Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2819 лайк

Қаңтар қандай ай?

Қаңтар 05 / 2019

 

Қара танымаса да кешегі қазақтың кез келгені синоптик болатын. Аталарымыз ауа райын табиғат құбылыстарына қарап-ақ болжайтын. Қазақы пайымда айдың тосын табиғатына қарай тұрақты тіркестер де қалыптасқан. «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда атан адым ұзарады», «қаңтарда қатқан мұздай», «қаңтардағы жараған бурадай», «қаңтардың сақылдаған сары аязы» деген тіркестер тек осы мезгілдің табиғатына тән.

 

Қаңтар – көне түркі сөзі. Атының өзі айтып тұрғандай, күннің барынша қысқарып, байланғандай қаңтарылып тұрып қалуына орай «қаңтар» деп аталыпты. Қыс қаһарына мініп, аяздан ауыл арасындағы қатынас үзіліп қалатындықтан бұл айды адамдар көбіне үйде өткізген. Малдың алды төлдеп, сақманның басталар уақыты да қаңтардың сарышұнақ аязына дөп келген. Сондықтан бұл ай шаруалар үшін бейнетті мезгіл болып саналған. Бабаларымыз табиғат құбылыстарына қарай бұлт желге қарсы көшсе, кешікпей қар жауатынын, ал, ортасынан ыдыраса күн бұзылатынын, шетінен ыдыраса ауа райы жақсаратынын болжап, соған орай шаруасын қамдаған. Егер бұлт көкжиектен будақтала көтеріліп, іле-шала көрінбей кетсе қатты жел тұрып, соңы аяз болмақ. Ал, бұлт өркештеліп көтерілсе, оның соңы қар болады дей беріңіз.

Қолданыстағы күнтізбе бойынша енді бірер күннен кейін қыстың екінші айы да басталады. Ал, жаңа жылдың жаңа айы қылышын сүйретіп келе ме, әлде жайлы бола ма? Бұл туралы «Қазгидромет» орталығының синоптиктері:

– Түркістан облысында бірінші онкүндіктің, үшінші онкүндіктің ортасында және соңында кей жерлерде қар жауады. Ауаның орташа айлық температурасы қалыпты мөлшерден бір градус төмен болады. Екінші онкүндіктің ортасында кей жерлерде жауын-шашын, көктайғақ. Бірінші онкүндіктің басында және екінші онкүндікте кей жерлерде тұман түсуі ықтимал. Айдың алғашқы күндерінде және ортасында, соңында батыс бағыттан соғатын жел күшейеді, – дейді.

Қаңтардың қалай өтетініне тек синоптиктер емес, әлеуметтанушылар, нумерологтар да шолу жасап үлгерді. Мәселен, сандарды сөйлетуші Құралай Бақытқызы қаңтарды нағыз еңбек айы деп есептейді. «Ал, қазақстандықтар көбінесе қаңтар айында демалады. Керісінше, көбірек жұмыс істеп, жаңа жоспар құрып, кәсіп ашса, адамдар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын реттеп алар еді. Келер жылы қаңтарда ауа райы өте суық болады. Сондай-ақ, осы кезде тыныс алу жолдарымен байланысты созылмалы аурулар өршуі мүмкін» дейді ол.

– 2019 жылы қазақстандықтардың баспанаға қатысты қиындықтары біршама шешіледі. Шағын бизнес ашып, белгілі бір кәсіпті қолға алғандардың тасы өрге домалайды. Ең бастысы, еліміз отандық дизайнерлердің бірегей әрі әдемі киім үлгілерінің арқасында шетелге танылады, – дейді нумеролог. Оның айтуынша, жаңа жылда қазақстандықтарды қазба байлықтарына қатысты қуанышты жаңалықтар күтіп тұрған көрінеді.

Психологтардың айтуынша, қаңтар айында туған адамдар шыдамды әрі жігерлі болып келеді. Тағдырдың қандай тәлкегі болса да жақындарына салмақ түсірмей, бәрін өз мойындарымен көтереді. Бұл айда дүниеге келген әйелдер бір қарағанда ұяң көрінеді. Бірақ, ол әшейін көз алдар ғана мінез, шындығында бұл айда туған қыздар ер мінезді болып келеді. Олар еркіндікті сүйеді. Қай салада болсын, биіктен көрінгенді қалайды. Мінездері отбасыларына кейде жайсыздық танытқанымен, өмірлік серігіне әрқашан, қандай жағдай болса да көмектесуге дайын. Қаңтарда туған ерлер әділ әрі жігерлі, сондықтан оларға қиын сәттерде иек арта аласыз. Олар тіпті тәуекелшіл, шешімді тез қабылдайды. Сонымен қатар, өте тәкаппар және ерік-жігері мықты, отбасына жайлы.

Тағы бір қызықты жайт, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дүние жүзі бойынша қаңтар айында некелесу сирейді екен. Мамандардың мәліметіне сүйеніп, алдағы айға аз-кем шолу жасадық. Қалай десек те, қаңтар тек жақсылығымен қуанта келгей!

Дайындаған Лаура ТАСТАНБЕК.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ