Экономика 0 пікір 2826 лайк

Малды шөп емес, жем семiртедi

Қаңтар 05 / 2019

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Өткен жылдың көктемі шаруаға қолайсыз болды. Жауын-шашын аз түсіп, мал баққан, егін салған ағайын біраз қиындықты бастан кешірді. Бірақ, қашан да алдағы күннен үміт күткен шаруа салы суға кетпей, қам-қарекеттерін жасай берді. Бір жағынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да тиісті жәрдемдерін беріп, қиындықты бірге жеңуге көмектесті.

 

Міне, қылышын сүйретіп қаңтар да келді. Бұл төрт түліктің қолға қарайтын шағы. Күн жылы кезде шаруалар қыстық жемшөп қорын қалай дайындап үлгерді деген сауалға жауап алу мақсатымен Отырар ауданын бетке алғанбыз.

Көкмардан ауылындағы «Ұлан-Отырар» ЖШС директоры Бақытбай Ерден егін және мал шаруашылықтарымен қатар айналысады. Осы серіктестікті 2003 жылы құрған екен. Меншігінде жайылымдық, суармалы жері бар. Қазіргі таңда серіктестік мүшелері бұқа мен жылқы бордақылап жатыр. Ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті. Қыстық мал азығына сүрлемдік жүгері әзірлеп қойған. Қоңыр күзде төрт түлікті жайылымға айдап жіберген. Канал бойында қара от көп. Қыс бойы далада жайылып, көктемге дейін дилы боп шығады. Өзінің айтуынша, малдың қоңдылығы қазір де жаман емес.

Ілгеріде адамдар табиғат құбылыстарына қарап, алдағы күннің, аптаның, айдың, жылдың ауа райын болжай алатын. Мұндай қасиет ауылдағы мал ұстаған ағайынның бірлі-жарымында әлі де бар. Бақытбай Ерден бұрынғы көнекөздердің жорамалдарын үнемі есінде сақтап, сол бойынша алдағы уақыттың күн райын болжап отырады екен.

– Жазды күнгі шілдеде күн күркіреп жаңбыр жауды. Бұл «қыс іш тастады» деген сөз. Демек, келесі көктемде де құрғақшылық болуы мүмкін. Болжамға сай қаңтардың аяғына дейін қыс жайма-шуақ өтеді. Ал, ақпанда жауатын жауынның қуаңшылықтың бетін қайтаруға қайраты жете қоймайды. Сондықтан шаруалар келесі жылға мықтап дайындалу керек. Мен де жүгері алқабын көбейтпекпін. Жемді де, шөпті де үнемдеп жаратып, қор сақтауымыз қажет. Аудандық су шаруашылығы мекемесінің жұмысты үйлестіре білуінің арқасында су тапшылығы айтарлықтай сезілмеді. Былтыр өз қалтамнан қаржы жұмсап, канал қаздырдым. Ісіме қолдау көрсетіп, қол ұшын берген ауыл азаматтары да болды. Болжам бойынша қыс қатты болмайды, алайда, үш жыл қатарынан елді қуаңшылық жайлауы ықтимал, —дейді кейіпкеріміз.

Шаруаның пікірінше, осынау қиын кезеңдерден аман-есен өту үшін бақша дақылдарын егуді азайта тұрған абзал. Жыл сайын 150-200 гектар жерге қауын өсіретін кәсіпкер енді бақшаны қойып, мал азығы дақылдарын көптеп егуге бел байлап отыр. Себебі, оның негізгі күнкөрісін төрт түлік құрайды. Оның үстіне жылда берілетін мемлекеттік субсидияны да ақтау керек. Қуаңшылыққа ұшырадық, малға беретін түк қалмады екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мемлекет шаруаларға үлкен сенім артуда. Демек, сол сенімнен шыға білу қажет.

Фермердің айтуынша, төрт түлікті семірту үшін шөпті көп берудің қажеті жоқ екен. Құрама жеммен-ақ малды бордақылауға болатын көрінеді. Мәселен, 50 жылқыға бір күнге 8 пресс шөп жетеді. «Қазекем малдың жемін беріп болған соң алдына шөпті үйіп салып қояды. Ол дұрыс емес. Мұнымен мал 3-4 айда әрең семіреді. Ал, біз үш айда төрт түлікті екі реттен бордақылаймыз. Алдымен бір ай бойы бидай мен жүгері дәндерін тартып, кейін екеуін қосып қайнатып, арасына тұз қосып, быламық қылып жылы күйінде беру керек. Содан жиырма күндей күнжара мен ұнды араластырып, оны да быламық етіп береді. Осы бір жарым айдың ішінде мал кәдімгідей домаланып шыға келеді» дейді ол. Иә, былтырғы қуаңшылықтан қыстық шөбін молынан жинап ала алмаған шаруаларға бұл өте пайдалы кеңес екен.

Бақытбай Дүйсенбіұлы Отырар ауданында қауын-қарбызды жаппай егу үрдісі соңғы 3-4 жылдың көлемінде етек алғанын айтады. Оның ойынша, бақша дақылдарын егуді Жетісай мен Мақтаарал аудандарына қалдыру керек те, Шардара, Арыс, Түркістан аймақтарында мал азығы дақылдарының егісін ұлғайту қажет. Облыстың күнгейінде орналасқан бұл аудандарда басқаларға қарағанда қауын-қарбыз бір ай ерте піседі.

Содан соң Отырар аймағы табиғатының бір ерекшелігі, мұнда төрт түлік қысы-жазы далада жайылып жүре береді. Айнала атырапта жусан, жантақ, алабұта, қарасора, үпілекбас секілді өсімдіктер көп өседі. Сырттағы мал осылардың жапырағын, сабағын жұлып жейді. Мәселен, желтоқсанда даладағы мал көбінесе қарасораға жайылады. Сарыағаш аймағында көктемнің соңғы күндерінде қыр-сайдағы көк өскін қурай бастаса, Отырарда керісінше, шөптің басы қылтиып енді шығып келе жатады. Бір қарағанға Отырардың жазық даласы тап-тақыр қу медиен болып көрінуі мүмкін. Бірақ, зер сала қарайтын болсақ, мұнда да өсімдік атаулының алуан түрі өсетінін байқайсыз. Бұл өсімдіктер сортаң жерде өскендіктен шөбі де тұзды болады. Сондықтан да өзге аймақтардағы секілді отырарлық шаруалар малға бөлек тұз бермейді. Ал, Сырдария мен Арыс өзендерінің бойы нағыз көк майсалы, шөбі шүйгін жер. Өзен жағасында жайылған мал көкке бейпіл тояды.

Мұны айтқандағы мақсатымыз, табиғаттың тосын мінезі бұл аймақтың мал шаруашылығына пәлендей бір ауыртпашылықтар әкеле қоймапты. Ең бастысы, өзен-көлдер, тоғандарда су жеткілікті болса болғаны. Онсыз да табиғаты қаталдау аймақта тұратын шаруалардың әр кезде бір қайталанып отыратын қуаңшылықтарға төтеп беруге шамалары келетініне толық көзіміз жетті. Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2018-2019 жылдарға аймақта 228 мың тонна мал азығын дайындау қажет болса, бұл жоспар артығымен орындалған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ