Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Бiлiм – басты бағдар

Қаңтар 10 / 2019

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы халыққа арнаған екі Жолдауында Қазақстанның дамыған елдердің қатарына қосылып, озық мемлекетке айналуына бастайтын бағыттарды айқындап берді. Соның ішінде білім беру саласына айрықша мән берілді.

 

Мәселен, Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары жүктеме болып отырғанын айта келе, сала басшыларына оны төмендетуді тапсырды. Сонымен қатар, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, мектептерді ақпараттандыру құралдарымен жабдықтау жұмыстарын талапқа сай жүргізуге де ерекше тоқталды.

Жолдауда мұғалімдердің мәртебесін көтеру жайы да сөз болды. Айта кетейік, елімізде мектеп бағдарламасы жаңартылған білім беру жүйесіне көшірілуде. Оны 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Осы жаңартылған білім беру жүйесі бойынша білімін жетілдірген ұстаздардың айлық жалақысы 30 пайызға көбейді. Былай қарағанда, бұл педагогтарды өзінің кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыруға ынталандырады. Екіншіден, олардың қоғамдағы беделін көтеріп, жастардың педагогикалық мамандыққа деген қызығушылығын арттырады.

Нұрсұлтан Әбішұлы 2018 жылдың қазан айында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты тақырыпта жарияланған Жолдауында білім саласын дамытуға байланысты бұдан бөлек тағы бірнеше міндетті атап өтті. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту және балабақша қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарау мәселесі айтылды. Мемлекет басшысы Назарбаев Зияткерлік мектептердің оқыту жүйесі өзге мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс екеніне де тоқталды.

Еліміздің жоғары оқу орындарында маман даярлау сапасын көтеру мақсатында оларға қойылатын талаптар күшейтілетін болады. «Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы жүктеген осынау ұлы міндеттер білім саласында жүрген басшылардың үнемі назарында болуы тиіс.

Мәдина ТАСҚҰЛОВА, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің бас маманы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ