Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2820 лайк

«Түркiстан – Шымкент» жүрдек пойызы жолға шықты

Қаңтар 05 / 2019

 

Елбасы Жарлығына сәйкес Шымкент қаласы республикалық мәртебеге ие болса, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Осыған орай, Түркістан қаласына қызмет бабымен келген қызметкерлердің Түркістан және Шымкент қалалары арасында қатынауын оңтайландыру мақсатында 2019 жылдың 4 қаңтарынан бастап Түркістан – Шымкент теміржол бағыты ашылды.

 

Жаңа бағыттың ашылуына арналған салтанатты жиынға қатысқан Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов пен «Қала маңындағы тасымал» АҚ бас директоры Мұхтарбек Сүлейменов шараның қала тұрғындары мен қонақтары үшін маңыздылығын атап өтті. Көпшілік атынан сөз алған құрметті теміржолшы, Түркістан қаласының тұрғыны Әсетулла Каримов игі іске ұйытқы болған басшылыққа ризашылығын білдірді.

Облыс басшылары мен зиялы қауым өкілдері лента қиып, сапарға шығушыларға сәттілік тіледі.

Түркістан–Шымкент бағыты аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері жолға шығады. Жол жүру уақыты – 2 сағат 15 минут. Пойыздағы жалпы орын саны – 175. Вагондар қазіргі заманғы жылыту және кондиционерлеу жүйесімен, арбадағы мүгедектерге арналған көтергіш құрылғылар және орындармен жабдықталған. Жолақысы 609 теңгені құрайды. Жедел пойыз Арыс стансасына ғана тоқтайды.

Кеше кешкісін Түркістан қаласының теміржол вокзалынан Түркістан–Шымкент бағытындағы жүрдек пойызының алғашқы рейсі жолға шықты.

Сонымен қатар, осы жылдан бастап «Қала маңындағы тасымалы» АҚ аптасына 5 рет қатынайтын әлеуметтік маңызы бар Түркістан–Бадам және Түркістан–Сарыағаш бағыттарын іске қосып отыр.

Түркістан–Бадам пойызының жол жүру уақыты 3 сағатты құрайды және компания бұл бағытты Шымкент қаласына дейін ұзартуды жоспарлауда.

Түркістан–Сарыағаш бағыты жаңа әкімшілік орталықты облыстың оңтүстік аудандарымен байланыстырады. Жаңа Түркістан–Сарыағаш бағытында жол жүру уақыты 5 сағат 20 минутты құрайды.

Тағы бір айта кетер жайт, Түркістан облысының көліктік қолжетімділігін дамыту және Қазақстанның ең танымал туристік орындарының біріне жолаушылар тасымалдау мақсатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ 3 қаңтардан бастап оңтүстік астананы облыстың әкімшілік орталығы – Түркістан қаласымен байланыстыру үшін жаңа бағытты іске қосып отыр.

Қ.Қуанышбекұлы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ