Руханият 0 пікір 0 лайк

Өнерi өрiстi, мәдениетi келiстi өлке

Қаңтар 10 / 2019

 

Үмітхан Алтаева, «Оңтүстік Қазақстан».

Тарих қойнауына енген 2018 жыл облысымыздың мәдениеті мен өнері үшін айрықша жемісті жыл болды. Әсіресе, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымына өткен жыл аспаннан шұға жауған жыл болды десек, асыра айтқанымыз емес. Жыл қорытындысы бойынша ардагер әртіс Құрманбай Шойынбаев «Құрмет» орденімен марапатталса, «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Зәуре Әжібекова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Бұдан бөлек, әншілер Ақмарал Бимұрзаева, Айнұр Нұрашова және Гүлдана Махатаева өңірлеріне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Бір ғана ұжымнан осыншама өнерпаздың еңбегінің еленіп, биік марапаттарға ие болуы бұрын-соңды болмаған оқиға. Лайым ұзағынан сүйіндірсін дейік!

 

Өткен жылы ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар негізінен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Астананың 20 жылдығына арналды. Атап айтқанда, 4 республикалық, 23 облыстық деңгейдегі, жалпы клуб мекемелерінде – 10 977, кітапханаларда – 15 016, музейлерде 745 көпшілік іс-шара жүзеге асырылды. Облыс өнерпаздары «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымдастырған «Кастамону – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында Түркияның Кастамону, Анкара, Ыстамбұл қалаларында, Жапония мен Балқан түбегіндегі алты мемлекетте өткен 18 концертке қатысып, облысымыздың мәдениеті мен өнерін шетелдерге таныстырды. Облыс өнерпаздары Финляндия, Швеция, Эстония, Ресей, Италия, Грузия, Түркия, Молдова, Қырғызстанда өткен түрлі жанрдағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді. «Фараб» би ансамблі Түркия мемлекетінің Инигёр қаласында өткен халықаралық «Мәдениет және өнер ұжымдары» конкурсында 1-орынды иеленді. Бурса қаласында өткен 32-ші халықаралық «Алтын Қаракөз» конкурсында арнайы жүлдемен марапатталды.

«Оңтүстікфильм» мекемесі «САҚ» киностудиясымен бірлесе «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз» анимациялық фильмдерін, он сериялы «Төле би» тарихи телехикаясын түсірді.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханның мәлімдеуінше, өңірдегі киелі орындарға байланысты аңыз-әңгімелер жинақталып, арнайы кітап болып басылып шықты. Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер жинағы, облыстағы киелі жерлер географиясының 2 томдығы баспадан шыққан. Сондай-ақ, «Түркістан облысының көне қалалары» фотоальбомы шығарылып, «Түркістан – тарихи-рухани орындар мекені» сайты жасалып, интерактивті картасы енгізілді.

– Биыл өткізілетін іс-шаралар бұдан да ауқымды болады деп күтілуде. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмасына орай Түркістан облысының Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Жапония, Оңтүстік Кореядағы және еліміздің Астана, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстарындағы мәдениет күндері ұйымдастырылады. Наурыз мерекесіне арналған түркі әлемінің «Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасы, сондай-ақ, форумдар, фестивальдер, пресс-турлар, кездесулер, конференциялар, шығармашылық кештер, пленэрлер, конгрестер өткізу жоспарлануда, – дейді Асылхан Темірханұлы.

Алдағы жылдары Түркістан қаласын шын мәнінде түркі әлемінің орталығына айналдыру көзделуде. Атап айтқанда, «Ясауи» музейі, ашық аспан астындағы музей, бейнелеу өнері музейі, облыстық өлкетану музейі бой көтереді. Сондай-ақ, «Қазақстан-Назарбаев» орталығы, түркі әлемінің орталығы, Түркістан облысының тарихи-киелі орындары орталығы, «Қазақ хандары, билері» тарихи-мәдени орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы, Қабылдау орталығы және «Әзірет Сұлтан» қорығының мәдени-демалыс орталығы салынады. Бұдан бөлек, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, қазақ драма театры, амфитеатр, көрме орталығы, опера және балет театры салынады деп күтілуде.

Иә, Түркістан облысының рухани-мәдени өмірінде алдағы жылдары үлкен жетістіктер мен игіліктер орын алмақшы. Лайым солай болғай!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ