Павловния деген ағаш бар...

Қаңтар 10 / 2019

 

Балтабай Құрбанбаев – есімі облыс жұртшылығына белгілі кәсіпкер. Бизнестің бірнеше түрін қатар игерген азамат. Ол соңғы жылдары өңір халқына таңсық павловния ағашын өсіруді қолға ала бастады.

 

Жаңа бизнес-идея ұлының Қытайдан павловния көшетін әкеліп беруінен кейін туады. Табиғатынан тәуекелшіл, есепке жүйрік ағамыз оның пайдасына тез арада көз жеткізіп, дереу ойға алған ісін жүзеге асыруға кіріседі.

– 25 метрге дейін өсетін павловния қаланы, елді мекенді көгалдандырып, көркейтуге үлкен пайдасын тигізе алады. Бес-алты апта бойы гүлдейтін ағаштың көлеңкесі айналасына тегіс түсіп, Сізге ну орманның ортасында отырғандай әсер сыйлайды. Ал, талдан бөлінетін оттегі мөлшері басқа ағаштарға қарағанда бірнеше есеге көп. Сондықтан да қалаларды экологиялық қиын жағдайдан құтқаратын бірден-бір жасыл желек осы болатынына үміт басым. Өйткені, қазіргі таңда мегаполистерде таза ауа тапшы. Көліктің иісті газы, кәсіпорындардан тарайтын түтіндер таза ауаны ластап жатыр. Мұның соңы адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, тыныс алу жолдарына қатысты көптеген кеселдерге шалдықтыруда. Осындай экологиялық проблеманы шешудің ең тиімді жолы – тал-теректі көбейтіп, көше бойын, аулаларды, жол жағасын жасыл ағаштармен көмкеру. Осы тұста павловниядан асқан пайдалы тал жоқ дер едім. Жұрт әдемі гүлдейтін талдардан тек сакураны біледі. Павловния одан әлдеқайда сұлу. Әртүрлі түспен гүлдеген кезде көздің жауын алады. Табиғаттың осынау сырға толы сұлу суреті міндетті түрде адамды өзіне баурайды. Сондықтан павловния бір шетінен экологияны жақсартса, екінші жағынан төңірегімізге әсем келбет те сыйлайды. Ертең туристер келіп, биікке ұмтылған сәндік ағаштарды көрсе, соның көлеңкесінде саялап, тамсанған күйде еліне қайтса, келесі сапарында да бізге келуге асығып тұрмай ма?! Міне, алдымен осы жағын ескеруіміз керек, – дейді Б.Құрбанбаев.

Кәсіпкердің бар арманы табиғатымызды көркейтіп, Қазақстанды жасыл елге айналдыру. Егер ойға алған жоспары жүзеге асса, бұл мақсатқа әрі кетсе он жылдың көлемінде жетуге болатын көрінеді. Ол үшін тұрғындар жаппай павловния ағашын егуді қолға алу керек. Ал, осынау маңызды істе мемлекет азаматтарға қолдау көрсетуі тиіс. Бүгінгі таңда кәсіпкердің Сарыағаш ауданындағы тұқымбағында 40 мың түп павловния көшеті өсірілуде. Осы жылдан бастап көшет санын 200 мың түпке көбейту жоспарында бар. 2020 жылы тұқымбақ аумағына 1 млн. түп осы сәндік ағаштың көшетін отырғызбақ. Ағаштың пайдасын жергілікті әкімдік те түсініп келеді. Сол үшін де көшелердің сәнін кіргізіп, қала ішін абаттандыру мақсатында Түркістан шаһарында бүгінде павловнияның егіле бастағанына бір айдың жүзі болыпты.

Әлемдегі ең жылдам өсетін ағаш павловния екен. Сондай-ақ, бұл ағаш өте берік келеді. Ылғалды да бойына көп сіңіре қоймайды. Сондықтан павловниядан көптеген музыкалық аспаптар, тұрмыстық бұйымдар мен жиһаздар жасалады. Құрылыста да таптырмайтын нағыз керекті материал. Әсіресе, үйдің шатырын жапсаңыз қатып-ақ кетеді. Мықты, шірімейтін, сірескен тал болғандықтан жуан белағаш – топсаның орнына жұмсасаңыз, одан тек ұтасыз. Павловния гүлі бал арасына қорек. Себебі, оның түрлі-түсті гүлдері аралар өзіне азық ететін шырынға бай. Осылайша сәндік ағашты көбейте отырып омарташылықты да қатар дамытуға мүмкіндік туады. Ал, талдың жапырағы төрт түліктің жемшөбі есебінде пайдалануға жарайды. Жапырағының азықтық қуаты жоңышқаның калориясына пара-пар. Әрі құрамында малдың ағзасы оңай сіңіретін минералдар мен витаминдер көп.

Сонымен бірге, павловния бауына көптеген дақыл түрлерін егуге болады. Алғашқы 2-3 жылда бір қатарға отырғызылған ағаш көшеттерінің арасына бидай, жүгері, ноқат, арпа, сұлы, мақта, лобия және басқа да алуан түрлі көкөністер ексе, мол өнім алуға болады. Өйткені, павловния баудың микроклиматын жақсартып, жердің құнарлылығын арттырып, көкөніс, дәнді дақылдардың өнімділігін жоғарылатады.

Кәсіпкер осы бизнесі арқылы ақша табуды ғана емес, ең бірінші кезекте елге пайдасын тигізуді ойлайды. Оның пікірінше, жағдайы бар азаматтардың мойнында дүние табумен бірге елдің де қамын жеудің жауапкершілігі тұр. Сондықтан қалталы кісілерді осы аманатты ұмытпауға шақырады.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ