Отандық ғылымның маңмаңгерi

Қаңтар 10 / 2019

 

Отандық ғылымның дамуына мол үлес қосқан, сондай-ақ, жастарға тәлім-тәрбие беруден жалықпаған техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының инженерлік академиясының академигі Шаяхмет Молдабекұлы Молдабеков 80 жасқа толып отыр.

 

...Арыс өзенінің осы бір тұсы тау-тасты тар аңғарлардан арылып, шөлейт далаға ұласады. Өзеннің жарлауыт сағасын бойлай Шұбар ауылы жатыр. Міне, осы Шұбар ауылындағы қарапайым шаруаның отбасында Шаяхмет дүниеге келді. Жастайынан сабаққа зерек, білуге құштар, жаны сергек бала 1956 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, сол жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтының студенті атанды. Институттың «Химиялық өндірістердің машиналары мен аппараттары» мамандығы бойынша 3-курсты аяқтаған кезі. Оның талант қарымын байқаған оқу орнының басшылығы қалған оқуын Мәскеу химиялық машина жасау институтында жалғастыруға ұсыныс жасады. Осылайша Шаяхмет Молдабекұлы сол кездегі көптеген жастардың арманы болған Мәскеудің төрінен бір-ақ шықты.

Қазақстан студенттің ғылымға деген ерекше ықыласын сезген академик С.И.Вольфкович оны өз жетекшілігіне алды. Алдымен оны жемдік фторсызданған фосфаттар технологиясы бойынша ғылыми еңбекке тартты. Шаяхмет Молдабекұлы 1960 жылы МХМИ-ді бітіріп, Шымкентке оралды. Осында өзі жоғары білім жолын бастаған ҚазХТИ-дің процестер мен аппараттар кафедрасының ассистенті ретінде қызметке араласты. Араға алты жыл салып, яғни 1966 жылы Мәскеудегі Тыңайтқыштар мен инсектофунгицидтер бойынша ғылыми-зерттеу институтының күндізгі аспирантурасына оқуға түсті. Мұнда ізденуші жас техника ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Чертковтан дәріс алды. Әйгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор В.М.Рамм ғылыми жұмысына жетекшілік етті. Оның бір айғағы – Шаяхмет Молдабекұлының ғылыми-зерттеулерінің кейбір нәтижелері профессор В.М.Раммның «Газдар абсорбциясы» монографиясына енгізілді. Білім мен тәжірибені шебер ұштастырудың арқасында диссертациясын сәтті қорғап, ғылым кандидаты атанды.

ҚазХТИ-да 1968 –1975 жылдар аралығында Шаяхмет Молдабекұлы бейорганикалық заттардың технологиясы кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Одан кейін төрт жыл институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болды.

Бұл кезде Шымкентте ірі өнеркәсіп орны фосфор зауыты бар қуатымен жұмыс істеп тұрған. Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтында Шаяхмет Молдабекұлы «Фосфор және оның қосылыстары өндірістерінің фосфор, фтор және күкірт құрамды газдарын тазарту» тақырыбында ғылым докторы атағын қорғап, осы өндірістің табысты болуына үлкен үлесін қосты.

Қазақ химия-технологиялық институтының өркендеген шағы Шаяхмет Молдабеков ректор болған жылдармен тұспа-тұс келеді. Оның ұйымдастыруымен 2 студенттік жатақхана, оқытушылар мен қызметкерлерге арналған 2 тұрғын үй, 100 орындық студенттік шипажай – емдеу-сауықтыру орны бой көтерді. Сондай-ақ, «Технолог» спорттық-сауықтыру лагерінің материалдық-техникалық базасы, екі жүзу бассейні бар 400 орынды демалыс аймағы кеңейтілді. Қаратау бөктеріндегі Қызылкөл демалыс аймағында қайық стансасы, емдеу корпусы және асхана қалыпты жұмыс істеді.

Шаһардың сәулетіне көрік қосқан 8 және 4 қабатты оқу корпустары салынды. Осы жылдар аясында ҚазХТИ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бойынша үздік атанды.

Білім ордасы 1980-1987 жылдар аралығында Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің және Қазақстан, КСРО кәсіподақтарының ауыспалы Қызыл Туымен, КСРО Жоғары оқу орны ағарту-білім министрлігі тарапынан І дәрежелі дипломмен және КСРО Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің төсбелгісімен төрт рет марапатталды.

Жас ректор қажыр-қайраты мен білім-біліктілігін институттың беделін өсіру, ғылыми-педагогикалық кадрларды толықтыру бағытына жұмсады. Жоғары оқу орны қабырғасында ғылым докторларын даярлау ісін жолға қойды. Әрине, бұл үшін ғылыми-зерттеу, салалық зертханалар ұйымдастыру қажет болды. Институт пен ірі зауыттар арасында ғылыми-өндірістік байланыс орнатылды. Ірі өндіріс орындарының базасында институт кафедраларының түлектері тәжірибе алмасатын 7 филиал жұмыс істей бастады. Оқу орнының өзінде кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі мамандандырылған ғылыми кеңестер ұйымдастыру арқылы жас ғалымдарға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, өндіріс орындарының ғылыми жетекшілікке қабілетті мамандарға деген сұраныстарын қанағаттандыру қолға алынды.

Ғылыми орталықты қуатты әрі сенімді ету жолында жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Ол кісінің ағалық қамқорлығын біз әлі де сезініп келеміз. Біріміз сонау Қызылорда облысынан осында келіп, ақыл-кеңесінің арқасында техника ғылымдардың докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының (ҚР ҰҒА) академигі, профессор атағын иеленіп, ҚР ҰҒА Оңтүстік Қазақстан бөлімшесін басқарып отырмыз. Сондай-ақ, сыйластық қарым-қатынастың әрі іскерлік байланыстардың арқасында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ХАА академигі дәрежесін иелендік. Бүгінде инженерлік және компьютерлік графика бойынша бірнеше оқулықтар жаздық. Бірқатар мақалаларымыз ҚР Білім және ғылым министрлігінің басылымдарында жарық көрді.

Еске алып отырсақ, 1980 жылы Шаяхмет Молдабекұлы өз қызметкерлерін Еуропада, нақтырақ айтсақ, Венгриядағы – Мишкольц политехникалық университеті «Àbrаzole Geometria» (Сызба геометрия) кафедрасының базасында ғылыми тағлымдамадан өткізуді қолға алды. Бұл тағлымдама геометриялық-графикалық пәндер бойынша оқу үрдісіне автоматтандырылған оқыту жүйелерінің (АОЖ) енуіне ықпалын тигізді. Нәтижесінде қазіргі IT технологияның бір саласы – компьютерлік графикаға қол жеткіздік.

Осыған қарап отырып, ол кісінің бүгінгі ғылыми немесе оқу-әдістемелік бағыттағы жұмыстарды жүргізуге аса қажетті, дамып келе жатқан ақпараттық технологиялардың болашағын сол кезде-ақ дәл болжай білгеніне таң қаласыз.

Иә, ол кісіні өсіп келе жатқан ұрпақ қамы, сирек кездесетін таланттар тағдыры қатты толғандырады. Мұндай мәселелерді бірігіп шешуге ұжым мүшелерін тартып, профессор-оқытушы құрамын жұмылдыруға тым шебер. Шаяхмет Молдабекұлының тек басшылық қана емес, әкелік қамқорлығының арқасында санаулы жылдар ішінде институт қабырғасынан 13 ғылым докторы, 276 ғылым кандидаты еңбектерін табысты қорғап, бірге қызмет етті.

Шаяхмет Молдабекұлы қазір де жас ғалымдарға талапшыл әрі тілектес пейілінен танған емес. Олардың Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларының, сондай-ақ, алыс шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми және оқу-тәжірибелік байланыстар жасауына көмектесіп жүреді.

Ол кісінің ғажап қасиеті сонда, қасындағы кісінің рухын көтеріп, алдағы мақсатқа жетудің жолдарын ақылдасып, бірге шешіп отырады. Қырық жылдан астам етене араласып, еңбек еттік. Әлемдегі ғылыми жаңалықтар мен кейбір ғалымдар туралы тамсана әңгімелейді. Жақсыға ұқсауға үйретеді, өз біліміңді жетілдірудің ешқашан да кеш болмайтынын айтады.

Қоғам үшін жасаған ісің қанша жерден таза болса да, қанша жерден еңбегің бағаланып жатса да ілік іздейтіндер табылып жатады. Осындай көлеңкелі күндер Шаяхмет Молдабекұлын да айналып өтпеді. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң арыстай азаматтың әр ісі аңдуға түсті. Өз республикамыздың ғана емес, сол кездегі Кеңес өкіметінің құқық қорғау, қаржылық, партиялық, кеңестік органдарының комиссиясы 70-тен астам тексеру жүргізді. Әйтсе де олар жасаған тұжырымдардың бірде-бірінде айқын дәлелдер мен кемшіліктер болмай шықты. Әйтсе де жүйкеге үздіксіз түскен салмақтан Шаяхмет Молдабекұлы өз еркімен ректорлық қызметтен кетуге мәжбүр болды.

Ағамыз бүгінде өзі құрған ғылыми мектептің жұмысын дамыту үстінде. Ғылыми тақырыптардың аясын кеңейтіп, натрий құрамды минерал шикізаттарды тұз қышқылында, натрий фосфаттарына, карбонаттарына және сульфаттарына өңдеу технологиясы және физикалық-химиялық негіздерін зерттеуде. Жинақтаған мол тәжірибесін Шилісай және Қаратау фосфориттерін концентрациялаған фосфор және азот құрамды минералды тыңайтқыштарға кешенді өңдеу технологиясы және физикалық-химиялық негіздерін аша түсуге жұмсауда. Сондай-ақ, бейорганикалық пигменттердің физикалық-химиялық негіздері мен өндіріс қалдықтарын мақсатты өнімдерге өңдеу технологиясы және химиялық бейорганикалық заттар өндірісінің оңтайлы технологиялық негіздері жөніндегі нақты ғылымды жетілдіру үстінде.

Ш.Молдабековтің жетекшілігімен 40-тан астам кандидаттық, 10-ға жуық докторлық диссертация қорғалды. Ғалымның өз қаламынан 600-ден астам ғылыми жұмыс, соның ішінде 58 монография, оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді. Еңбекқор ағамыз 118-ден астам өнертабыстар мен патенттердің авторы.

Отандық ғылымға сіңірген зор еңбегі үшін 2005 жылы ол ғылым мен техника саласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Ғылыми жаңалық авторлары халықаралық ассоциациясы Шаяхмет Молдабековке 2012 жылы «Сұйықтық пен газ механикасы» саласындағы жаңалығы үшін №438 диплом ұсынып, «Ғылыми жаңалық авторы» ескерткіш төсбелгісін табыс етті.

Ш.Молдабековтің табиғи қорларды игеру тәсілдері, құрылымдары мен әдістері және экологиялық мәселелерді шешуге арналған жұмыстары Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мен Украинаның әртүрлі химиялық кәсіпорындарында өнеркәсіптік қолданысқа енді. Ғалымның тікелей жетекшілігімен натрий фосфаттарының, сульфаттарының, хлоридтерінің таза және техникалық тұздарын алудың жаңа энергия сақтау және экологиялық таза технологиясы, сонымен қатар, олардың негізінде кальцийленген және күйдіргіш сода алу технологиясы жасалды.

Жоғары оқу орындары жұмысын жетік ұйымдастырушы Шаяхмет Молдабекұлы көп сеніміне ие болып, Қазақстан Компартиясының XV съезіне делегат болып қатысты. Сондай-ақ, жоғары мектеп пен ғылыми мекемелердің білім беру қызметкерлері кәсіподағының Х съезінің төрінен орын алды. Ғалым аға жоғары мектеп қызметкерлерінің бүкілодақтық съезінің, Прагадағы Варшава Келісімшарты елдерінің химиялық-технологиялық жоғары оқу орындарының ректорлар жиналысының делегаты болып сайланды.

Тәуелсіз еліміздің Ғылым және білім министрлігі, республикалық және облыстық қоғамдық ұйымдар тарапынан да көптеген марапаттардың иесі 2007 жылы «Жылдың үздік оқытушысы» атанды.

Сексеннің сеңгіріне сергек ой, толық күш-қуатымен шыққан ағамызға абыройлы ғұмыр, зор денсаулық тілеп, немерелері мен шөберелері өз жетістіктерімен қуанта берсін деген тілек айтамыз. Бүгінде ғалым ағаның қунынышына ортақтасып отырған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ұжымына толағай табыстар тілейміз!

Л.ТӘШІМОВ, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Ж.ЖАҢАБАЕВ, ХАА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ