеге асырылып, техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз етуге 7953 адам оқуға жолданған. «Әр ауылға өз шебері» акциясы бойынша 2600 азамат оқуға жіберіліп, оның ішінде оқуды аяқтаған 2 мың адамның 1200-і немесе 63 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқытуға 1730 адам оқуға жолданып, тиісті сертификаттарын алған 215 маман 1,1 млрд. теңге көлемінде шағын несиемен қамтамасыз етілді. Шағын несиемен қамтамасыз етуге жоспарланған 792 адамның 543-і 2,3 млрд. теңге көлемінде шағын несие алып, нәтижесінде 842 жаңа жұмыс орны ашылды.

Түркістанға көш түзеген әрбір азаматтың жүрегінде қазір Ұлы дала елі кие тұтатын мекеннің жаңа әкімшілік басқару орталығының қалыптасуына үлесімді қоссам, осылайша туған Отаным алдындағы перзенттік парызымды өтесем деген қасиетті парыз бар.

Ең бастысы, Түркістанда ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарды құнттаған, ертеңгі күнге сенімді, қадамы нық, рухы биік ұрпақтарды топтастырған жаңа шаһар бой көтеруде.

Сейдулла АЙКӨЗОВ, Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы ақпараттық талдау орталығының директоры, тарих ғылымының кандидаты, доцент.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ