Руханият 0 пікір 0 лайк

«Келсей, ауылға...»

Қаңтар 10 / 2019

 

«Келсей, ауылға...»

(эссе)

Биыл аталып өтілетін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 95 жылдығы аясында әр жылдарда редакциямызда қызмет еткен әріптестеріміз жайлы материалдарды және олардың түрлі жанрдағы шығармалары мен мақалаларын жариялап тұруды жоспарлап отырмыз.

 

Бүгін «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1986-2006 жылдар аралығында қызмет атқарған журналист Есенгүл Көшербаеваның эссесін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Құдайдың құдіреті, туған жер адамға соншама ыстық, соншама жақын болады екен ғой. Ақындар «туған жер анаңдай ыстық» деп жырға қосса, албырт, алып-ұшпа кезде оған мән бермеппіз. Соңғы кезде қол тимей, сағынсам керек, сағынышқа айналған қимасым – балалығымның, қимас бұла шағым – жастығымның мөлдір бастауында тұрған туған ауылым жиі-жиі еске түседі. Ойлаған сайын Қаратауды қуалай жатқан ауылға баратын қасқа жолда ылди-төмен зулап бара жатқандай жүрегім лүп-лүп соғып қоя береді. Раң өзенінен өте «Айғырұшқан» көрінеді. Тасбұлақтан келіп қасқа жолға қосылатын айрықта жаулығы ағараңдап анам Бибіжан күтіп тұрғандай. «Еркеқыз келіп қалыпты ғой» деп жеңгелерім жүгіріп шығатындай елегізиді жүрек...

«Кеңескүл жеңешем қайтыс болыпты» деген хабарды естігенде мұңсыз, қамсыз бала кезімнің әппақ парақтарына алғаш түскен жазудай өздеріне тән қылық, әзіл-қалжыңдарымен, алқызыл арай шашқан бет-жүздерімен, әрқайсысы өзінше сұлу түр-келбеттерімен бүкіл жеңгелерім бұлықсып, бұлаңдап көз алдымнан тізіліп өтті.

Елтай ағайым, Пернебек, Нәсір көкелерім – үш үй көрші, ауылдың аяқ жағында тұрды. Осы кісілердің үйіндегі Қасиет, Жаңыл, Гүлстан жеңгелерімнің жұбы жазылмайды. Өз сөздерімен айтсақ, «баланы да бірге туады». Бірінсіз бірі шай ішпейді. Үшеуі кей күндері сән түзеп, көшеде қатарласып сылқ-сылқ күліп, былқ-сылқ басып, ауылдағы ең үлкен дүкен – Тыным әпкемнің дүкеніне келеді. Етегі бүрмелі, қынама бел, бадана гүлді креп-жоржет көйлектері әдемі ме, әлде, өздері сондай сұлу ма, ажырата алмаймын, әйтеуір бір сиқыр бардай үшеуін көрсем болды көз алмай қарап қалатынмын. Қара шаштарын бастыра тартқан орамалдары, сол орамалдан шығып арқаларында бұлаңдап жатқан бұрымдары да әдемі-ақ еді. Олар соншалықты сұлу да болмаған болу керек, бірақ, беттерінде ерекше бір нұр ойнап тұратын. Бала болсам да соны аңғаратынмын. Ол үшеуі де мені көрсе басқа қайын сіңлілеріндей ойнап, қалжыңдап, шымшып, түртіп ұялтпайды. Неге екенін білмеймін, бауырларына басып, қысып-қысып құшақтап, сүйіп-сүйіп, «апам қалай?» деп қоя беретін. Әйтеуір, мені ерекше іш тартып тұратынын сезетінмін де, оларды көрсем болды кішкене жүрегім қуанышқа толып қоя беретін.

Ауылда кітапхана, поштаны айтпағанда, кешке ғана ашылатын клуб, екі-үш дүкеннен басқа ел баратын жер жоқ. Ең үлкен дүкен – аралас заттар сататын универмагта менің немере әпкем Тыным істейді. Бастығы да, сатушысы да өзі. Әділбай атам, Орынкүл апамдар совхоз бөлімшесі Тасбұлақта тұрды да, әпкем орталықта біздің үйде жатып, жұмыс істеді. Анам Бибіжан Тыным әпкемді дүкеннен бірлеу ұрлап кететіндей: «әй, Есен, кітабыңды оқып болсаң, ана қыздан хабар ал» деп жиі жұмсайды. «Түскі тамақты үйден ішсін» дейді. Шапқылап тағы барамын.

Бір күні солай шабармандыққа барып, Тыным әпкемнің қасында тұрсам, Жаңыл, Қасиет, Гүлстан үшеуі сылқылдай күліп, бір-бірін итеріп, іркес-тіркес дүкенге кіріп келді. Әдеттегідей мені еркелетіп, бетімнен кезек-кезек сүйіп болған соң үшеуі сауда жасауға кірісті. Өзара бірдеңені айтып, сылқ-сылқ күледі. Күлкі сырын түсінбеймін. Кенет Гүлстан жеңешем саңқылдап Тыным әпкеме қаратып «ау, девушка, пряник почем?» десін. Гаражда мотор жөндейтін Иваннан басқа бір орысы жоқ ауылда ойда жоқта Гүлстанның орысша сөйлегені бәрімізді айран-асыр таң қалдырсын. Ол біздің аңқайып қалған түрімізге назар да аударған жоқ.

– Әй, Жаңыл, енді сенің кезегің. Бағана бүгіннен бастап орысша сөйлейміз деп келісіп едік қой. Алатын затыңды орысша сұра, – деді Жаңыл апатайыма қарап. Шешем Бибіжан Жаңыл мен Гүлстанды «бұлар жеңгелерің ғана емес, нағашы әпкелерің. Жеңеше деме» дейтін. Сосын Жаңылды апатай, Гүлстанды апа дейтінмін. Біздің үйдің менен басқа үлкен қыздары оларды жеңеше дейтін. Гүлстанға үлкен қоңыр көздерімен ежірейе қарап алған Жаңыл апатайым:

– Келіссек келіскен шығармыз. Бірақ, мен сен айтты екен деп бір-екі ауыз орысшамды шығындай алмаймын. Нәсір қалаға апарамын дейді. Өзі сақтап жүрген аз ғана орысшам бар. Таусылып қалады. Өзіме керек, – дегені ғой.

Олардың әңгімесіне сөренің ар жағында тұрған Тыным әпкемнің күлгені сонша, көзінен аққан жасты сүртуге шамасы келмеді. Ал, қап-қара қасы мен көзі қиылып, дөңгелек бетіне жарасып тұратын Қасиет жеңешемнің күлкіден әлі құрып маған сүйенді. Әлден уақытта отыз адам емес, үшеуі-ақ сол кездің өлшемімен ауылдағы ең үлкен дүкенді ду-думанға, күлкіге толтырып, сылқ-сылқ күліп, былқ-былқ басып, көйлектерінің етегі дүр-дүр етіп шығып бара жатты. Бала жады суретке түсіріп алған осы оқиға, сол бейнелер күні кешегідей көз алдыма келіп күліп алатыным бар.

Мектеп бітіріп, ауылдан алысқа Алматыға оқуға кеттік. Сонда каникулға ауылға келгенде Қасиет, Шарапат, Жаңыл, Кеңескүл, Гүлстан, Нышан, Ұлдай, Алтын, Тоғжан, Аманкүл, Тыныштық, Пернегүл, тағы басқа жеңгелерім анаммен бірдей қуанып, кезек-кезек үйлеріне шақырып күтеді. «Әпкелеріңнің миын ашытасыңдар» деп үпір-шүпір балаларын басқа бөлмеге қуып, жаңа көрпешенің үстіне тағы жаңа көрпеше төсеп, жұдырықтай бір студент қызды емес, тап бір бастық күтіп жатқандай апы кіріп, күпі шығып қапылып жататындары, ешкімге көрсетпей қалтама ақша тығатындары, менің «көкелерімнің ақшасын көкелерімнен ұрлап бересіңдер. Айтайын ба?» деп қорқытатыным, олардың сылқ-сылқ күліп қолымды қысып-қысып қоятыны да бір кездері осынша сағындырар-ау деп кім ойлаған дейсіз ол кезде. Бізге үлкен әйелдердей көрінетін жеңгелеріміз сол кезде небәрі 30 бен 40-тың ортасында, балақтарынан бала саулап, қыпша белдері қиылып, қылшылдап тұрған кездері екен ғой.

...«Кеңескүл жеңешем қайтыс болыпты» дегенді естігенде туған-туыс, жекжат-жұратты ғана емес, жалпы адамды қадірлеудің, әсіресе, қазақ жат жұрттық деп қадірлі меймандай аялаған қызды құрметтеудің үлгі- өнегесі, жан біткенді бір-біріне жіптей жалғап, үзуге жоқ, тігуге бар ақылман алтын жеңгелерімнің барлығы есіме түсті. Сол жеңгелерім кезінде үлгі-өнегесін алып, ізінен ерген, адамгершілік асыл қасиеттеріне тәнті болған алтын анамның – Биекемнің сүйріктей сұлу бейнесі көз алдыма келеді. Анамыз Бибіжан келіндерінің – мен сағынып, еске алып отырған жеңгелерімнің бір ісін екеу етіп мақтап отырушы еді жарықтық. Сол анаммен бірге мен әзіл-қалжыңдары таусылмай, самаладай самсап жүре беретіндей көрінген, қазір қатары селдіреп қалған жеңгелерімді де аңсаймын.

Менің анамның абысындары, қатарлары – Дариға, Орынкүл, Рысбике, Арзыкүл, Гүлқаныс, Ұмсын, Жадыра, тағы басқа шешелеріміздің үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиесін алған, сол кемпірлердің адалдығы мен парасаты сіңген жеңгелерімнің жөн-жоралғыға, ата дәстүрге жетіктіктері сонша, туған-туыс, ағайын-жекжаттың ас-жиын, той-томалағы «өкпелесіп тарапты, біреу ренжіп кетіпті» дегенді естімеппіз. Келген-кеткеннің қас-қабағы, жолы-жөнін бірінші кезекке қойып, қазанды да қайнатып, сол той-томалақ, ас-жиынның әзірлігіне, өткізілуіне барлығы тура өз үйінікіндей кірісіп, жұдырықтай жұмылып, қызмет жасайтын. Айналаларына үйрілген жас келіндердің бірін мақтап, біріне зілсіз ұрсып, біріне сын айтып, бірін еркелетіп, әйтеуір ұршықтай иіріп, жұмсап жататын. Олар біздің шешелерімізден – өздерінің енелері, абысындарынан көргенін, түйгенін, үйренгенін қара қазанның қасында-ақ ертеңгі ізбасарлары – жас келіндердің бойына сіңіріп жатқандай көрінетін маған.

Әлі де бауырмалдықтың, рақымның, адалдық пен ақыл-парасаттың ошағындай көрінетін, ұлы бабаларым – атам қазақтың дәстүріне адалдықтың қаймағы бұзылмаған, өзім құлындай шауып, бұлдырықтай ойнап өскен ауылдарымның – Бақырлының саласына орналасқан Күмісті, Раң, Сарыжаз, Тасбұлақтың тау-тасы, сай-сала, бел-белесі, әрбір қыраты ғана емес, ондағы сан алуан гүлдердің, сан алуан бұта-талдардың ғажап өрнектері әлі күнге дейін көз алдымда таңбадай басылып тұр емес пе? Сол бел-белес, сай-сала, тау-тастан бабаларымыз, әжелеріміз, әкелеріміз, аналарымыз, аға, бауыр, жеңгелеріміз «келдің бе, неге ат ізін салмай кеттің туған еліңе?» деп анталап шыға келетіндей елегізитінімді, алқымыма тастай түйін – өксік тірелетінін қайтерсің. Анаңдай ыстық, анаңдай жақын, анаңдай сағындырып тұрады екен құдіретіңнен айналайын туған жер!

Кеңескүл жеңешемді соңғы рет қалада баласы Нұрдәулеттің үйінде көрдім. Келіндері, балалары айтқан болу керек, «Еркеқыз келді ме? Қане, қайда?» деп дегбірсізденген даусын естідім. Аздап мұрнынан сөйлейтін еді. Екі аяғын баса алмай қалып, балалары жылжитын арбаға отырғызып қойыпты. Жас кезінде ірі, толық денелі, бадырайған үлкен қоңыр көздері дөңгелек бетіне жараса кеткен келісті келіншек еді. Төле тәтемнің ұрпағын көбейтіп, керегесін кеңейткен, турашыл мінезімен кейінгі келіндерге үлгі болған қайран, жеңгем! Қанатын жайған кәрі күшігендей екі қолын созып, өзіне еңкейген мені қапсыра құшақтап «айналайын» деді еміреніп. «Алтын жәкемнің (Көшербайдың дегені), асыл апамның (Бибіжанның дегені) көзі, бекзатым» деді. Сосын «көрінбей кететіндерің не, ауылға жиі-жиі келіп тұрсай, жат болып кетесің. Сенің орның бөлек қой» деді. Босаған көңілін баса алмай отырған жеңешемнің бетінен сүйіп, анамды көргендей толқыған жүрегімнің жасын жасыра алмадым.

Шалқақтап басып жүретін жеңешемді өткен жылы қайтыс болған мұғалім баласының қазасы қатты можытып кеткен сыңайлы. Шөгіп қалыпты. Дастарқан басында құдалардың көңілін аулап отырған менің бетіме айтары бардай қарай берді жаутаңдап. Соны сезінгеніммен у-дудан қол тимей қайтып кеттік. Пенденің басына бір-бірі туралы «енді қайтып көрмейміз-ау» деген ой келмейді ғой. Алдымды Алла біледі дейміз, бірақ, «Жасаған ием осы адамды қайта көруді, дидарғанибет әңгімелесуді бұйырта ма, жоқ па?» дегенді ойланып та жатпаймыз. Жеңешемнің маған айтпақ әңгімесі сол күйінде кетті. Біз қайта кездеспедік.

Әсия, Сапар, Нұрдәулет бастаған ұл-қыздары аналарын – жеңешемді соңғы сапарына әспеттеп шығарып салды. Ал, мен кілең асылдан тізілген моншағымның тастарын әлдекім білдірмей жұлып әкетіп жатқандай құлазып тұрдым. О, тоба, Қасиет жеңгемді де соңғы көргенімде ол да мен отырған бөлмеге қайта-қайта кіріп, «әй, Кенжетай, айналайын, тамақ жеп отырсың ба, жесей» дей берген еді. Ауылға барғанда алдымыздан орамалын түзей-мүзей жүгіріп шығатын Қасиет жеңгеммен де содан бір жыл бұрын мәңгіге қоштасқан едік. Әке-шешеміздің көзіндей көрсе құшағын ашып, бауырына басатын, еркелетіп сүйетін жеңгелерімнің орны бөлек екен ғой. Қасымда қалқиып Кемел көкемнен

21 жасында жесір қалып, 3 ұлды жеткізген, қазір өсіп-өніп, немере-шөбере сүйіп отырған Нышан жеңешем жылап тұр екен. Мезгілсіз үсік ұрған гүлдей өмірін ойлай ма, қыршын кеткен Кемел көкемді сағына ма, жалын жастығын жастық құшақтап, жабығып жалғыз өткізгені еске түсе ме, әлде сыйласы, бастасы, сырласы тағы бір абысынынан айырылған соң біз де таусылайын дедік-ау дей ме, егіліп жылайды жүрегі шерлі қайран, жеңешем!

Бұрынғы бұлықсып, толықсып, сылқ-сылқ күлкілері жер жарып жүретін жеңгелерімнің қатары түгелде ауыл да толып, әні, сәні келісіп, қуанып тұратын сияқты еді. Асыл жеңгелердің қатары сирей бастағанына қапа болғандай ауыл да көңілсіз, жүдеп тұрғандай.

Сол асыл жеңгелер салған соқпақ бар, сол соқпақта бізге сыры, жыры беймәлімдеу тағы бір лек жеңгелер тобы келе жатыр. Ақыл-ойы, парасат-пайымы кейбір оқыған әйелдерді он орап алатын жеңгелерімнің орнын енді осылар басатынын, бұрынғы толқын қалдырған үлгі-өнегенің шоқтығын биіктететін, керегесін кеңейтетін осы лек екенін ойладым. Кейінгі келіндер осыларға қарап ой түзейді, бой түзейді.

Орамалын бір шекесіне қисайта байлап, үнемі алып-ұшып жүретін Күндебек көкемнің үйіндегі Шарапат жеңешемнің «қыз, келсей ауылға. Тым болмаса үш күн жатшы қасымызда» деген даусы келеді құлағыма. Жүрекке қандай жылы тиеді...

Сөздің мәнін түсінудің өзі керемет нәрсе ғой...

Есенкүл КӨШЕРБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ