Экономика 0 пікір 2825 лайк

Сөздiң емес, iстiң адамы

Қаңтар 05 / 2019

 

Еңбексүйгіш, істің көзін таба білетіндердің жағдайлары жаман болмайтынын күнделікті көріп жүрміз. Несібесін бейнетімен тауып, Жаратқанның жарылқауына ие болып жүрген жандардың бірі – Шарафкент ауылының тұрғыны Қайсар Әуелбеков. Ауылда жұмыс жоқ дегендерге осы азаматтың тірлігін үлгі етуге болады. Қайсар бала күнінен-ақ шаруаға жақын болды. Әкесінің жанында жүріп, мал жайғайтын, бау-бақша егіп, оның өнімінен пайда көргеннен жаны ерекше рахат табатын. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Әбдіғаппар ата осы Қайсарының келешегінен үлкен үміт күтетінін айтып отырады екен. Иә, әке сенімі алдамады.

 

Алғашында 10 гектар жер алып, баптай бастады. Қиыншылықтан қашпады, кемшіліктен сабақ алды, тәжірибе жинады. Еккенін базарға шығарды. «Әке көрген оқ жонар» деген мақал осы Қайсарға арналып айтылғандай еді. Әкесіне ұқсап уәдесіне берік, көпшіл, шаруаға жайлы болды. Әкесі Әбдіғаппар ата ауыл-аймаққа белгілі омарташы еді.

Егемендік алған алғашқы жылдары Қайсар Әуелбеков «Сансызбай» шаруа қожалығын ашып, тұрғындарды бақша өнімдерімен қамтамасыз етті. Бір істің соңында тапжылмай отырып қалу кейіпкеріміздің болмысына жат. Кәсібін кеңейтуді ойластырып, жаңа мүмкіндіктердің көзін тауып, көп ұзамай іске жең түре кірісіп кетті. Яғни тағы да 7 гектар жер алып, алма бауын өсірді. Төккен тер зая кетпеді, алма бауынан мол өнім алды. Шаруашылығы кеңейе келе жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарта бастады.

Қайсар бүгінде бау шаруашылығымен қоса мал шаруашылығын дамытуды да қолға алған. Жеңілдетілген несие алып, қора салды, жылқы бақты. Бүгінде 60 жылқысы бар. Биелерін бөлек бағып, қымыз баптауда. Ерлі-зайыптылар Балықты өзенінің бойынан «Алтыбақан» атты демалыс орнын ашты. Мұнда демалушыларға таза ауада ұлттық тағамдар ұсынылады.

Қайсар енді балық шаруашылығымен айналысуды көздеп отыр! Бүгінде құжаттарын ресімдеуге кірісіп те кетті. Тағы бір айта кететініміз, біздің еңбексүйгіш кейіпкеріміз жетім-жесір, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жасап, алғысқа бөленіп жүреді. Ол ұл-қызына ақылын айтып, адалдыққа тәрбиелеумен қатар, осындай ерен істерімен де жан-жағындағыларға үлгі боп жүрген өнегелі жан.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ