Тарихи даталар елеусiз қалмайды

Қаңтар 05 / 2019

 

Отырар шайқасына – 800, әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі».

Н.Ә.Назарбаев.

 

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын барша қазақстандықтар сияқты отырарлықтар да ерекше қуанышпен қабылдады. Мақалада атап өтілгендей, отаршылдық кезеңде біздің шынайы тарихымыз бүркемеленіп келді. Сонау Сақ, Ғұн дәуірінен бастап, Түрік қағанаты мен Алтын орда мемлекетінің тұсы, қала берді Қазақ хандығының тарихы бұрмаланып, тамырымыздан ажырап қалғандай күй кештік.

Тәуелсіздік жылдарында ұмыт болған тарихымыз жадымызда қайта жаңғырып, өшкеніміз жанып, өткенімізге үңіліп, еңсемізді тіктей бастадық. Қазақ ұлтының санасын оятып, өз тарихын мақтан тұтатындай іс-шаралардың бастауы Президентіміздің 2004 жылы қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасымен тығыз байланысты болса, Елбасымыздың осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелер санамызға сілкініс әкеліп, болашаққа соны серпін берді. Ал, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біз мекендеген ұлы дала, біздің ата-бабаларымыздың дүниежүзілік өркениеттің дамуына орасан зор үлес қосқанын, оның тарихта алатын орнының ерекше екенін жан-жақты дәлелдеп берді.

Елбасы айтулы мақаласында «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет» деп біздің өлкемізге арнайы тоқталды.

Отырар ауданының әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып Елбасы атап көрсеткен осы мәселелерді тез арада шешу бағытында іске кірісуге дайын. Ендігі мәселе республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне байланысты болып отыр.

Тарих қатпарларына үңілсек, ХІІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы кезінде өз заманының даңқты қаласы болған Отырар отқа оранып, қиратылған. 1219 жылы орын алған сол тарихи оқиғаға биыл 800 жыл толып отыр. Бүгінде ғылыми ортада «Отырарды шапқан кім?» немесе «Отырарды қорғаған кім?» деген мәселелер төңірегінде пікірталастың бары рас. Соған қарамастан ұлт тарихындағы осынау үлкен оқиға елеусіз қалмауы керек деген пікірдеміз. Себебі, қазақ халқы Қазақстан аумағының автохтонды, яғни байырғы халқы екені талас тудырмайды. Демек, қоршауда қалса да алапат күшке қарсы алты ай бойы табан тіреп қарсылық көрсеткен, дұшпанына тойтарыс берген өр рухты отырарлықтар – біздің бабаларымыз. Олай болса, бабалар ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Осы ерлікті жан-жақты насихаттау арқылы біз жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті, туған жерге деген шексіз махаббатты дарыта аламыз. Бұл шара да кезек күттірмейтін үлкен істің бірі деп білеміз. Отырарлық қаһармандардың ерлігін дәріптейтін «Көне құмыраның сыры» атты анимациялық фильмнің балаларға берер әсері мол. Алдағы уақытта басқа да жобаларды қолға алу жоспарымызда бар.

Жалпы, Ұлы даланың әлемдік өркениетке қосқан үлесі өте зор екені даусыз. Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғаған Ұлы Жібек жолы тек қана сауда-саттықты ғана өркендеткен жоқ. Осы жол арқылы мәдениеттер тоғысып, ол ғылым мен білімнің дамуына ықпал етті. Басқаны айтпағанда, бір ғана Отырар қаласында ортағасырлық шығыс моншасы, еңселі де зәулім мешіт-медреселер, әлемдегі екінші кітапхана, Теңге сарайы, тағы басқа әсем ғимараттар бой көтерген. Біз мектепте оқып жүрген кезде «Орта ғасыр тарихы» деген оқулық болғаны есімде. Сол оқулықта «Париж қаласы. І ғасыр» деген сурет болатын. Суретте француз әйелінің үйдің 2-қабаттағы терезесінен сыртқа қарай шайынды суды төгіп жатқаны бейнеленген-ді. Яғни сол кезде Парижде кәріз жүйесінің болмағаны ғой. Ал, Отырар қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесі болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр.

Ата-бабаларымыз ежелден қоршаған ортаны қорғау, тазалық, экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырған. Мәселен, Отырар қаласы әкімшілік, сауда-саттық, мәдениет пен білім ордасы болса, оның айналасындағы Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан секілді қалалардың бәрінің атқаратын өз міндеттері болған. Алтынтөбеде мыс пен мырыш, қола, алтын, күміс өңделіп, теңге соғылған. Бұл теңгелер орта ғасырда Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың өркендеуіне қызмет еткен. Сондай-ақ, зергерлер алтын мен күмістен соққан сақина, білезік, алқа, шолпы секілді әшекей бұйымдар талай жатжерліктерді таң қалдырған. Бұл бұйымдарды Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінен тамашалауға болады.

Пышақшытөбенің даңқы сапалы қару-жарақ жасауымен шартарапқа жайылған. Демек, металл өңдеудің шыңына жетіп, әлемге әйгілі қарулармен қоса жер өңдеу ісіне пайдаланылған әртүрлі соқа, орақ, кетпен секілді құралдар да ерекше әдіспен жасалған. Осындай құрал-саймандардың арқасында Отырар өлкесі оазиске айналған. Отырар қаласы Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құйылатын сағасында орналасқандықтан, біздің дәуірдің І ғасырының өзінде мұнда сол кездегі теңдесі жоқ суландыру жүйесі жұмыс істеп, жүздеген гектар жүзімдіктер, алуан түрлі жеміс ағаштары, жайқалған бидайы мен тарысы, тіл үйірер қауыны мен қарбызы Отырардың даңқын онан әрі асқақтата түскен. Бүгінгі күнге дейін арық-атыздардың ізі сақталып, ирригациялық жүйелер арада сан ғасырлар өтсе де сол күйі жатыр. Демек, бұл «қазақтар тек қана көшпелі өмір салтын ұстанған, Ұлы далада тек көшпенділер өмір сүрді» деген ұстанымды теріске шығарады.

Құйрықтөбе және Жамантөбелер де өз миссияларын мінсіз атқарып, отырарлықтарды ет, сүт, тері, жүнмен қамтамасыз еткен. Мұнда мал бордақыланып, сүттен көптеген өнімдер өндіріліп, теріден, жүннен киімдер дайындалған.

Бүгінде әрбір тасы мен топырағын түртіп қалсаң көне ғасырлардан сыр шерте жөнелетін Отырар өлкесінде ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін көптеген игі шаралар атқарылып жатыр. Бүкіл мұсылман қауымы тәу етіп, қастер тұтатын Арыстан баб кесенесінің маңайын абаттандыру, ғасырлар сырын қойнына жасырған Отырартөбе қала жұртына алыс-жақын елдерден келетін туристерге жағдай жасау үшін инфрақұрылым жұмыстары қызу жүргізілуде. Мұнан бөлек ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірге Арыстан баб пен Отырартөбе қала жұрты арасындағы ауқымды жерге «Сапар орталығын» салу қолға алынды. Аталған үш нысан да тиісті қаржы уақтылы бөлініп тұрса, 2019 жылдың тамыз айында толық аяқталып, туристерге қызмет көрсете бастайды.

«Сапар орталығын» салудағы мақсат – Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерге насихаттау. Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау да жоспарда бар.

«Отырар қала жұртының «Сапар орталығы» – бұл мәдени туризм орталығына айналуы тиіс бірегей нысан. «Отырар» қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау көзделуде. Қорық-музейдің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау жоспарланып отыр.

Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы ету жөніндегі Жарлығын ірі тарихи шешім деп қабылдаймыз. Түркі әлемінің мәдени астанасына айналған қалаға келуші туристердің саны жылдан-жылға көбейе түсуде. Бұл жағдайдың Отырарға да оң ықпалы бар. Себебі, Түркістанға келген туристер Отырарға соқпай кетпейді.

Ұлт көшбасшысының айтулы мақаласында «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді ...орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан» деп атап өтілген.

Елбасымыздың тарихымызды түгендеп, ұлыларымызды ұлықтауға бағытталған ойларын жүзеге асыру үшін Отырар ауданында орналасқан әлемнің екінші ұстазы атанған, энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Оқсыз қала жұртының маңайын абаттандыруға, туристерге қолайлы жағдай жасау үшін республикадан қаржы бөлінсе құба-құп болар еді.

 Сонымен қатар, 2020 жылы Ұлы ұстаздың туғанына 1150 жыл толғалы отыр. Бұл айтулы даталарды жоғары деңгейде атап өту үшін дайындық жұмыстарын бүгіннен бастау қажет деп ойлаймын. Әлемдегі фарабитанушы ғалымдардың басын Отырарда қосып, халықаралық конференция ұйымдастырылып, Әбу Нәсір әл-Фарабидің араб тіліндегі өлеңдері қазақ тіліне аударылып, Ұлы дала еліне кеңінен танылуы керек.

Сонымен бірге Әбу Нәсір бабамыздан бөлек отырарлық отыздан аса Фарабилер барын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл бабаларымыздың ғылымның әр саласында жеткен жетістіктерін санап шығу мүмкін емес. Болашақта осы бабаларымыздың еңбектерін толықтай зерттеп, ғылыми айналымға қосу міндеті тұр.

Терең тарихымызды түгендеп, келешектегі ел игілігіне айналатын осынау бағыт-бағдары айқын мақаладағы мәселелердің жүзеге асуы жолында бар күш-жігерімізді жұмсап, аянбай еңбек етуіміз керек.

Ерлан АЙТАХАНОВ, Отырар ауданының әкімі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ