Руханият 0 пікір 0 лайк

Тарихы терең Тасқұдық

Қаңтар 10 / 2019

 

Лаура Тастанбек, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ даласындағы жер-су аттары – тарихтың хаты. Әр замандарда орын алған тарихи оқиғалар мен табиғи көріністерге, жеке тұлғаларға байланысты дүниеге келген атауларды туған жер төсіндегі рухани таңбалар десек жарасады. Осыған орай, биылдан бастап «Оңтүстік Қазақстан» газеті өлкемізге қатысты тарихи жер-су атауларына арнап «Атаулар сыры» айдарын назарларыңызға ұсынбақ. Сіздің ауылыңызда қандай ерекше атаулар бар және оның шығу тарихы қандай? Осы мәселелер жөнінде ой бөлісіп, хат жазсаңыз болады, құрметті оқырман!

 

Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Тасқұдық елді мекенінің өзіне лайық тарихы бар. Ауылдың бұлай аталуының да сыры тереңде. Аталған ауылда емдік қасиеті мол дермене шөбі өседі. Ауылдың оңтүстігінде Дерменесай орналасқан. Деректерге сүйенсек, алғашқы ұжымдастыру кезеңінде «Дерменесай» ұжымшары осы жерде құрылған. Ауыл тұрғындары сол кезде қорым маңындағы сай қабағынан құдық қазыпты. Тастақ жерде қазылған құдық суы тұщы әрі мұздай болып шығады. Бертін келе халық саны артып, қоныстанушылар көбейген соң «Тасқұдық», «Ортақшыл» деген екі ұжым құрылады. Құдықтың маңайындағы жұрт суды серкенің терісінен жасалған мес, қауғамен шығыр арқылы түйемен, өгізбен тартып шығарып, мал суаруға да пайдаланған. Ал, 1951 жылы жоғарыда аталған екі ұжымшар бірігіп, ол «Ортақшыл» болып аталады.

«Ортақшыл» өзінің тарихи Тасқұдық атауымен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қауышты. Осылайша суының тастай салқын, мұздайлығына байланысты Тасқұдық атанған елді мекенде бүгінде жүзге жуық отбасы тұрады. Ауыл аудан орталығы Шаяннан оңтүстік-батысқа қарай 23 шақырымдай жерде орналасқан.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ